Сыр өңірінде бүгінде майдан шындығын көзімен көрген санаулы буынның соңғы өкілі ғана қалды. Ол кісі Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде тұрады. Соғыс ардагері Яхия Тасыровтың жасы ғасырдан асты. Сталинград пен Курск майданындағы қанды күндерді көрген қарияның бүгінгі бейбіт өмірдегі әр күні – кейінгі ұрпаққа аманат. Майдангер естелігі азайған сайын, оны ел жадында сақтау жауапкершілігі бүгінгі буынға артылады.
Осы тұста Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің мәніне, қазіргі әскер саласының ахуалына, сарбаз қауіпсіздігіне, ата-ананың алаңына, әскери жүйедегі ашықтық мәселесіне тоқталуды жөн көрдік.
Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Сейтхановтың айтуынша, аймақтан биыл көктемгі шақырылым аясында 800-ден астам жас әскер қатарына жіберілмек. Оның 400-ден астамы Қарулы күштерге, 300-ге жуығы Ұлттық ұланға, 100-ге жуығы Шекара қызметіне, 30-ға жуығы Төтенше жағдайлар министрлігіне, 15-тен астамы Мемлекеттік күзет қызметіне барады.
ҚАРАЛЫ СТАТИСТИКА ХАҚЫНДА…
Ресми деректер әскердегі алаңның негізсіз емес екенін көрсетеді. 2023 жылы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев 2020 жылдан бері 270 әскери қызметші қайтыс болғанын мәлімдеген. Жылдарға бөлгенде, 2020 жылы 78, 2021 жылы 96, 2022 жылы 85, 2023 жылдың алғашқы кезеңінде 11 әскери қызметші көз жұмған. Өлім себептері қатарында ауру, жол-көлік оқиғасы, суицид аталған. Барлық өлімнің 36 пайызы ауруға, 24 пайызы жол-көлік оқиғасына, 20 пайызы өзіне қол жұмсауға байланысты екені айтылды. Бұл дерек тек мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға ғана қатысты емес, әскери қызметшілердің кең санатын қамтиды. Бейбіт күнде әскери ортада адам өлімі тіркелсе, оның себебі қандай болса да, жүйе оны терең талдауы тиіс. Әр өлімнің артында «неге?» деген сұрақ тұрады. Денсаулығы уақытында анықталды ма? Психологиялық күйі ескерілді ме? Қауіпсіздік тәртібі сақталды ма? Командирлер бақылауы жеткілікті болды ма? Қызметтік ортада қысым болған жоқ па?
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев те осы мәселені көтеріп, соңғы жылдары әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітім мен суицид деректерінің көбейгенін айтқан болатын. Оның келтірген мәліметінде соңғы 4 жылда әскерде 86 суицид тіркеліп, 20 әскери адамның өзіне қол салуға оқталғаны айтылды. Мұндай статистика қоғамға ауыр тиеді. Өйткені, әскери бөлімге ел қорғауға кеткен жас өз өмірімен қоштасатын жағдайға жетсе, онда мәселе ушығып тұр деген сөз. Сол ортада «оны кім тыңдады, кім бақылауы керек еді, психолог қайда болды, командир не істеді, бөлімдегі ахуал қандай еді?» деген сұрақтар міндетті түрде қойылуы тиіс.
– Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды. Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да, ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді, — дейді депутат Н.Аралбайұлы.
«ҚОРҒАНЫС ҚАБІЛЕТІ ТЕК ТЕХНИКАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ»
Әскери саладағы әңгімені көбіне техникадан, қарудан, бюджеттен, рейтингтен бастаймыз. «Қай елдің армиясы нешінші орында, қанша танк бар, қанша ұшақ бар, қорғанысқа қанша қаржы бөлінді?» деген сұрақтар жиі айтылады. Бұл мәліметтердің бәрі қажет. Бірақ армияның шын қуатын тек солармен өлшеу жеткіліксіз.
Әскери сарапшы Амангелді Құрмет елдің қорғаныс қабілеті экономикалық әлеуетке, халықтың біліміне, логистикаға, инфрақұрылымға, тылдағы мүмкіндікке, әскери және азаматтық өнеркәсіпке, әскер саны мен жарақтануына байланысты қалыптасатынын айтқан. Оның сөзінше, қандай да бір елдің әскери әлеуетін қағаздағы рейтингпен дәл бағалау қиын. Шынайы мүмкіндік нақты сын сағатында көрінеді. Сарапшы Ауғанстан армиясының сырттай жақсы дайындалған күш саналғанымен, 2021 жылы тәліптер алдында тез тізе бүккенін мысалға келтіреді. «Ресей мен Украина арасындағы соғыс та қағаздағы рейтинг пен майдандағы шынайы жағдайдың бөлек болуы мүмкін екенін көрсетті» дейді.
Бұл ой Қазақстанға да қатысты. Қорғанысқа бөлінетін қаржы артқаны, техниканың жаңарғаны, цифрлық жүйелердің енгізілгені маңызды. Бірақ әскердің өзегінде бәрібір адам тұрады. Қару ұстайтын да, бұйрық орындайтын да, шекарада тұратын да, казармада өмір сүретін де – сол адам. Егер сол адамның құқығы қорғалмаса, психологиялық күйі ескерілмесе, командир әділ болмаса, техникамен мақтанудың салмағы азаяды.
Айтпақшы, 2026 жылы күштік құрылымдар блогына 3 трлн теңге бөлінетіні, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге көп екені хабарланды. Үкімет мәліметінше, қорғаныс шығындары жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы деңгейінде болады. Қаражат жауынгерлік дайындықпен қатар, жүйелік инновацияларға да жұмсалмақ. Бұл аз қаржы емес. Ендігі сұрақ – оның қалай жұмсалатынында. Осы қаржы сарбаздың күнделікті қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етеді? Казармадағы бейнебақылау шынымен жұмыс істей ме? Психологтар сарбазбен формалды түрде емес, нақты сөйлесе ме? Медициналық тексеріс шақырылым жоспарын орындаудың құралына айналып кетпей ме? Командирдің қысымы дер кезінде анықтала ма? Қоғамды мазалайтын негізгі сауал – осы.
САРБАЗ ӨЛІМІ ҚҰПИЯ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК
Өскемен гарнизонында қаза тапқан мерзімді қызметтегі сарбаз Қазыбек Оспановтың оқиғасы әскердегі жабықтық пен ішкі бақылау мәселесін тағы да алға шығарды. Алғашқы ақпаратта оның қарауыл кезінде өзіне бекітілген қарудан оқ атқаны айтылды. Кейін Бас әскери прокуратура тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергенін, қаза болған әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсетілгенін анықтағанын хабарлады. Сонымен бірге взвод командирінің қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбегені айтылды. Қылмыстық іс сотқа жолданып, әскери бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметінен босатылған, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мәселенің бірнеше салдары бар. Айталық, әуелі – сарбазға көрсетілген психологиялық қысым. Екіншісі, жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол берген лауазымды тұлғалар. Үшіншісі, қару-жарақ сақтау тәртібіндегі салғырттық. Төртіншісі, бөлім ішіндегі ахуалды дер кезінде байқай алмаған жүйе. Осылардың бәрі қосылғанда бір сарбаздың өміріне қауіп төнеді.
Әскери жүйе белгілі бір деңгейде жабық болатыны түсінікті. Қару-жарақ, тактикалық жоспар, қызметтік мәлімет, бөлімдердің ішкі тәртібі ашық-шашық жатпауы керек. Бірақ сарбаздың өмірі мен құқығына қатысты жағдай құпия тақырып болса, онда отанын қорғауға асығатын, парызын өтеуге ынталы жастарды сиретіп алуымыз ғажап емес. Өлім дерегі тіркелсе, ресми орган уақыт созбай, нақты ақпарат беруі керек. «Тергеу жүріп жатыр» деген жауап көп жағдайда ата-ананың күдігін сейілтпейді. Қоғам ашықтықты әскерді қаралау үшін емес, сенім қалыптастыру үшін талап етеді. Әскердің беделін мәселені жасыру көтермейді. Керісінше, мәселені мойындап, жауаптыны анықтап, қайталанбауы үшін жүйелі өзгеріс жасау көтереді.
ӘЛІМЖЕТТІК ӘЛҚИССАСЫ
Әскердегі әлімжеттікті кейде «әскери өмірдің қиындығы» деп жұмсартып айтуға тырысатын түсінік бар. Бұл қауіпті. Тәртіп пен қорлау – екі бөлек нәрсе. Сарбазды шынықтыру мен басыну да басқа. Бұйрық орындау мен адам қадірін таптаудың арасы анық ажырауы керек. Әскердегі тәртіп – заңға сүйенгенде ғана тәртіп. Заңнан тыс күш көрсету, кемсіту, психологиялық қысым, қорқыту армияның айбынын арттырмайды. Керісінше, іштен ірітеді.
Амангелді Құрмет әскердегі әлімжеттіктің түрі өзгергенін айтады. Оның сөзінше, ұрып-соғу азайған болуы мүмкін, бірақ психологиялық ахуал жақсармай тұр. Көзге көрінбейтін қысым, әжуалау, кемсіту, қорлау өршіп барады. Мұндай әрекетті ешбір камера да, тексеру де толық әшкерелей алмауы мүмкін. Сарапшы камерадан сарбаздың орындық көтеріп тұрғанын немесе бір аяқпен секіріп жатқанын көрген адам оны жай ойын деп қабылдауы мүмкін екенін, ал шын мәнінде оның артында ауыр психологиялық қысым тұруы ықтимал екенін алға тартады.
Қазіргі әскердегілер ұрып-соқпауы мүмкін, жас сарбаздың психологиясын қажытатын әрекетке де баратындар артқан. Қорлау, мазақтау, топтан бөлу, шағым айтқанды жақтырмау, әлсізін басыну, «шыдасаң, еркексің» деген түсінік сарбаздың психикасын әлсіретеді. Мұндай қысымды сырттан көру қиын. Ал іште жүрген жас кейде оны айтуға қорқады. Осы тұста Амангелді Құрмет әскерді қоғамнан бөліп қарастыруға болмайтынын айтады. Ол «суицид қоғамда бар, әскерде де болады, әлімжеттік қоғамда бар, демек әскерде де көрініс береді» дейді. Оның пайымынша, құқықтық қоғам толық қалыптаспаған ортада әскерден жалтару, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлімжеттік, жауапкершіліктен қашу азаймайды. Демек, әскердегі қысым тек казармада басталып, казармада аяқталатын құбылыс емес. Оның тамыры мектептегі буллингте, көшедегі «кім мықты?» дейтін түсінікте, отбасындағы қатыгездікте, қоғамдағы заңды айналып өту әдетінде жатуы мүмкін. Бірақ бұл армияның жауапкершілігін азайтпайды. Керісінше, әскери ортаға түскен әр жастың қауіпсіздігіне екі есе сақ қарауды талап етеді.
ЖАҢА ҚАУІП ЕСКІ ТҮСІНІКПЕН ЕҢСЕРІЛМЕЙДІ
Қазіргі әлемде қауіптің сипаты өзгерді. Бұрын ел қорғанысын көбіне шекара, танк, ұшақ, зеңбірек, әскери бөлім арқылы елестететін едік. Қазір қауіп тек сырттан қарумен келмейді. Ақпараттық ықпал, кибершабуыл, әлеуметтік тұрақсыздық, жалған ақпарат, гибридті әрекеттер, энергетикалық және экономикалық қысым, дрондар, жаңа технологиялар қауіпсіздік ұғымын кеңейтіп жіберді.
Амангелді Құрмет «Egemen Qazaqstan» басылымындағы пікірінде елдің қорғаныс қабілетін тек Қарулы күштер арқылы нығайтамын деу қисынсыз екенін айтқан. Оның сөзінше, армия сырттан төнетін қатерге қарсы қолданылатын құрылым болғанымен, елді әлсіретуге тырысатындар іштен де шығуы мүмкін. Экономикалық мүддеге қайшы әрекет, әлеуметтік жағдайды әлсірету, ұлтаралық немесе дінаралық кикілжің ұйымдастыру, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халықтың билікке сенімін азайту сияқты тәсілдер гибридті қауіптің бір бөлігі ретінде аталады. Бұл ой әскери саланы кең түсінуге мәжбүрлейді. Қазақстан армиясы – тек сыртқы жауға қарсы тұратын күш емес, ел тұрақтылығының бір тірегі. Бірақ осы тіректің өзі ішінен мықты болуы керек. Ішкі тәртіп әлсіз, қоғамдық сенім төмен, сарбаз қауіпсіздігіне күдік көп болса, қорғаныс қабілеті туралы сөздің өзі толық болмайды.
Жаңа қауіп ескі түсінікпен еңсерілмейді. Бүгінгі армияға тек саптық тәртіп емес, технологиялық білім, психологиялық дайындық, құқықтық мәдениет, кәсіби басқару, ашықтық, азаматпен дұрыс байланыс керек. Сарбаз бұйрық орындауды ғана емес, өз құқығын да білуі тиіс. Командир талап қоюды ғана емес, адаммен жұмыс істеуді де меңгеруі керек. Әскери бөлім күштің ғана емес, жауапкершіліктің де орны болуы қажет.
Сыр елінен әскерге аттанатын 800-ден астам жас мемлекетке сеніп барады. Ел бойынша сапқа тұратын 21 мыңнан астам азамат та солай. Енді мемлекет сол сенімді ақтауы керек. Отан алдындағы борыш ата-ана үшін үрейге, жас сарбаз үшін қорқынышқа айналмауы тиіс. Әскердің күшін тек қарумен бағалау жеткіліксіз. Мұндайда сарбаздың амандығы, командирдің әділдігі, ата-ананың көңілі тыныш болуы секілді факторлар орнықпай, Отан қорғау туралы сөздің салмағы толық болмайды. Айтқан ауызда айып жоқ, айтылған сынмен күресейік…
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Коллажды жасаған автор.
Тақырыпқа тұздық
Амангелді ҚҰРМЕТ,
әскери сарапшы:
ӘСКЕРДЕГІ ҚҰБЫЛЫСТАР ҚОҒАМНАН АЛЫС ЕМЕС
– Амангелді аға, бүгін қоғамда «Отанға қалқан болатын сарбазды кім қорғайды?» деген сұрақ жиі айтыла бастады. Себебі әскерге кеткен баланың аман келуі ата-ана үшін уайымға айналып отыр. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ қорғанысы қай деңгейде? Әскердегі ішкі мәселе ушығып тұр дей аламыз ба?
– Бірінші кезекте, әлбетте, еліміздің қорғаныс қабілетін қарастыруға болатын шығар. Бірақ бұл – мүлдем басқа сипаттағы дүние. Қандай да бір елдің қорғаныс қабілетін белгілі бір рейтингтер немесе құр статистика арқылы ғана бағалау мүмкін емес. Оған қорғаныс жүйесі, экономикалық тұрақтылық, қажетті құрылымдардың жұмысы, азаматтардың ел қорғауға дайындығы сияқты көптеген фактор әсер етеді. Сондықтан, меніңше, қорғаныс қабілеті бөлек тақырып ретінде қарастырылуы мүмкін.
Мен бұл жерде қазіргі кездегі ішкі мәселелерге тоқталғым келеді. Арагідік болып тұратын келеңсіз оқиғалар қоғамда әскер ішіндегі ахуал тым ушыққандай әсер қалдыруы мүмкін. Дегенмен, армиядағы әрбір жағдайға баға берген кезде, ондағы құбылыстар қоғамнан бөлек өмір сүрмейтінін ескеру керек. Өйткені біздің қоғамда да өткен кезеңнен келе жатқан кейбір түсінік толық жойылған жоқ. Айталық, күш көрсету, төмендету, біреуді біреуден үстем санау, жеке кеңістікті сыйламау сияқты мінездер тек әскери ортаға ғана тән құбылыс емес. Мұндай көріністерді оқу орындарынан да, жұмыс ортасынан да, жалпы әлеуметтік қарым-қатынастан да байқауға болады. Сондықтан армиядағы кейбір келеңсіздікті қоғамдағы ортақ мәдениеттен бөліп қарастыру қиын.
Әскердегі бөлімдерде адамдардың қарым-қатынасын бақылау керек деген мәселе бар. Бірақ мұның бәрін тек камерамен немесе бақылау тетіктерімен шешу мүмкін емес. Тәрбиелік жұмыс өте ерте жастан, мектептен, орта сыныптан басталуы керек. Қоғамда адамдардың бір-біріне құрметі, бір-бірінің шегін, жеке кеңістігін сыйлауы қалыпты ұстанымға айналмайынша, оқу орнында болсын, жұмыста болсын, армияда болсын, келеңсіз жағдайларды толық тыю қиын.
Қазір Қазақстан Қарулы күштерінде әр әскери бөлімде сарбаздардың қауіпсіздігін бақылауға қатысты түрлі тетік енгізіліп жатыр. Әскери бөлімдерге камералар орнатылып, ішкі тәртіпті қадағалау күшейтілуде. Бірақ әр адамның қасына бір-бір бақылаушы қойылмайтыны анық. Адамдардың жеке қарым-қатынасын тұтас бақылау мүмкін емес. Дегенмен, мұндай шаралар, менің ойымша, алдағы бірнеше жылда армиядағы келеңсіз оқиғалардың азаюына ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, әскерге барған сарбаздардың психологиялық күйі, ішкі дайындығы, дүниетанымы да маңызды. Кейде психологиялық тұрғыдан толық дайын емес балалар әскерге өтіп кетуі мүмкін. Кейде олар өзара қарым-қатынастың күрделі, тіпті келеңсіз формаларына тап болады. Мысалы, сөзбен тиісу, оңаша сөйлесуге шақыру, қысым көрсету сияқты жағдайлар кездесуі ықтимал. Мұндай буллинг белгілері қоғамда да бар. Сондықтан армиядағы буллингтің алдын алу мәселесін жалпы қоғамдық тәрбие мәселесінен бөліп қарауға болмайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, әскери психологтардың санын көбейту және олардың жұмыс сапасын арттыру өте маңызды. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау да күшейгені дұрыс. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының Қарулы күштерінде суицид мәселесіне қатысты есеп-қисап тұрақты түрде жарияланып отырады. Әскерде, резервтік күштерде, флотта және басқа да әскери құрылымдарда қанша адам өзіне қол жұмсағаны немесе сондай әрекетке барғаны туралы деректер ашық айтылады. Бұл мәселені жасыру емес, оны жүйелі түрде зерттеп, алдын алуға ұмтылу қажет екенін көрсетеді.
Осыдан екі жыл бұрын, қателеспесем, АҚШ-та азаматтық саладан мыңдаған психолог әскери құрылымдарға тартылып, түрлі әскери базаларға жіберілгені айтылды. Олар әскери ортадағы психологиялық ахуалды зерттеп, келеңсіздіктің алдын алуға бағытталған шараларға қатысқан. Демек, армиядағы суицид мәселесі бір ғана елге тән құбылыс емес. Ол Кореяда да, Германияда да, Израильде де, Түркияда да белгілі бір деңгейде бар. Бірақ басқа елдерде бар екен деп, бізде де солай болуы заңды құбылыс ретінде қабылданбауы керек. Әскери салаға немқұрайды қарауға болмайды.
Сондықтан жалпы қоғам болып бұл мәселеге назар аударып отыруға тиіспіз. Құқық қорғау ұйымдары, бақылаушылар, сарапшылар әрбір келеңсіз жағдайды тек айыптау немесе текетірес тұрғысынан ғана емес, оның себебін ашу тұрғысынан да қарастырғаны жөн. Қазіргі беріліп жүрген бағалардың көбі қолжетімді деректер мен сыртқы мәліметтерге сүйенеді. Әскери сарапшылар өз кәсіби пайымы бойынша, азаматтық сала мамандары өз көзқарасы бойынша баға береді. Бірақ ең маңыздысы, мәселенің түпкі себебін түсінуге ұмтылу.
«Отанға қалқан болатын сарбазды кім қорғайды?» деген сұрақты қою, меніңше, орынды. Жыл сайын мыңдаған азамат әскерге шақырылады. Олардың ішінде мерзімді қызметін өтейтіндер бар, келісімшартпен қызмет ететіндер бар. Әскери қызметкерлерге қатысты статистика да осы ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілуі керек. Мысалы, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкердің жұмыстан тыс уақытта басына бір жағдай келсе, оны әскери салаға қатысты оқиға ретінде қарастырамыз ба, әлде азаматтық жағдай ретінде бағалаймыз ба? Мұндай мәселелерді нақты есептеу тәртібімен бірге талдау қажет.
Сонымен қатар, медиа өкілдері армиядағы тек жағымсыз оқиғаларды ғана емес, жақсы тәжірибелерді де көрсетуі керек. Әрине, жабдықталу, тамақтану, әскери дайындық, тәртіп, қауіпсіздік мәселелері ашық айтылуы тиіс. Бірақ әскерден келген жастардың жақсы тәжірибесін, оң өзгерісін, жауапкершілікке үйренгенін де көрсету маңызды. Әйтпесе қоғамда армия туралы тек «қиын жер», «ауыр орта» деген біржақты түсінік қалыптасып қалуы мүмкін.
Өкініштісі сол, журналистикада жағымсыз жаңалық тез тарайды деген түсінік бар. Бұл бірден жойыла қоймайды. Дегенмен, медиа армия тақырыбын көтергенде тепе-теңдікті сақтауы керек. Бір жағынан, мәселені жасырмау қажет. Екінші жағынан, тұтас әскери жүйеге немесе барлық әскери қызметкерге бірдей күдікпен қарауға жол бермеу керек. Әсіресе мектепте, отбасында, қоғамдық ортада Отанды қорғаудың мәні, әскери борыштың ерекшелігі, адаммен дұрыс қарым-қатынас жасау мәдениеті туралы жиі айтылғаны дұрыс.
Жалпы қоғамда адамдар бір-бірінен үстем емес екенін толық түсінбейінше, азаматтық салада болсын, армияда болсын, келеңсіздіктердің қайталану қаупі сақталады. Қазір мектептен бастап бір-бірін кемсіту, үлкен сыныптардың төменгі сыныптарға қысым жасауы, қатарластар арасындағы буллинг сияқты жағдайлар кездеседі. Бұл тек ұлдар арасында ғана емес, қыздардың арасында да бар. Сондықтан армиядағы тәртіп мәселесін әскерге барған күннен ғана бастау жеткіліксіз. Ол бала тәрбиесінен, мектеп мәдениетінен, қоғамдық қарым-қатынастан басталуы керек.
Әскерге баратын азаматтардың жауапкершілігі де маңызды. Мұны бастан ашық айту қажет. Әскерге барғаннан кейін әркім өз білгенімен жүре алмайды. Әскери тәртіптің өз ережесі бар. Тарихта да тәртіпке ерекше мән берілген мысал көп. Мысалы, Шыңғыс хан заманында бір ондықтың жауынгері шегінсе, бүкіл ондық жауап бергені, бір ондық шегінсе, жүздікке дейін жауапкершілік жүктелгені айтылады. Мұның бәрі әскери тәртіпті сақтау үшін жасалған. Әрине, бүгінгі заманның өлшемі басқа. Қазіргі әскери тәртіп күш көрсетуге немесе қорқытуға емес, жауапкершілікке, құқықтық мәдениетке және адам қадірін сақтауға негізделуі керек.
Осы форматтың белгілі бір заманауи үлгісі де қажет шығар. Сол кезде біз әскердегі ішке жағдай ушықты деп алаңдамас едік. Жалпы бір сөзбен айтқанда, әскердегі ішкі мәселе ушығып тұрған жоқ. Келеңсіздіктер бар, дегенмен, тұтас Қарулы күштердегі ішкі мәселе барын жасыра алмаймыз, бірақ азаматтарға қиянат жасайды, қысым көрсетеді деген көзқарастан аулақ болғанымыз жөн секілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!