Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2027 жылдан бастап несие алу қиындауы мүмкін

20.05.2026, 17:10 65

Әзірге несие түрлеріне жеке-жеке шектеу енгізу жоспарда жоқ.

Ұлттық банк 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының табысы мен берешегі арасындағы шекті коэффициентті енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл көрсеткіш азаматтың барлық өтелмеген несиелері мен микрокредиттерінің, соның ішінде жаңадан алатын қарызының жалпы көлемін оның бір жылдық табысымен салыстыру арқылы есептеледі. Яғни, адамның қарыз жүктемесін және несиені уақытында қайтара алу мүмкіндігін анықтауға көмектеседі.

Қарапайым тілмен айтқанда, коэффициент қарыз көлемінің қарыз алушының жылдық табысынан қанша есе көп екенін көрсетеді. Көрсеткіш жоғарылаған сайын адамның қаржылық жүктемесі артып, төлем қабілетін жоғалту қаупі де күшейеді. Қазіргі қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициенті секілді, бұл көрсеткіш те несие беру туралы шешім қабылданар алдында есептеледі.

Ұлттық банк 2027 жылдан бастап қарыз алушының жалпы берешегі оның сегіз жылдық табысынан аспауы тиіс деген шекті деңгейді енгізбек. Сонымен қатар реттеуші орган автонесие, ипотека және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша бұл көрсеткішті жеке бақылауда ұстай береді. Алайда әзірге әр несие түріне бөлек шектеу қою қарастырылмаған.

Егер бөлшек несиелеу нарығындағы тәуекелдер күшейсе, Ұлттық банк несие түрлеріне қарай әртүрлі шекті коэффициент енгізу немесе жалпы деңгейді өзгерту құқығын өзінде қалдырады.

Ал қазіргі қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициентінің есептеу тәртібі өзгермейді. 2025 жылдың қарашасында соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам кешіктірілген төлемі бар азаматтар үшін бұл көрсеткіш 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетілген еді.

Фото: Depositphotos.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: