Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Евромола

03.05.2026, 6:00 19

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Алдараспан» орындаған. Қысқартып бердім.)

Көр қазушы ауылдан келген бөлесіне қала шетіндегі зиратты мақтана көрсетіп тұр.

– Осы жердің бәрі маған қарайды. Менің обьектім. Құдай қаласа, жұмыс іздеп келген екенсің, екеулеп көр қазып, ақша табамыз, — деді көр қазушы.

– Мынау не деген қала? — деп бөлесі таң қалды. Айналаға аузы ашыла қарап тұр.

– Қайсы? — деп сұрады көр қазушы.

– Мынау…

– Қала емес қой бұл.

– Ей, ақымақ! Бұл евромола! Байлардың моласы.

– Астапыралла…

– Көріп тұрсың ба? Не деген күмбездер! Жылтырап тұр! Бұл жерде қарапайым адамдар көмілмейді. Қара жердің өзі 50 мың доллар.

Бір кезде миллионер әйел екі оққағарымен келді. Орысшалап сөйлеп тұр:

– Молодой человек. Это я к вам звонила да?

– Ышто? — деді көр қазушы.

– На счет заказа я к вам звонила? — деді миллионер әйел маңғаздана сөйлеп.

– Кто? — деп қалды көр қазушы.

– На счет заказа я к вам звонила?

– Да, да. Қазақша сөйлеші. Орысша түсінбеймін ғой. Мына кісілер неге ашуланып тұр?

– Охранниктерім ғой.

– А-а, олар кете қойса.

– Ладно, — деген миллионер әйел оққағарларына ым қақты, – анау жерде күте тұрыңдар.

Оққағарлары жөнеп берді. Бөлесі сыбырлады:

– Не үшін келді екен?

– Тұра тұршы, қазір білеміз, — деген ол әйелге бұрылды, – жайша жүрсіз бе?

– Папама мола салдырайын деп едім.

– Болды. Көр де қазамыз, моланы да евролатып саламыз. Жұмысшыларым жетеді, бригадирмін. Анау тұрған моланы көрдіңіз бе?

– Қайсы?

– Анау екі қабатты мола! Жанында бассейні бар.

– Иә.

– Соны да мен тұрғызғанмын.

– Сол моланың қасында 15 сотықтай жер тұр ғой. Сол жер керек.

– Ия бос жер. Әкеңіз кеше қайтыс болды ма?

–Жоқ, менің әкем әлі өлген жоқ, — деді әйел қалыпты сөйлеп.

Көр қазушының бөлесі шошып кетті:

– Астапыралла!

– Қалай өлмеген? — деп сұрады бригадир де таңданып.

– Ну, првильно, менің папам өлмеген.

– Қалай?

– Ну, ол кісі тірі. Былай ғой, молодой человек. Мен деген қызметтегі адаммын. Понимаете да, үнемі командировкада боламын, шетелге шығып кетемін. А вдруг мен қалада жоқ кезде папам өліп қалады…

– Ия, құдай қаласа, өліп қалар…

Бөлесі жанына келіп:

– Жынды ма? Тірі адамға көр қаздырып, мола салдырмақ па? — деп сұрады.

– Тыныш тұршы, ақшасын берсе болды емес пе!

Ол бөлесін «аулақ тұршы» деп итеріп жіберіп, әйелге жақындады:

– Папаңыз тірі иә?

– Тірі.

– Папаң қашан өледі?

– Не знаю.

– Жасы қаншада?

– 98-де.

–О-ой, не жүріс? 98-ге келіпті тәлпіштеніп! Ұят қой.

Әйел түсіндіре бастады:

– Вот, менің айтайын дегенім, қазақта сөз бар ғой. Если погибшие, мертвые, өлген адамдар… если они не довольный, то мы…

–А, «өлі риза болмай, тірілер байымайды».

– Да, да, мы богатая болмай қаламыз. Осыдан қорқамын.

– Иә, өлілер риза болмай, тірілер никогда не кайфует…

– А сондай ма? Вот, молодой человек, поэтому тірі кезінде евромола салып қойғым келеді.

– Конечный, конечнный.

– Тыңдап ал, папамның моласы кең болу керек.

– Жасап беремін ғой. Саунасы, биллиярд залы, асхана… душ…

Бөлесі көр қазушының жеңінен тартты:

– Не айтып тұрсың?

– Тоқташы, ақшасын берсе болды! Керек десең былтыр өлген жесір әйел моласы жанына жақын есік орнатып қоямыз.

– Е? — деп сұрады бөлесі.

– Енді қыздарға барып тұру керек шығар. Демалып дегендей.

Ол әйелге жүгіріп келді.

– Бәрін жасаймыз! Евро болады! Обойды да жабыстырамыз! Сметасын берсеңіз болды. Ақшасын…

– Ақша туралы не переживайте.

– Қойыңызшы…

– Тағы бір сұрайын дегенім, ол жақта ад и рай болып бөлінеді екен.

– Иә, тозақ деген, жұмақ деген бар ғой. Жұмақта күнде жұмақ, тозақта күнде азап.

– Хім, а как попасть в рай?

– Неғыл дейсің?

– Папамды бірден райға жіберсек бола ма?

Бөлесі шошып кетіп:

– Астапыралла! — деді.

Екеуі де жалт қарады. Сосын әйел:

– Возможность бар ма? — деп сұрады.

– Бөле, қоя ғой, — деп бөлесі қолын бұлғады. Әйел жөткірінді.

– Әрине, ақшасына қиналмаймыз.

Көр қазушы ойланған болып, кепкасын бір алып, қайта киді. Сосын:

– Сөйлесіп көреміз, кіргеннен бастап, мрамор болады, – деді. Бөлесі қарсы шықты:

– Жаннатқа кіру үшін ақша керек емес!

– Әй, қойсаңшы! – деп көр қазушы көзін алартты. Бөлесі қайтар емес. Әйелге жақындаып уағыз айта бастады.

– Одан да, намаз оқыңыз, жетім-жесірлерге садақа беріңіз, қажылыққа барыңыз.

– Ой, менің уақытым жоқ. Мен үшін намаз оқи салсаң бола ма? Ақшасын беремін.

– Астапыралла.

Осы кезде бригадир әйелдің құлағына: «ол салафит» деп айта салды. Сол екен әйелдің түрі өзгеріп:

– Охрана! – деп қалды. Оққағарлар жетіп келіп, байғұстың қолын қайырып, алысқа алып кетті.

– Сметасын беріңізші, – деді мола «бригадирі».

– Жоқ, мен ойландым.

– Е?

– Анау жігіттің сөзі жаман әсер етті. Мен қазір мешітке барамын. Садақа тастаймын. Папаммен ақылдасып, Меккеге ертіп апарамын…

Мола қазуға тапсырыс алушының көзі алақандай болып, жалына бастады. Бірақ оққағарлар келіп, әйелді ертіп кетті.

– Тфу! Келіп тұрған ақшаны құртқанын қарашы!

Әлден соң бөлесінің көзі көгеріп, жетіп келді:

– Не мынау? Не мынау? – деп сұрады.

– Сауап! Келіп тұрған клиентті қашырып. Кет-ей!

Бөлесі бір жаққа, өзі бір жаққа жөнеп берді…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Көрнекі фото: Коллажды жасаған Алмас Манап. «Егемен Қазақстан»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: