Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

06.05.2026, 8:45 54

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, жиында өткен жылыту кезеңінің қорытындылары мен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Бұл мәселе Үкімет отырысының күн тәртібінде және аймақта өткен ауқымды жиында қаралған болатын. Аудан әкімі мәселенің өзекті екенін айтып, келесі жылу маусымына дайындықты қазірден бастау керектігін атап өтті.

Аталған мәселеге байланысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде жауаптыларды тыңдады. Өткен жылу беру маусымында жеткізілген көмірді және «көгілдір отынға» қосылған елді мекендерді ескере отырып, алдағы маусымға қажетті көмір көлемін нақты жоспарлау қажеттігі жөнінде тапсырма беріп, орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Бұл мәселеде әлеуметтік нысандардың жай-күйі де назардан тыс қалмайтын болады.

Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының «көгілдір отынмен» қамтылу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Бүгінде Арал қаласымен қатар Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері және Шижаға, Қамыстыбас елді мекені табиғи газдың игілігін көруде. Бұдан бөлек бірнеше әлеуметтік нысанды «көгілдір отын» көзіне қосу межесі тұр. Аудан әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жеделдету жөнінде тапсырма беріп, келесі жылу беру маусымына дейін қолға алған жұмыстарды аяқтауды қатаң ескертті.

«Көгілдір отын», электр энергиясы және ауызсуға қарыз мөлшері ұлғайып бара жатқанын назарға алған аудан әкімі мемлекеттік мекемелерде қалыптасқан қарызды 1 апта мерзім ішінде өтеу жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану немесе жою мәселесі облыс деңгейінде көтерілгенін, Арал қаласындағы нысандарды аралау барысында бос тұрған апатты ғимараттарды бұзу жөнінде жауаптыларға тиісті тапсырма берілгенімен, кейбір бөлімге қарасты бос ғимараттарға қатысты әлі күнге дейін нақты шешім қабылданбаған. Мұндай олқылық бірсыпыра ауылдық округтерде де байқалуда.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тапсырмаға немқұрайды қараған жауапты тұлғаларға тағы бір мәрте ескерту жасап, бір ай ішінде кемшіліктер қалыпқа келтірілмесе, жауаптылардың қызметіне сәйкес еместігі жөнінде шешім қабылданатындығын ескертті.

Жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуына қатысты Арал қаласы әкімшілігінің жұмысы өте төмен екендігі, көшелердегі көзден таса әрбір аймақ лас қоқыстар тұратын орынға айналып бара жатқаны айтылды. Тазалыққа деген талап қатаңдатылып, тиісті жұмыс атқару жөнінде тапсырма берілсе де, барлығы сөз күйінде қалып жатқаны, мұндай олқылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң ескерту жасалды.

Кемшіліктер арнайы слайд арқылы көрсетілді. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұған дейін де қала әкіміне бірнеше мәрте тәртіптік шара көру жөнінде тапсырма берілгенімен, нәтиже жоқтығы жеткізілді.

Мұнан бөлек ауылдық жерлерде де тазалық мәселесіне қатысты жұмыстар өз мәнінде жүргізілмеген. Тіпті кейбір ауылдық округтер бойынша учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тазалықты сақтамаған тұлғаларға бірде-бір әкімшілік хаттама толтырылмаған. Аудан әкімі бұл жұмыстарда әлі күнге немқұрайдылық бар екенін айтып, аудандық полиция бөлімінің басшылығы тарапына бірқатар ескерту жасады.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы өзекті деген мәселелер назардан тыс қалмау керектігін жеткізді. Әрбір тапсырма орындалуымен құнды екенін айтып, өз жұмысына жауапкершілік танытуға құлықсыз басшыларға талаптың әркез жоғары болатынын ескертті.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: