Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысының кітап оқу туралы Жарлыққа қол қоюы – жазушылар үшін ерекше оқиға

18.05.2026, 9:45 45

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт руханияты үшін аса маңызды құжат – “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Бұл — біз үшін, жазушылар, оқырмандар, баспагерлер және кітапханашылар үшін ерекше оқиға.

Айта кеткен абзал, Президентіміз айтқан “Оқитын ұлт” бағдарламасына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. ҚР Премьер министрінің орынбасары — ҚР Мәдениет және ақпарат Министрі Аида Балаеваның айтуынша:

«…Президентіміз кітап пен білімнің адам өміріндегі, ұлт дамуындағы айрықша рөлін үнемі айтып келеді. Осы жарлық арқылы кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады. Кейінгі жылдары кітапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де артып келеді. Электронды кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды 9 миллионнан астам адам пайдаланған. Ең бастысы, қоғамда кітапқа деген қызығушылықартып келе жатқан бәрімізді қуантады. Әсіресе балалар әдебиетіне сүраныс еселене түсті. Тек соңғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өсті. Қазақ классикасына және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өсті…»

Демек жұмыс жүйелі түрде қарқын алып келе жатыр. Басқаны айтпағанның өзінде биылғы Ұлттық кітап күні бүкіл Қазақстан бойынша биік дәрежеде өтті. Оқырмандардың, әсіресе жас оқырмандардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігі ерекше. Ал жас қаламгерлеріміздің жазуға деген құштарлығы керемет. Соңғы екі жылда Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірлескен стратегиялық әріптестігі аясында “Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы” бағдарламасымен жазылған жаңа әдеби шығармаларды арнайы айтып кеткен ләзім.

Жарлықтағы басым бағыттар, атап айтқанда:

-кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;

-оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;

-туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;

-баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;

-ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау деген тұжырымдар көңіл қуантады.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының үкіметіне берілген 9 тапсырма да нақты. Біз, Қазақстан Жазушылар одағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке берген маңызды тапсырмаларының уақытында іске асуына белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Руханият үшін аса маңызды құжат құтты болсын, әріптестер!

Мереке Құлкенов,

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: