Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейту қажет – Оңғарбаев

19.05.2026, 22:00 39

HALYQLINE.KZ

Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті, деп жазады баспасөз қызметі.

Жиында жаз мезгілінің басталуына байланысты азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кеңінен қаралды. Жаз айларында тұрғындардың өзен-көлдер мен су айдындарына баруы жиілейтіндіктен, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Аудан аумағындағы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А.Сыдықов баяндама жасады.

Аудан әкімі бұл мәселенің алдағы уақытта өзектілігі арта түсетінін атап өтіп, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын толық бақылауға алуды тапсырды.

– Әсіресе адамдар көп шоғырланатын Қамыстыбас елді мекеніндегі «Аққұмшық» жағажайында қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейту қажет, — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, суға кету фактілерінің алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік шараларды ұйымдастыру, тұрғындар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге жол бермеу бойынша нақты бақылау орнату қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімі жаз мезгіліне санаулы күндер қалғанын ескеріп, «Аққұмшық» жағажайына келушілер саны артатынын жеткізді. Осыған байланысты кәсіпкерлер тарапынан демалушыларға жасалып жатқан жағдайлар мен қызмет сапасына назар аударылды.

Қазіргі уақытта туризм саласына ерекше басымдық беріліп отырғанын айтқан аудан басшысы жағажайдағы қауіпсіздік, санитарлық тазалық, инфрақұрылым және тынығушыларға қажетті барлық жағдай талапқа сай қамтамасыз етілуі тиіс екенін жауаптыларға қатаң ескертті.

Сондай-ақ, жағажай аумағындағы бейберекет орнатылған әжетханаларды алып тастап, олардың орнына заманауи талапқа сай, бір үлгідегі ақылы санитарлық нысандар салу қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, кіреберіс қақпаға QR-код арқылы төлем жасау жүйесін енгізу бойынша тапсырмалар берілді.

Жиында жағажай маңындағы кәсіпкерлерге тиесілі кейбір нысанның қазіргі жағдайы талапқа сай еместігі арнайы слайдтар арқылы көрсетіліп, анықталған кемшіліктерді жаз маусымы басталғанға дейін толық жою міндеттелді.

Комиссия отырысында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларына қатысты өзге де сын-ескертпелер көтеріліп, жауапты сала басшыларына мәселені толық бақылауға алу тапсырылды.

Жиында қаралған келесі мәселе – аудан аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Х.Қаниев баяндады.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы орман және дала өрттерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, барлық қажетті профилактикалық және ұйымдастырушылық шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, шаруа қожалықтары тарапынан егістік, жайылым және шабындық алқаптарындағы құрғақ шөптерді өртеу жұмыстары тек бекітілген талаптар мен кестеге сәйкес жүргізілуі керектігі ескертілді.

Жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мәселесі де қаралды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.Сатекеева осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.

Аудан әкімі бұл салада да бірқатар кемшілікке жол берілгенін айтып, жауапты басшыларға қатаң ескерту жасады. Сонымен қатар, ауданға қарасты барлық елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылап, қысқа мерзім ішінде тиісті шараларды күшейтуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: