Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев: Трансұлттық қылмыс пен киберқауіпсіздікке қарсы күресте күш біріктіру қажет

18.05.2026, 17:10 64

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады. Кездесуге Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыров және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов қатысты.

Жиында аймақтық қауіпсіздік, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымын тежеу, киберқауіпсіздік және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды.

Президент Орталық Азия мемлекеттері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда айрықша рөл атқаратынын айтты.

– Ұйымдасқан трансұлттық қылмыс тамыр жайып, аясын кеңейте түсті. Киберқылмыс табысы жоғары жаһандық индустрияға айналды. Бұл адамдарды миллиардтаған доллар шығынға ұшыратады. Цифрлық жүйені қылмыстық топтар өз қызметтерін үйлестіруге, табыстарын жылыстатуға, ешбір мемлекеттің шекарасына қарамайтын шабуыл жасауға жиі қолданады. Маңызды көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары. Осы орайда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы тұру мәселесі өзекті болып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, институционалдық ықпалдастықты нығайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызға сенімдімін. Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды. Біз азаматтарымызды қорғау мен елдерімізді орнықты дамыту бағытындағы ашық диалогқа, үздік тәжірибелерді алмасуға және бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қылмыстық топтардың аймақтағы ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіруіне жол бермеу үшін жүйелі әрі нақты қадамдар қажет.

– Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. «Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда қоғамдық және экономикалық қатынастардың онлайн кеңістікке көшуі киберқауіпсіздік мәселесін жаңа деңгейге шығарғанын атап өтті.

– Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни, «фейк» тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек, – деді Президент.

Кездесуде өңірлік экономикалық байланыстарды кеңейту мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселесі де қауіпсіздікпен тікелей байланысты екені айтылды. Президенттің сөзінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызы артып келеді. Алайда жүк тасымалының ұлғаюы трансұлттық қылмыс, контрабанда, есірткі және қару-жарақ тасымалы секілді қатерлерді де күшейтуі мүмкін.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматы өңірлік қауіпсіздіктің тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін жеткізді.

– Менің ойымша, ішкі істер министрліктері бір-бірімен ынтымақтастықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттармен бөлісуге тиіс. Бұл халықтарымыздың арман-тілегіне толығымен сай келеді. Жұртшылық мемлекеттер басшыларынан өз елдерін тәртіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмірге қолайлы жағдай жасау үшін аса шұғыл, тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Балаларымыз, жалпы халық ел басшыларының, ішкі істер министрлері мен басқа да ведомство жетекшілерінің заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қабылдап жатқандарына көздері жетіп, өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытаймен және Орталық Азия елдерімен өзара сенім мен тату көршілікке негізделген серіктестікті дамытуға басымдық беретінін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар құқық қорғау саласындағы байланыстарды күшейтуге, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби серіктестікті дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге дайын екендерін білдірді.

Президент бұл кездесу Орталық Азия мен Қытай арасындағы қауіпсіздік саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: