Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ: ТӘРТІП, ТӘРБИЕ, ЖАУАПКЕРШІЛІК» атты кеңейтілген мәжіліс өтті

20.05.2026, 21:17 41

Бүгін Қазалы ауданында оқу жылының аяқталуы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті.

Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері қатысты.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Қауіпсіз қоғам: тәртіп, тәрбие, жауапкершілік» атты тақырыппен өткен жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов төрағалық етіп, жалпы аудандағы білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев — «Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» — деп атап өткен болатын. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қалайтыны анық. Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Біз соңғы уақытта бала тәрбиесіне негізгі жауапты – ата-ана екенін ұмытып кеттік. Дегенмен, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Мектеп-бала-ата-ана үштігі үйлесімді жұмыс жасауы керек. Отбасы – ұлттың ұясы. Ұя шайқалса, ұлт әлсірейді. Сондықтан, біз әрбір отбасында өзара құрмет пен сенім орнатуға, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне тосқауыл қоюға міндеттіміз. Бұл бағытта барлығымыз бірігіп, жүйелі, нақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Себебі бұл тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың борышы. Осы орайда барлық мүдделі тараптардың бірлескен, үйлесімді жұмыс жасауға шақырамын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов аудандағы түрлі қылмыс пен құқықбұзушылықтардың, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау деректерін төмендету бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды. Сондай-ақ жасөспрімдер қауіпсіздігіне бағытталған түнгі рейд сынды іс-шараларды аудан орталығымен қатар ауылдық округтерде де жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс барысында №170 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Жеңісбек Аралбаев отбасы құндылықтары, отбасындағы балаға тәрбие берудегі ата-ананың рөлі жайында сөз қозғап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәжілісте оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау, аттестат тапсыру іс-шараларын талапқа сай өткізу, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, әлімжеттік пен интернетке тәуелділіктің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарындағы қауіпсіздік, жол қозғалысы ережелерін сақтау, түнгі рейд жұмыстарын күшейту, жазғы тынығу лагерьлердің дайындығы мен санитарлық талаптардың орындалуы бойынша жауапты сала басшыларының хабарламалары тыңдалды.

Жиын соңында аудан басшысы мәжілісте талқыланған өзекті мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, берілген тапсырмалардың орындалуын салаға жауапты орынбасарына жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: