(Әзіл әңгіме)
Жердің жалға берілуіне мораторий жарияланған күні көршілерім кеш бата сау етіп үйге жетіп келді.
— Ал көрші, құтты болсын, жумаймыз ба?
— Нені?
— Жерді.
— Менде жер бар ма? — дедім.
— Түу, неге далаға лағып тұрсың?
— Рас айтамын, жоқ.
— Жер сатылмайтын болды деймін. Жалға да берілмейді.
— Кім айтты?
— Теледидардан сөйледі. Жерді сатып жіберетін болсақ, бізді нан ұрсын, қатын болып кетейік, — деп уәде берді.
— Уәдеге тоймайды екенсіңдер. Әй, сендер, жүз грамм ішуге сылтау тапқышсыңдар ғой, — деп, бір бөтелкені ортаға қойдым.
Біздің қатын сол жақсы жаңалықты теледидардан жаңа естіп мәз болып отыр еді. Мыналарды көріп қабағы тырысып қалды.
— Немене, үкімет бірдеңе десе, осында келіп жуасыңдар ма? — деді де, жатын бөлмесіне барып жатып қалды.
Ол жер туралы әңгіме қозғалғаннан бері жүйкесі жыбырлап жүр. Намысы бес еркекке татиды. Содан көршілерім түн ортасына дейін, қуаныштарын тілек айтып жуды. Бір-бірін құшақтап беттерінен сүйді. «Қазақтың жері үшін алып қояйық, алып қояйық!» деп, ақыры бес бөтелкені тауысты. Түн ортасында үйлеріне қайтты. Мен шала мас күйімде төсекке жете алмай ас бөлмеде, отырған жерімде құладым.
Көзім бірден ілініп, терең ұйқыға кеттім. Түс көріп жатырмын. Түсімде менің денемді биттер жалға алыпты. Бастың қара биті тас төбемдегі қалың шашымды ұстарамен сыпырып тастап, шылым шығаратын шөп егіпті. Балтырдағы сары биттер мұрныма мұнай өндіретін қондырғы орнатып бұрғылап жатыр. Қан соратын биттің туыстары көп қой, жақын тумасы қандала қарнымды жалға алып, сыра ашытатын зауыт салыпты. Ал, бүрге құйрық жақтан тыңайтқыш өндіретін химиялық өнеркәсіп ашып қойыпты. Тойымсыз маса қанымды арнайы түтікшемен сорып, бөшкелерге құйып жатыр. Табанымды тарақандар тартып алыпты. Ешқайда аяқ бастырмайды. Көзіме көк шыбындар үймелепті. Әйтеуір, денімнің сау жері жоқ. Құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей қаптап кетіпті. Ал, мен болсам төбемнен біреу қара таспен бастырып қойғандай қимылдауға шамам жоқ, ыңырсып тоңқайып жатырмын.
Бір кезде биттің туған баласы сірке аузымды керіп қойып, қызыл тілімді түбінен қысқышпен жұлып алғысы келді. Айғайлауға шама келмей бар күшімді салып орнымнан ұшып тұрып, суға қарай жүгірдім. Қырдың басынан секіріп өзенге қойып кеттім. Құлаштап жүзіп жүрмін. Анда-санда үйрек құсап, судың түбіне сүңгіп кетемін. Денемдегі барлық қан сорғыштар суға тұншығып, жан-жаққа тырқырай қашты. Рақаттанып қалдым. Бір кезде біреу шапалақпен салып жіберді. Шошып ояндым. Сүйтсем, «өзенге секірдім» деп, төсекте жатқан әйелімнің үстіне қарғып мініп, «сүңгідім» деп, көрпесіне кіріп кетіппін.
— Қайыршы, осы сен ішімдік ішіп алсаң, ұйқы сұрайсың. Зәремді алдың ғой, — деді.
Бажылдап ұрысып жатыр. Өзенде қатты малтығаным сонша, әйелімнің іш көйлегіне оранып қалған екенмін.
— Қатын, түс көрдім.
— Қойшы, сенің түсің таусылмайды екен. Не көрдің?
— Түсімде тоңқайып жатырмын. Менің дене-мүшемді қан сорғыш жәндіктер жалға алыпты.
— Онда жетіскен екенсің. Ауызыңа арақ тисе, жатысың сол ғой. Түсіңде қасыңда мен болғанда құйрығыңнан жақсылып бір тебер едім, — деп, төсектен итеріп жіберді. Диваннан жерге құлап түстім.
— Сен түсімді аяғына дейін тыңдамадың, мейлі, мен жақсы түс көрдім, — дедім де, қайтадан қор ете қалдым…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.
(2017 жыл)
Көрнекі карикатура: pravorub.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!