Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би

21.04.2026, 22:10 42

Қазақ халқының тарихи жадынасы мен рухани мұрасы өзіндік бітімі бар, заман озса да өшпейтін тұлғалармен өрілген. Ел тарихынан орын алған ұлы бабалардың есімдері халық аузында ғасырлар бойы жасай беретін мақал-мәтел, шешендік сөз, аңыз арқылы ұрпаққа жетіп отырады. Солардың ішіндегі ерекше тұлға Майқы би Төбейұлы. Оның есімі «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы  Майқы би» деген ғасырлар асқан нақылмен мәңгіге байланысып қалған.

Майқы би  тек тарихи деректерде ғана емес, халық санасында, аңыздық желіде де терең із қалдырған тұлға. Оның жасаған ісі мен айтқан сөзі, қалдырған мұрасы бүгінде де маңызын жоймай, зерттеушілер мен оқырмандарды баурап келеді. Бұл мақалада Майқы бидің тарихи өмірі, мемлекеттік қызметі, халықтың рухани өміріне тигізген ықпалы, сонымен бірге оны қоршаған аңыздық кеңістік жан-жақты зерделенеді.

Зерттеудің өзектілігі мынада: Майқы би туралы мәліметтер тарих, этнография, фольклористика аясында шашыраңқы күйде келетін. Оларды бір арнаға жинақтап, ғылыми талдау жасаудың мәні зор. Атап айтқанда, оның үш жүзді қалыптастырудағы рөлі, таңба беру дәстүрі, сот-билік мәдениетіне қосқан үлесі  бүгінгі мемлекеттік идеологияның тарихи тамырларын іздеу тұрғысынан аса маңызды.

Мақаланың мақсаты  Майқы бидің тарихи тұлғасын, оны айналған аңыздардың мазмұнын жүйелеп талдау, халық жадындағы орнын айқындау. Зерттеуде тарихи дерекнамалар, этнографиялық материалдар, ауыз әдебиеті үлгілері кешенді түрде қолданылды.

Майқы би туралы тарихи деректер

Майқы би Төбейұлы XII-XIII ғасырлардың тоғысында, шамамен 1105-1225 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Дәл осы кезең  Еуразия даласында аса маңызды тарихи өзгерістердің болған уақыты: Шыңғыс ханның жорықтары, Моңғол империясының қалыптасуы, дала халықтарының жаңаша саяси жүйеге енуі. Майқы би осы процестерге тікелей қатысқан, тарихтың бетін өзгертуге ат салысқан тұлға ретінде есте қалған.

Тарихи дерекнамалардың ішінде ең маңыздысы  ортағасырлық парсы тарихшысы Рашид-ад-диннің «Жамих-ат тауарих» («Тарихтар жиынтығы») атты еңбегі. Онда Майқы бидің Шыңғыс ханның сенімді адамы ретінде суреттелетіні, хан жорыққа аттанғанда ел ішіндегі бейбітшілікті, тәртіп пен заңдылықты қорғауды оның мойнына жүктейтіні жазылады. Майқы биді тек хан маңындағы дала бюрократиясының бір өкілі ретінде емес, ел сотының жоғары инстанциясы ретінде бейнелейтін бұл дерек оның ерекше мәртебесін дәлелдейді.

Моңғол жылнамасы «Алтын топшыда» Жошы ханның батысқа жасаған жорығы кезінде Майқы биге Моңғол әскерінің оң қанатын сеніп тапсырғаны жайлы айтылады. Оң қанаттың Дешті Қыпшақ аймағын басқарғаны белгілі. Бұл мәлімет Майқы бидің тек рухани тұлға ғана емес, қолбасы ретінде де биік орынды иеленгенін аңғартады. Жошы ханның осындай жауапты міндетті Майқы биге сеніп тапсыруы оның сол дәуірдегі беделін айқын көрсетеді.

Атақты ойшыл Абайдың жазбаларында да Майқы биге қатысты деректер кездеседі. Абай: «Монғолдан Шыңғыс хан шыққанда қазақтар құтты болсынға барыпты… сол 12 кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісі екен» деп жазады. Бұл мәлімет Майқы бидің Шыңғысты 1206 жылы ұлы хан деп жариялаған он екі өкілдің қатарында болғанын тарихи тұрғыдан растайды. Осылайша, Майқы би дала саясатының ең жоғарғы деңгейінде жұмыс істеген тұлға ретінде тарихта орнығады.

Ел аузындағы деректерде Майқы биді 120 жасқа дейін өмір сүрген дейді. Бұл сан аңыздық та болуы мүмкін, алайда ол ұзақ ғұмыр кешіп, бірнеше буынның өкілі болғанын, ел тарихының маңызды кезеңдерінде белсенді рөл атқарғанын білдіреді. Оның ұзақ өмірі аңыздық жады үшін де сюжеттік байлықтың қайнарына айналды.

Тарихтағы екі Майқы би: шежіре деректері

Белгілі жазушы және зерттеуші Балғабек Қыдырбекұлының пікірінше, тарихта екі Майқы болған. Бірінші Майқы  XII ғасырда өмір сүрген тұлға. Ол Ұлы жүздің үйсін тайпасымен, Жалманбет ақ үйсін, жарықшақ қара үйсін, түркеш сары үйсіннің атасы Бәйдібектің ата-тегімен байланыстырылады. Бұл Майқы ел ішінде мансапты лауазым иесі болмаса да, ел аузында сөз қалдырған даналықтың иесі ретінде таниды.

Екінші Майқы  Шыңғыс ханның заманындағы мемлекет қайраткері. Ол туа бір аяғы кем болғандықтан «майып» аталған, бірақ ақылы мен батылдығымен замандастарынан биік тұрған. Осы Майыптың он сегізінші бабасы  бірінші Майқы. Демек, екі тұлғаны шатастырмау маңызды: бірі рухани даналықтың иесі болса, екіншісі  мемлекеттік биліктің жүргізушісі.

Жамбыл жырларында «Арғы атам Абыл, Қайыр, Бақ, Таң, Пәр, Мән» деп аталатын баба тізбегі осы Майқы бидің ата-тегімен жалғасады деп болжалды. Шежіредегі бұл ата-баба байланысы Майқы бидің ел тарихындағы орнын бірнеше буын ұзақтығымен өлшеп, оның тегінің тереңдігін аңғартады. Бүгінгі ұрпақтар арасында Майқыдан 58-60 атадан тұратындары бар деп шежіреде жазылған.

Шежіре деректерінде Майқы бидің ел бірлігін сақтаудағы рөлі айрықша атап өтіледі. Орманбет би өліп, ноғайлы ел бүлінгенде «Майқы тоғыз ханды қолынан отырғызған бас би болған» делінеді. Бұл оның тек даналығымен ғана емес, нақты саяси ықпалымен де тарихта із қалдырғанын дәлелдейді.

Мемлекет басқарудағы рөлі: Үш жүзді қалыптастыру

Майқы бидің ең ірі тарихи еңбегі  қазақ руларын үш жүзге бөліп ұйымдастыру болып саналады. Қазақ энциклопедиясының деректеріне сәйкес, ол ноғайлы ел бүлінгеннен кейін, рулардың бір-бірімен ынтымақты болуы үшін оларды жүйелі топтарға бөлді. Үйсінді бастаған руларды Ұлы жүз, Қабан ұлы Болатқожаны бастаған руларды Орта жүз, Қоғам ұлы Алшынды бастаған руларды Кіші жүз деп атады.

Майқы би Алаша ханды  нақтырақ айтқанда, Қызыл Арыстан деген ханның ұлы Ахметті  Ұлытауда үш жүздің ханы етіп тағайындады. Бұл шешімнің өзі Майқы бидің кең ауқымды саяси пайымы мен беделінің айқын белгісі. Жаңа ханды заңды түрде таныту, оның айналасына рулардың топтасуын ұйымдастыру  бұл тек дала ақсақалының ғана жасай алатын іс емес, нағыз мемлекет қайраткерінің ісі.

Сонымен бірге Майқы би қырық рудың таңбасын белгілеп, оларды тасқа қашатты. Таңба  руды жеке дара тануға мүмкіндік беретін, мал таңбалауда, шекараны белгілеуде, тіпті сот ісінде де пайдаланылатын таңбалық жүйе. Майқы биде бұл жүйені бүкіл ел ауқымында бекітіп, таңбаларды руларының ерекшелігіне қарай бөлді: ұлыс жалауын ұстаған Үйсінге  «Жалау», ортада жүретін Арғынға  «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға  «Найза». Бұл «Таңбалы тас» кейіннен «Нұра таңбасы» деп аталды.

Осы шаралардың бәрі бүгінгі тіл бойынша айтсақ  тарихи-саяси реформа. Майқы би руларды хаостан тәртіпке, бытыраңқылықтан бірлікке алып келді. Одан қалған мемлекеттік жүйе кейінгі ұрпақтарға мирас болып, Қазақ хандығының нығаюына іргелі негіз қалады.

Майқы би туралы аңыздар мен ауыз әдебиеті

Майқы би туралы аңыздар бірнеше желіден тұрады. Олардың бірі оның кемеңгерлігін, сөз тапқырлығын сипаттаса, екіншісі  аяушылық пен кішіпейілдігін, үшіншісі  болашақты болжау қасиетін суреттейді. Бұл аңыздар тек халықтық қиял жемісі емес, тарихи шындықтың поэтикалық тілге аударылған бейнесі.

Аңыздардың бірінде Майқы бидің Алаша ханды  болашақ ханды  жас кезінде тапқаны баяндалады. Аңыз желісіне сүйенсек, Қызыл Арыстан ханнан тұтқын күң ұл туады, бала тұла бойы алапеске шалдыққан. Ханның бәйбішесі «оның көзін құрт» деп үгіттейді. Нәтижесінде баланы шешесімен бірге Сырдариядан өткізіп жіберіп, Қаратауда тастайды. Майқы бидің баласы Үйсін аң аулап жүріп, ағаш түбінде жалғыз отырған сол баланы кездестіреді.

Майқы би өзі барып баламен сөйлеседі. Бала: «Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы!»  деп сәлем береді. Бұл сәлемнің өзі-ақ баланың кәдімгі бала емес, хандыққа лайық тұлға екенін аңдатады. Майқы би оны аулына ертіп барып, өкіл бала етіп алады, той жасайды. Бала өскен соң оны Ұлытауға жіберіп, ел ханы болуына батасын береді. Осылайша, Алаша хан деп аталған тұлғаның тағдыры Майқы бидің болашақты болжау қасиетінен бастау алады.

Екінші бір аңызда Шыңғыс пен Майқы бидің жастық шағы суреттеледі. Жас Шыңғыс аң аулап жүріп, таудан аяғы мертігеді. Оны іздеп жүрген жігіттер тауып, арбаға мінгізеді. Майқы де «Екі ақсақ бірге отырайық» деп арбаға мінеді. Шыңғыстың үйіне жеткенде билер «Кім бірінші кіреді?» деп таласа кетеді. Сол сәтте Майқы: «Арбаға жегілген өгіз есік алдында қалып, оны айдаған адам үйге кірмеуші ме еді?»  дейді. Бұл тапқырлыққа Шыңғыс риза болып, Майқыны жас болса да бас би деп таниды.

Белгілі зерттеуші Г.Н. Потанин «Қазақ-қырғыз және алтай ертегілері мен аңыз әңімелері» еңбегінде осыған ұқсас аңызды зерттеп жазды. Бұл аңыздың тек қазақ ортасында ғана емес, кеңірек аймақта да тараған болуы оның тарихи негізі барлығын аңғартады. Аңыздың геогрфиялық кеңістігі  оның мазмұнындағы тарихи шынайылықтың айнасы.

Тағы бір аңыз желісінде Майқы биді өлімінен кейін де ел ескергені суреттеледі. Бір жолы дауды шешуге жиналған билер ұзақ таласып, ешқайсысы бірінің сөзін алмайды. Отырған ақсақал орнынан тұрып: «Сендер несіне таусыласыңдар? Бұл кешегі Майқы би жарықтық айтып кеткен жарғы сөздері ғой»  дейді. Осы бір тарихи сәт «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы  Майқы би» деген мақалдың тарихи шынайылықта тамыр алғанын дәлелдейді.

Майқы би және қазақ билік дәстүрі

Майқы би  қазақ билік дәстүрінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі. Оның аузынан шыққан нақыл сөздер кейіннен рулық дауларды шешуде, хан жарлықтарын негіздеуде, халықтық заңгерлік ойдың бастауы ретінде қолданылып келді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөзі  бүгінгі ұжымдық шешімдер мен демократиялық мәдениеттің ең алғашқы тамырларының бірі.

Майқы бидің билік философиясы халықтық мемлекеттілік ұғымының негізіне ену сипатына ие. «Ханның биі ақылды болса, қара жерден кеме жүргізеді»  бұл нақыл билік пен ақыл-парасаттың ажырамас байланысын, заңды биліктің халық мүддесіне сай болуы керектігін айқын жеткізеді. «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген нақылы болса  саяси бытыраңқылыққа қарсы тұрған, бірлікті жоғары бағалаған дала философиясының айнасы.

Ел тарихында Майқы биден бастаған шешендік, билік дәстүрі кейінгі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ұлы билердің мектебіне ұласты. Олар да дала заңын, халықтық әдет-ғұрып нормаларын  «Жеті жарғыны»  жинақтап, ел ішіндегі тәртіпті сақтаудың беделді тетігіне айналды. Осы дәстүрлі сабақтастықта Майқы би  «бастау» немесе шежіре тілімен айтқанда «түп атасы».

Майқы бидің даналық сөздерінің маңыздылығы тек ескі заман үшін ғана емес. Бүгінгі құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, тәуелсіз сот жүйесі туралы айтылған идеяларда осы дала даналарының нақылдарының ізі бар. Демократиялық институттардың тамырын ізделгенде қазақ халқының тарихи тәжірибесіне, Майқы биден жеткен дана сөздерге жүгіну  заңды ғылыми тәсіл.

Майқы би мұрасының мәдени маңызы

Майқы би мұрасы бірнеше деңгейде бағаланады. Бірінші деңгей  тарихи: оның мемлекет қалыптастырудағы, үш жүзді бекітудегі, таңба беру дәстүрін жүйелеудегі нақты тарихи рөлі. Бұл деңгейде Майқы би  дала мемлекеттілігінің іргесін қалаған саяси реформатор.

Екінші деңгей  рухани-мәдени: оның айтқан нақыл сөздері, билік туралы ой-пікірлері кейінгі ұрпақтың санасын қалыптастырды. Шешендік өнердің, дала заңының, ауызша тарихтың (шежіренің) табиғи бөлігіне айналды. Бұл деңгейде Майқы би  рухани тәрбиенің қайнар көзі.

Үшінші деңгей  аңыздық-поэтикалық: Майқы туралы аңыздардың өзі халықтың ұжымдық шығармашылығының ерекше үлгісі. Оны зерттеу халықтың тарихи санасын, мифологиялық ойлауын, батыр мен дана бейнесіне деген көзқарасын ашып береді. Бұл деңгейде Майқы би  халықтық эпостың жасалуына негіз болған тарихи тұлға.

Татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтарының да Майқы биді «бас биіміз» деп санауы оның мәдени ықпалының қазақ ортасынан шығып кеткенін дәлелдейді. Бұл мән-жай Майқы бидің тек бір ұлттың ғана емес, кеңірек жетісу мен дешті даласы халықтарының ортақ рухани кеңістігінің бейнесі екенін аңғартады.

ТҮЙІН. Майқы би Төбейұлы  XII–XIII ғасырлардың тоғысында өмір сүрген, тарихи да, аңыздық та тұрғыдан аса маңызды тұлға. Ол Шыңғыс ханның ел ішіндегі сенімді биі болып, ел тәртібін сақтаған; оң қанатты бастаған жауынгер болған; рулардың бас биі ретінде үш жүздің негізін қалаған; қырық рудың таңбасын тасқа қашатып, ел жадына «Таңбалы тасты» мирас еткен тұлға.

Тарихи дерекнамалар мен ауыз әдебиеті материалдарының бірлігі Майқы бидің кемеңгерлігі мен батылдығын, болашақты болжау қасиетін, сөз тапқырлығын нанымды суреттейді. Оның даналық сөздері  «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Ханның биі ақылды болса, қара жерден кеме жүргізеді»  бүгінге дейін өзектілігін жоймаған, ұлттық қазынаның асыл меруерттері.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы  Майқы би» деген мақал бекер туған жоқ. Ол ел санасында Майқы бидің ерекше орнын бекіткен, сол орынды ғасырлар бойы сақтап келген ұжымдық жадының куәлігі. Майқы би халыққа тек тарихи тұлға ретінде ғана емес, адалдықтың, білімнің, әділеттің символы ретінде де мирасқа қалды.

Болашақ зерттеулер Майқы би туралы деректерді тереңірек жинастырып, оны кешенді монографиялық зерттеуде жан-жақты ашуды міндетке алса, бұл ұлттық тарихнаманың айтарлықтай олқылығын толтырар еді. Осы мақала сол мақсатқа қарай жасалған бір қадам ретінде бағаланса, мақсатымызға жеткен болар едік.

Шалқар НҰРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: