Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атырау облысында педагогтер жасөспірімдермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгерді

20.05.2026, 16:05 85

Атырау облысы Жылыой ауданында жасөспірімдермен жұмыс істейтін педагогтер мен психологтарға арналған оқыту тренингі өтті. Құлсары қаласында ұйымдастырылған төрт күндік бағдарламаға аудан мектептері мен колледждерінен 28 маман қатысты.

Оқыту «Жауапты шешімдер мектебі» әлеуметтік жобасы аясында өткізілді. Тренингтің негізгі мақсаты – педагогтер мен психологтардың жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнату, олардың жас ерекшелігіне сай жұмыс жүргізу және өмірлік дағдыларын дамыту бағытындағы кәсіби құзыретін арттыру.

Төрт күн бойы қатысушылар «Өмірлік дағдыларға негізделген кешенді оқыту» бағдарламасы бойынша интерактивті форматта білім алды. Мамандар жасөспірімдердің мінез-құлқы, шешім қабылдау дағдысы, отбасылық тәрбие, репродуктивтік денсаулық, құқықтық сауат, зорлық-зомбылықтың алдын алу және ата-аналармен жұмыс жүргізу секілді тақырыптарды талқылады.

ҚМПА атқарушы директоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, PhD докторы, акушер-гинеколог Галина Гребенникованың айтуынша, тренингке қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, жасөспірімдермен ашық әрі сенімді диалог құруға қажет практикалық құралдарды да меңгерген.

Оның сөзінше, қазіргі жағдайда жастарға дұрыс ақпарат беру, оларды саналы әрі жауапты шешім қабылдауға үйрету – білім беру ұйымдары мен ата-аналар үшін ортақ міндет.

Оқыту барысында мамандар «тең – теңімен» қағидаты бойынша ата-аналармен жұмыс ұйымдастыру, жасөспірімдер жүктілігінің алдын алу, контрацепция, отбасын жоспарлау, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау сияқты күрделі әрі қоғам үшін өзекті мәселелерді кәсіби тұрғыда қарастырды.

Тренингті ҚМПА-ның білікті мамандары жүргізді. Олардың қатарында ҚМПА вице-президенті, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері, акушер-гинеколог М. Сауранбаева және әлеуметтік жұмыс магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері, педагог-психолог Н. Оспанбек бар.

Медициналық және педагогикалық тәсілдердің қатар қолданылуы қатысушыларға жасөспірімдердің денсаулығы, психологиялық жай-күйі және әлеуметтік ортасына кешенді көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

«Жауапты шешімдер мектебі» жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Жоба аясында Жылыой ауданындағы педагогтерге, ата-аналарға және жасөспірімдерге арналған тренингтер, кеңестер мен білім беру кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.

Басты нәтиже ретінде 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «Өмірлік дағдыларға негізделген оқыту» жергілікті білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізу көзделген. Бағдарлама жастардың ақпараттану деңгейін арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: