Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, көктемгі егіс жұмыстарының барысы талқыланды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Биыл қала көлемінде 8 227 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылуда. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 3 200 гектарды құрады.
— Ауыл шаруашылығы саласында суды аз қажет ететін дақылдарды егу және оның көлемін арттыру Үкімет пен облыс әкімінің ерекше назарында.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы, жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру тапсырмасын орындау мақсатында су тапшылығы жағдайында күріш көлемін оңтайландырып, өзге дақылдар көлемін ұлғайтуымыз қажет.
Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу, су арналарының тиімділігін арттыру, егіс құрылымын әртараптандыру және шаруаларды заманауи агротехнологияларға бейімдеу бойынша жұмыстарды әлі де күшейту керек.
Егістік жұмыстары сапалы жүргізілуін және уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін ұйымшылдық көрсетіп, дала еңбеккерлерін барынша жұмылдыруға тиіспіз, — деді Нұржан Сәбитұлы.
Айта кету керек, өткен жылы 2,2 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өткізілсе, биыл бұл жұмыстарды 3 мың гектарға жеткізу көзделген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бекітілген Жол картасына сәйкес биыл тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен егілетін егіс көлемін мың гектарға жеткізу межеленіп отыр. Қазір көктемгі дала жұмыстары қыза түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!