Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экосанамызды түзейік…

05.05.2026, 19:14 79

«Таза Қазақстан» науқаны басталғалы бері ел ішінде бір қозғалыс бар. Әкімдіктер ақталған ағаштар мен сырланған қоршаулардың есебін беруге шебер-ақ. Бірақ біз мәселенің қабығын ғана аршып, өзегіне үңілмей отырған жоқпыз ба? Санадағы сең қозғалмаса, сыртқы жылтырақ көзбояушылық қана.

Біздің қоғамда «менің босағам» және «мемлекеттің меншігі» деген екі бөлек әлем бар. Үйінің ішіндегі шаңды сүртуге ерінбейтін қазақ, дәлізге шыға сала қоқысын тастай салудан арланбайды. Бұл дегеніміз, «мен мұнда уақытша тұрушымын» деген құлдық психологияның сарқыншағы.

Егер біз ауламызды, паркімізді, өзен-көлімізді өз үйіміздің жалғасы деп қабылдамасақ, ешқандай заң да, айыппұл да тазалық орната алмайды. Біз өз жерімізде уақытша тұратын емес, осы жердің иесі ретінде өмір сүруді үйренуіміз керек.

Қызылорда облысы үшін тазалық жай ғана эстетика емес, бұл тіршілікті жандандыру мәселесі. Аралдың тұзы мен шаңы аспанға көтерілген аймақта әрбір егілген тал мен әрбір тазартылған арық стратегиялық нысан.
Арық жүйесі қаланың қан тамыры. Арықтардың қоқысқа толуы экожүйеге жасалған қастандық. Су жүрмеген жерде өмір жоқ.
Сексеуіл егу, тал егу, көгалдандыру науқандық жұмысқа айналмауы керек. Бүгін егіп, ертең суармай кеткен тал босқа шығындалған бюджет пен алданған үміт.

Экологиялық патриотизмді капиталға айналдыру

Мысалы, Қызылордада «Ең таза аула» немесе «Үлгілі подъезд» деген байқаулар бар. Бірақ осыны жетілдіріп, тек алғыс, дипломмен марапаттай бермей, жеңілдіктермен де (салықтық немесе коммуналдық субсидиялар) ынталандыру қажет. Адамның қалтасына әсер етпеген үндеу қағаз бетінде қалады.

«Цифрлық бақылаушы» мәдениеті

Сингапур үлгісіндегідей, әрбір азаматтың қолындағы смартфон экологиялық полицияның құралы. Көршің қоқыс тастаса, оны видеоға түсіріп, тиісті чат-ботқа жіберу «ұят» емес, бұл өз денсаулығынды, болашағынды қорғау. Біз «ұят боладыны» қоқыс тастаған адамға қатысты қолдануымыз керек.

Мектепте «Эко-сағат» емес, «Эко-әдет» қалыптастырсақ

Мектептерде экологияны пән ретінде оқытқаннан бөлек, баланы аптасына бір рет өз мектебінің айналасын тазалатып, ағаш суартуға баулу керек. Еңбегі сіңген жерге адам қоқыс тастамайды.

«Таза Қазақстан» әкімдердің ғана міндеті емес. Бұл ұлттың сапалық трансформациясы. Біз «Экологиялық эгоизмнен» арылып, «Ортақ үй» концепциясына өтпесек, еуропалық жөндеу жасалған пәтеріміздің сыртындағы қоқыс бәрібір біздің экологиялық мәдениетімізді көрсетіп тұрады.

Тазалық бар жерде әрқашан береке бар. Ал берекелі елдің іргесі ешқашан сөгілмейді. Сондықтан тазалыққа қосар үлесімізді өзімізден бастайық!

Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: