Қазақстанда атауында ру-тайпа аты бар немесе қызметінде рулық-тайпалық құрылымдарға қатыстылығы көрсетілетін коммерциялық емес ұйымдарға қатысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер қазір мемлекеттік органдардың қарауында жатыр.
Премьер-министрдің жауабында атауы немесе қызметі рулық-тайпалық құрылымдарға қатыстылығын білдіретін, сондай-ақ заңнамаға қайшы келетін коммерциялық емес ұйымдарды құруға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған. Сонымен қатар республикалық мәртебені растау талаптарын күшейту және қоғамдық бірлестіктерді жабуға негіз болатын нақты себептерді белгілеу ұсынылып отыр.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қосымша шара ретінде заңды тұлғалардың атауларында мемлекеттік органдармен немесе олардың қызметімен байланыс тудыратын белгілерді пайдалануға жол бермеу де қарастырылған.
Үкімет бұл бастаманың алдын алу сипатына ие екенін алға тартады. Яғни ұсынылып отырған өзгерістер қоғамдық бірлестіктер қызметінің ашықтығын арттыруға, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, бірігу құқығын теріс пайдаланудың алдын алуға және қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін қоғамда рушылдық мәселесіне қатысты пікірталас күшейген еді. 2025 жылдың желтоқсанында «Руың кім?» фильмі көпшілік арасында дау тудырып, кейін прокаттан алынған. Осы оқиғадан соң Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров жастар арасында рушылдық ұғымының белең алуы қоғам үшін қауіпті құбылыс екенін айтып, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
Депутат кино мен медиаконтенттің қоғамдық санаға ықпалы зор екенін ескертіп, мұндай өнімдерге мазмұндық, көркемдік-эстетикалық және идеологиялық тұрғыдан сараптама жүргізу қажеттігін көтерген.
Ал аталған фильмнің сценарий авторы Нұржан Еркінұлы бұл жағдайды шығармашылық еркіндікке қысым ретінде бағалаған.
Коллаж: Азаттық
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!