БҮГІНГІ САТИРА
Түнде тас қылып, сезімге мас қылып қыбырламай, жыбырламай құшақтап жатқанмын. Таңертең тұрсам, әйелім кетіп қалыпты! Бетіме орамалын жауып кетіпті! Оңбаған десе! Иіскеп жатсын дегені ғой! «Сирияға кеттім, пока!» деп тіл хат жазып кетіпті!
Орнымнан тұра салып, балаларымның арасын қарадым, жоқ, кәстролдің ішін қарадым, жоқ, әжетхананың ішінде жоқ! Зым-зия! Мешітке барып, садақа беретін, бірақ, тобығына түсетін ұзын шашын кесіп тастамаған еді… Жүрегім сезеді, сөз жоқ, Сирияға кетіп қалды! Тіл хат жазғаны бекер емес! «Ислам мемлекеті» деген жалған атпен танылған теріс ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға кетсе, мына екі балам анасыз қалай жетіледі, ойбай? Кім маңдайларынан сипайды, ойбай? Мешітте жүрген уахабистердің алдап-арбауына түсті! О, әйелімді қойнымнан суырып әкеткен уахабистер! Кіндіктерің айналып, маңдайларыңа шықсын! Тілдерің салаңдап, тізелеріңе жетсін! Қанша қазақтың тағдырына тұз құйдыңдар, сендер? Қанша қазақ соғыс өрті тұтанған Сирияда қаза болды?
Дереу жиналып, жүйем қозып, қиналып, аудандық мешіттің бас имамына келдім. Ол кісі жайдары қарсы алды.
– Кетіп қалды! — дедім салған жерден.
– Кім кетіп қалды?
– Аспандағы айым, не болады енді, жайым?
– Білмедім, шырағым?
– Сіздер не білесіздер осы? Шетел миссионерлерінің иек астында жүргендерін де көрмейсіздер! Газетте солай жазып жатыр! Давай, тауып беріңіз!
– Мен қайдан табамын, жоғалып кеткен адамды?
– Осымен, үшінші рет үйлендім. Бәрі Сирияға кетіп қала береді! Екеуі сол жақта өлді. Тауып беріңіз деймін!
– Тістене бермей, тиісті мекемелерге барсаңшы?
– Олар маған тауып бере қояды деп ойлайсыз ба? — дедім де, мешіттен шыға жөнелдім.
Достарым күлетін болды. Дұшпандарым сыртымнан «үретін» болды! Дереу, аудандық салық мекемесінің бастығына кірдім.
– Кетіп қалды… — дедім жыламсырап.
– Кім?
– Қағынған қатыным…
– Қайда кетті? Оның бізге қатысы қанша? Не, салық төлемей қашып жүр ме?
– Сирияға! Жихад болмақшы жексұрын!
– Оның салыққа қандай қатысы бар?
– Қайдай білейін, бармаған жерім жоқ… Сізге де кіре салайын деп… Кешіріңіз, — дедім де, кабинетінен шыға жөнелдім. Сосын, аудандық өрт сөндірушілер мекемесінің бастығына келдім.
– Кетіп қалды! — деп жыладым.
– Үйіңіз өртеніп, енеңіз ана дүниеге кетіп қалды ма? — деп сұрады ол.
– Жағыңыз қарыссыншы… Енем жақсы адам. Әйелім кетіп қалды!
– Прокуратураның алдында өртенді ме, не?
– Өртеніп өлсе абырой ғой! Сирияға кетіп қалды!
– Сирияның өрт сөндірушілерге қандай қатысы бар? Түсінбедім?
– Мен де түсінбей келіп отырмын ғой? — деп кабинетінен жылай шықтым! Шешем шайына шашалып қалды.
– Апа, келініңіз кетпен таудан асып кетті, менен қашып кетті. Міне, «Сирияға кеттім, мені іздеме!» деп хат жазып кетіпті.
– Сириясы несі? Мына тұрған Сайрамға кеткен шығар?
– Апа, Сирия деген соғыс болып жатқан ел, онда байдан-байға өтеді.
– Астапыралла. Онысы несі, дамбал ауыстырғандай…
– Басқаға үйленемін. Мыжбанның ажырасып келген қызына!
– Ол да Сирияға кетіп қалып жүрмей ме?
– Ол кетпейді. Географиядан нөл. Сирияны картадан таба алмайды.
Әлі жылап жүрмін! Қазақ бауырларым-ай! Адаспаңыздаршы? Өзге діннің уын ішпеңіздерші? Өзге елде өлгенше, өз еліңде елбең қағып жүріңіздерші? Осылай үйде еңіреп отырсам, әйелім кіріп келе жатыр! Жымың-жымың етеді.
– Әй, Сириядан тез келіп қалғаның ба? — деп сұрадым зілденіп. Сөйтсем, жоғалып кеткен сиырымызды іздеп жүр екен ғой? Сауатсыз десе! «Сиырға кеттім» деген сөзді «Сирияға кеттім!» деп те, жаза ма? Жыным кеп отырғанымда, мойнымнан иіскеп қоймайды ғой өзі, ей, құрып кетші ары!
– Не болып қалды? — деп сұрады ол. Мен шешемнің көзінше хатты ұстаттым. Ол оқып жатып жымиды да:
– Өлә, сауатсыз екенмін ғой. «Сиырға кеттім» дегенді «Сирияға кеттім» деп жазып қойыппын ше. Өә-ә… — деп күліп жіберді.
Сөйтсем, жоғалып кеткен сиырымызды іздеп жүр екен ғой! Жыным кеп отырғанымда, мойнымнан иіскеп қоймайды ғой өзі, ей, құрып кетші ары!
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Көрнекі карикатура: Ғалым Смағұлұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!