Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2026, 10:48 39

Мемлекет басшысы аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмыт­пай­тындығымызды атап өтті.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қымбатты отандастар!

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттық­тай­мын!

Бүгін біз майдан даласында Отан үшін от кешіп, ер­лік жасаған жауынгерлерге және тылда табанды ең­бек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық сезіммен тағ­зым етеміз. Қасіретті жылдардың барлық ауырт­па­лы­ғын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен аға буынға айрық­ша құрмет көрсетеміз.

Еліміз ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жан­қиярлықпен шайқасты, аянбай жұмыс істеп, әскер­ді керек-жарақпен қамтамасыз етті.

Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық ка­валері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, он­да­ған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы ең­бегі үшін марапатталды.

Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмыт­пай­мыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне ме­мориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, му­зейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен инсти­туттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр.

Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дер­бес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін се­зініп отырмыз. Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құр­меттейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әді­летті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ата заңымыз еш­кімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жар­май­ды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды.

Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жет­кізген батырларымыздың есімін ел жадында жаң­ғыр­ту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі ма­ғы­налы ойға шақыратын мереке.

Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: