– Талғар ауданында полиция қызметкерлері ескі ғимаратта отыр. Жаңа ғимарат салуға жер бөлінген, бірақ ғимарат салуға ақша бөлінбеген. Талғардағы бүкіл ғимаратта газ болғанымен, оларда газ жоқ. Жанармай сатып алып, ғимаратты қыста сонымен жылытады. Полиция қызметкерлерінің жағдайы жасалмаса, интернеті болмаса, олардың жұмыс нәтижесі де төмендейді. Айтайын дегенім, Талғар полициясының басшылығы «жағдайымызды жасаңдар» деп жоғарғы басшылығынан талап ете алмайды. Қорқады.
Мен бұл жағдаймен толық таныспын. Өйткені қыста қамалғаным бар. Камера суық болды. Сосын мен: «Қашан жылытасыңдар?!» деп талап ете бастадым. Олар «жанармай бітіп қалды, насос бұзылды» деп сылтау айтты. Бастықтарын шақырдым, «прокурор келсін» дедім. Осы талабымнан кейін олар камерама жылытқыш қойып, өздері тоңып отырды. Оларға «сендер тоңып отырсыңдар ғой» десем, «үйреніп қалғанбыз, бүгін тұрсам, ертең орныма басқа біреу келеді» дейді.
Міне, жағдай осындай. Құқық қорғау органдары халықты қорғауы керек. Сол үшін жалақы алады. Алайда олар өзін қорғай алмай жатса, сені қалай қорғайды?! Өзінің тоңып жатқанын айта алмаса, саған қалай қорған болады?! Сенің мәселеңді қалай шешеді?!
Бізде мемлекеттік қызметкерлер туралы заң бар. Бірақ мемлекеттік қызметкер сорлы болсын деген талап жоқ. Мысалы, сіз екеуміз – біріміз журналист, біріміз заңгер ретінде ой-пікірімізді халыққа ашық жеткізіп отырмыз. Егер менің орныма прокурор немесе полиция бастығын шақырсаңыз, мұндай нәрселерді ашық айта алмайды.
Егер біз болашағымызды ойласақ, жұмыс істеуге мүмкіндік жасауымыз керек. Ал жалған ақпарат беріп, «сен тимесең, мен тимен…» деп қол қусырып отыра берсек, Қазақстан ешқашан дамымайды.
Асылбек ҚАРАЕВ,
заңгер.
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Фото: zhasalash.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!