Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов риэлторлық қызметті реттейтін арнайы заң бабы әзірленіп жатқанын жазыпты.
Қазір, мысалы, пәтеріңді сатуға шығарасың. Саған ең бірінші хабарласатын клиент емес — риэлтор. Толассыз қоңыраулар мен SMS-шабуылдар басталады. Таныс жағдай ғой? Осындай делдалдардың «агрессив» тәсілдері көпшіліктің қытығына тиетіні рас.
Шарт тұзақ болмасын!
Мәжілісмен мысал еткен сарапшы Қанат Оспанов бұл жүйенің «құлдық» сипатын ащы да болса ашып айтқан. Оның пікірінше (негізінде солай ғой), риэлторлар көбіне «эксклюзив шарт» жасасуға дайын тұрады. Бірақ ол шарттың талаптары біржақты келеді.
Сондағы «тұзақ» мынау: Егер пәтерді өз бетіңізше өткізсеңіз немесе оны туысыңыз сатып алса да, сіз бәрібір делдалға комиссия төлеуге міндеттісіз.
Ал, егер риэлтор белгіленген мерзімде үйді сата алмаса, ол ешқандай шығын өтемейді. Шаруасы түгел адам боп қала береді. Есесіне, үй иесі уақыт пен ақшасын жоғалтады.
Әділдік қайда?
Сарапшының уәжі орынды-ақ. Иә, неге тек үй иесі ғана тәуекелге баруы керек? Неге барлық жауапкершілік қожайынға ғана жүктеледі? Екеуара келісімшарт жасалса, ол қос тарапқа да әділ болуға тиіс. Сата алмадың ба, клиенттің босқа кеткен уақыты мен шығынын өте! Әділ емес пе?
Заң не дейді?
Енді осы «бассыздыққа» заң деңгейінде тосқауыл қойылатын шығар. Мәжілісмен Мұрат Әбеновтің айтуынша, «Тұтынушының құқығын қорғау туралы» Заң аясында риэлторлық қызметті реттейтін жеке бап әзірленіп жатыр.
Ойын ережесі өзгергені дұрыс. Егер риэлтор жалдау мәселесін ойлап жүрсеңіз, міндетті түрде шартын сұраңыз. Оларда оның электрондық үлгісі болады. Міндетті түрде бір оқып шығыңыз. Шарттың (құқықтық) тілін түсінбесеңіз, ЖИ (АІ) қолданыңыз. «Шартты толық сканерлеп, клиентке қандай қауіп жолдары барын көрсет» деп промт (тапсырма) берсең, әлдеқайда жұмысты жеңілдетеді. Ең оңай жолы сол. Олар ұсынған шартта: «егер сатып алушы алғашқы жарнасын төлейтін болса, риэлторлық қызметке төленетін комиссияның 50 немесе одан да көп процентін төлеуге міндеттісің» деген жолдар кездеседі. Ол да қауіпті. Өйткені үй заң жүзінде толық сатылып болған жоқ. Неше түрлі жағдай болады. Күні ертең белгілі бір себептермен сатып алушы ойынан айнып қалуы мүмкін. Тіпті сіз де үйді сатпайтын болсаңыз, бәрібір риэлторға комиссияны толық төлейсіз. Осындай нюанстарды білу үшін риэлторлық агенттік ұсынған шартты міндетті түрде оқып шығыңыз.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»
Фото: bn.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!