Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болды

07.05.2026, 12:30 40

Бүгін елордада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, партияның ұйымдық құрылымы мен алдағы саяси бағыты айқындалды. Ашық деректерге сүйенсек, съезге еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысқан. Жиында партияның жарғысы мен бағдарламасын бекіту, сондай-ақ басшылық органдарын сайлау мәселелері қаралған.  

Съезд қорытындысында бұрын Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Айбек Дәдебайдың «Әділет» партиясының төрағасы болғаны хабарланды. Бұл шешім елдегі саяси науқан қарсаңында жасалған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Себебі Айбек Дәдебайдың бұған дейінгі мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі, саяси процестерді үйлестіру ісіндегі рөлі жаңа партияның институционалдық салмағын арттыруы мүмкін.

Айта кетейік, 5 мамыр күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Айбек Арқабайұлы Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылған еді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.   Кейін Президенттің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Айбек Смадияр таяу уақытта елімізде ауқымды саяси науқан өтетінін айтып, Дәдебайдың Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатынын мәлімдеген болатын.  

«Әділет» партиясы өзін әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму құндылықтарына сүйенетін саяси ұйым ретінде таныстырып отыр. Партия бағдарламасында заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға, өңірлердің тең дамуына, білім, ғылым, медицина, мәдениет және креативті индустрияларды қолдауға басымдық берілетіні айтылған.  

Сарапшылар үшін бұл тағайындаудың саяси мәні бірнеше бағытта байқалады. Біріншіден, жаңа партияның басына мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі бар тұлғаның келуі ұйымның жай қоғамдық бастама емес, алдағы саяси додаға дайындалып отырған құрылым екенін аңғартады. Екіншіден, «Әділеттің» риторикасында әлеуметтік әділеттілік, өңірлер теңдігі, адал еңбек, құқықтық тәртіп секілді қоғамда сұранысы жоғары ұғымдар алға шығып отыр. Үшіншіден, партияның ашық есеп беру, сайлаушылар алдында уәденің орындалуы туралы тұрақты есеп ұсыну жөніндегі ұстанымы саяси мәдениетке жаңа талап қою амбициясын көрсетеді.

Дегенмен партияның нақты саяси салмағы тек құрылтайдағы мәлімдемелермен емес, алдағы науқандағы бағдарламалық ұсыныстарымен, өңірлердегі жұмысының сапасымен және қоғаммен шынайы байланыс орната алуымен өлшенбек. Әзірге «Әділет» партиясы Қазақстандағы саяси алаңға жаңадан қосылған күш ретінде назар аудартып отыр. Ал Айбек Дәдебайдың партия төрағалығына келуі бұл жобаның саяси маңызын күшейте түскені анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: