Елімізде соңғы жылдары су тапшылығын бастан өткеріп жатқан өңірдің саны артуда. Олай дейтініміз, судың аздығы тек егінге ғана емес, азық-түлікке, инфляцияға, экономика мен экологияға қатар әсер етеді. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін айтты. Сол сөзінде ол ауыл шаруашылығындағы шығын кей өңірде 40 пайызға дейін баратынын, су үнемдеу технологияларының тым баяу еніп жатқанын, ал су шаруашылығы нысандарының тозуы 60 пайыздан асып кеткенін ашық мәлімдеді. Президенттің «су ресурстары мұнай, газ не металдан кем маңызды емес» деуі мәселенің саяси салмағы ауыр екенін айғақтап тұр.
Су тақырыбын көтеріп жүргендердің қатары артып, мәселе мәжілісте де талай көтеріліп жатыр. 2025 жылы күшіне енген жаңа Су кодексінде алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл кодекс әзірленгенде бес негізгі қағида басшылыққа алынғанын айтып, соның ішінде су үнемдеу технологияларын енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу және жұртшылықты шешім қабылдауға тарту басты бағытқа айналғанын мәлімдеді. Кодекс бассейндік жоспарлау, экологиялық ағын, тасқын мен құрғақшылыққа бейімделу және ұлттық су есебін күшейту сияқты тетіктерді заңдық негізге шығарды.
2024 ЖЫЛ: ЕЛ ТАСҚЫНМЕН АЛЫСЫП ЖАТҚАНДА, ОҢТҮСТІК СУ ІЗДЕП ОТЫРДЫ
Соңғы үш жылдағы ең үлкен парадокс 2024 жылы қатты байқалды. Бір жағынан, Қазақстан соңғы ондаған жылдағы ең ірі тасқындардың бірін бастан өткерді. Тіпті халықаралық Reuters агенттігі 2024 жылғы 17 сәуірде елде шамамен 117 мың адам эвакуацияланғанын жазды. UNDP кейін бұл апаттың 177 мыңнан астам адамға әсер еткенін, 6 мыңнан астам үйді су басқанын атап өтті. Яғни солтүстік пен батыста су тасқыны болып, соңы апатпен бітті. Талай ауылды түгел су шайып өтіп, тұрғындар далада қалды. Сол жағдайды түрлі қайырымдылық қоры пайдаланып, елден жылу жинап, сол ақшаны жеке мүддесіне пайдаланып, кейін сотталып та кетті. Жә, әңгіме ол турасында емес.
Бірақ дәл сол кезеңде оңтүстік өңірлерде су тапшы болды. Осы қайшылықтың өзі Қазақстандағы су мәселесі расында ушыққанын аңғартты. Әңгіме тек табиғатта емес, суды маусымға қарай жинау, бөлу, сақтау, ысырапты азайту, тәуекелді алдын ала болжау сияқты басқару сапасында жатыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтының биылғы жылғы су қауіпсіздігі жөніндегі сараптамалық баяндамасында да мәселе «қарапайым тапшылықтан» кеңірек екені, жүйенің тұрақсыздығы мен басқару икемсіздігі елдің негізгі тәуекеліне айналып бара жатқаны айтылған. Баяндамада 2020-2022 жылдар су аз кезең болғаны, ал 2024 жылы көрсеткіш жоғарылағанымен, елдің су жүйесі орташа мәнге емес, құбылмалы жылдарға бейімделуі керек екені көрсетіледі.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ 1 МЛРД ТЕКШЕ МЕТРГЕ ДЕЙІН ЖЕТУІ МҮМКІН
Оңтүстік өңірлердегі жағдай қазір елдегі ең сезімтал су түйініне айналды. Себебі мұнда суармалы егіншілік шоғырланған. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының бір бөлігі үшін су – шаруаның табысы, ауылдағы жұмыс, азық-түлік бағасы, жалпы әлеуметтік тыныстың бір бөлігі. 2025 жылдың соңында Үкімет деңгейінде алдағы вегетация маусымына қатер күшейгені ресми мойындалды. Премьер-Министр сайты 2025 жылғы 9 желтоқсанда Шардара су қоймасына келетін су 43 пайызға азайғанын, ал 2026 жылғы вегетация кезеңінде оңтүстікте су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін екенін хабарлады. Сол жиында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су көп қажет ететін дақылдарға су келісімшарттары тек бекітілген лимит аясында ғана берілетінін айтты. Ол тағы бір сөзінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақ 543,5 мың гектардан асқанымен, аймақтар фермерлерге ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту қажеттігін қазірден түсіндіруі тиіс екенін ескертті.
– Осы жылдың 4-5 желтоқсан аралығында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында Су ресурстары министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы ұйымдары және шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңестер өткіздім. Үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-1,5 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41%-ды құрайды, Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймалары жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар. Бірқатар облыста 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмағанын атап өтемін, — деді Қанат Бозымбаев былтырғы желтоқсанда өткен жиында.
Министрлік ішіндегі талдау да осыны растайды. Биылғы қаңтарда өткен сала талқысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің су саясаты департаменті директорының орынбасары Марат Иманалиев Қазақстанда өзен ағындары азайып, су аумақ бойынша біркелкі бөлінбей жатқанын айтты. Оның сөзінше, шығыс пен оңтүстік-шығыс жергілікті жерүсті суларына көбірек сүйенсе, оңтүстік, батыс және орталық аймақтарда халық саны мен экономикалық жүктемеге шаққанда тапшылық күштірек сезіледі.
ҚЫЗЫЛОРДА – СУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЕРЕКШЕ МЫСАЛЫ
Қызылорда облысын бөлек қарастырудың себебі бар. Мұнда су мәселесі бір мезетте егінге де, экономикаға да, Арал маңы экологиясына да әсер етеді. Облыс Сырдарияға қатты тәуелді. Ал өзеннің тағдыры тек Қызылорданың өз қолында емес, жоғарыдан келетін ағын, мемлекетаралық келісімдер, маусымдық жағдай, бәрі әсер етеді. 2023 жылы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «су тапшылығына қарамастан» егіс көлемі 196 мың гектарға жеткізілгенін айтты. Сол жерде ол су жетіспеуіне байланысты әртараптандыру жүріп жатқанын, жаңбырлатып және тамшылатып суару тәсілдерімен соя, күнбағыс, жүгері, бидай және күріштің бірнеше сортын сынақ ретінде енгізу қолға алынғанын мәлімдеді.
Қызылордада су тақырыбы ең алдымен күріш арқылы сезіледі. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымында күріштің орны ерекше, ал бұл дақыл суға тәуелді. Сондықтан Қызылордада су азайса, мәселе тек канал мен гидробекет төңірегінде қалмайды, ол бірден шаруаның табысына, аудан экономикасына, ауылға да қатар әсер етеді. Өткен жылдың соңында Нұржан Нұржігітов те, Қанат Бозымбаев та дәл осы себептен су көп қажет ететін дақылдарға шектеу қою мен әртараптандыруды қатар көтерді.
Су тапшылығы себебінен аймақта тамшылатып сурару әдісі жүріп жатыр. Қызылорда бойынша министрлік 2024 жылы және 2025 жылғы орақ маусымы кезінде өңірде шамамен 75 мың гектар жер су үнемдеу жүйелерімен қамтылғанын хабарлады. Кейін ведомство су үнемдеу технологиялары енгізілген аумақ 65 мың гектар деп қысқартқанын мәлімдеді, соның 60 мың гектары күріш алқаптарын лазерлік тегістеу, 2,3 мың гектары жаңбырлатып суару, ал нақты тамшылатып суару 2,7 мың гектар екені айтылды.
– Біз қолжетімді су ресурстарының жыл сайын азайып бара жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан су үнемдеу технологияларына көшу өте маңызды. Сондай-ақ ылғалды көп қажет ететін дақыл түрлерінің санын азайту арқылы дақылдарды әртараптандыру қажеттілігі туындап отыр. Лазерлік тегістегіш судың біркелкі таралуына және артық шығынды азайтуға мүмкіндік беріп, суды айтарлықтай үнемдейді. Дегенмен, күріш егілетін жерлер ауыл шаруашылығында су көп қажет ететін аймақтардың бірі болып қалатынын түсіну маңызды. Сондықтан қолданыстағы егістік жерлерді тиімдірек су үнемдейтін технологияларға, соның ішінде тамшылатып суару және басқа да заманауи суару әдістеріне көшіру қажет, — деді Су ресурстары және ирригация министрі.
2024 жылы Жаңақорған мен Шиелі аудандарына барған сапарында министр Нұржан Нұржігітов тамшылатып суару арқылы көкөніс өсіріп отырған шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Сол жерде ол: «Қазіргі жағдайда су үнемдеу технологияларын енгізу – бұл қажеттілік» деді. Министр лазерлік тегістеу суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтып, Қызылордада өткен жылы 55 мың гектар күріш алқабын лазермен тегістеу нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, сол алқаптарда өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өскен.
Нұржан Нұржігітовтың сөзінше, «қолжетімді су ресурстарының жыл сайын азайып бара жатқаны» көрініп отыр, сондықтан лазерлік тегістеумен шектеліп қалмай, тамшылатып және басқа да заманауи жүйелерге белсендірек көшу керек.
Мұны инфрақұрылымдық жоспарлар да қуаттайды. Су ресурстары министрлігі 2025 жылы Қызылорда облысында түрік инвесторлары жобалық қуаты 20 мың гектарға арналған тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл қадам технологияны сырттан ғана тасымай, өңірдің өзінде өндірістік база қалыптастыруға ұмтылыс барын көрсетеді.
САРАПШЫЛАР СӨЗІ
2024 жылы 27 шілдеде Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған көшпелі «Field Day» семинарында Академия президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстан «суы тапшы елдердің қатарына» жататынын атап өтті. Оның сөзінше, ел суының шамамен жартысы сыртта түзіледі, каналдардың 78 пайызы әлі күнге дейін топырақ арналы, су көзі мен тұтынушы арасындағы жеткізу кезінде судың шамамен 40 пайызы жоғалады. Су үнемдеу технологиялары суармалы жердің небәрі 20 пайызына ғана енген, ал тамшылатып суару үлесі 5,4 пайыз ғана. Күрішбаев сол семинарда суды кешенді басқаруды үйренсек, су тұтынуды кемінде 50 пайыз қысқартып, өнімділікті 1,5 есеге дейін арттыруға болатынын айтты. Ең маңыздысы, ол мұны «теория емес, озық шаруашылықтардың нақты көрсеткіші» деп сипаттады.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың су қауіпсіздігі бойынша зерттеушісі Жәния Хайбуллина 2024 жылғы 16 шілдеде The Astana Times басылымына берген сұхбатында Қазақстан мен Орталық Азия үшін ең өзекті мәселе су тапшылығы мен оны басқару екенін тілге тиек етті. Ол бұл пікірін Арал-Сырдария алабындағы 15 елді мекенде 120 сұхбат жүргізген далалық зерттеуіне сүйеніп айтқан. Хайбуллина Арал теңізі дағдарысының салдары әлі де өңірдің экологиясына, денсаулығына, ауыл шаруашылығына әсер етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, су тапшылығы ауылды жерде егін өнімін азайтып қана қоймай, табысты кемітеді, азық-түлік қауіпсіздігін әлсіретеді, тіпті қауым ішіндегі әлеуметтік шиеленісті күшейтеді. Ол тағы бір жерде сенім, ашықтық және дерек алмасу жетіспесе, трансшекаралық су бойынша келісімдердің тиімділігі шектеулі болатынын атап өтті.
Ал биыл жыл басында Астанада өткен халықаралық серіктестер семинарында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы энергетика және экология департаментінің басшысы Әсел Нұрбекова су ресурстарын басқаруды күшейту, цифрлық шешімдерді ілгерілету және су үнемдеу технологияларын енгізу Қазақстан су секторын жаңғыртудың «уақытылы әрі стратегиялық маңызды қадамы» екенін жасырмады. Сол жиында вице-министр Аслан Әбдірайымов салада ауқымды жаңғырту жүріп, цифрлық шешімдер мен су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл халықаралық даму институттары мен үкіметтің бағасы бір арнаға тоғысқанын көрсетеді.
БАТЫСТАҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ – БӨЛЕК МӘСЕЛЕ
Маңғыстау мен Атыраудағы су проблемасы оңтүстіктегідей егістік суымен шектелмейді. Мұнда ауызсу да мәселеге айналды. 2025 жылғы сәуірде Маңғыстауға барған сапарында Мемлекет басшысы өңірде үш қала мен 59 ауылда орталықтандырылған су болғанымен, кестемен берілетінін, ал су тапшылығы тәулігіне 23 мың текше метр екенін айтты. Президент сол жиында алты тұщыту зауыты салынып жатқанын және су тапшылығы әлеуметтік мәселе деңгейіне жеткенін ашық жеткізді. Ақтаудағы су желілерінің тозуы 77 пайызға жеткені де сол кездесуде айтылды.
2026 жылғы наурызда Қазақстанның экология органдары негізінде жарияланған деректе 2006-2025 жылдары кей аумақта Каспий жағалауы 30-35 шақырымға шегінгені айтылды. Астана Times жариялаған осы материалда сарапшылар тартылудың негізгі себептері ретінде климаттың өзгеруін, буланудың күшеюін, өзен ағынының азаюын және шаруашылық ықпалын атады. Демек, батыста су мәселесі ауызсу, экология және экономиканы қатар қысып тұр.
СОҢҒЫ ҮШЖЫЛДЫҚТЫ САРАЛАСАҚ…
Соңғы үш жылдағы су мәселесіне шолу жасағанда, еліміз түрлі мәселемен бетпе-бет келіп, қолдан келгенше шешуге тырысқан. Солтүстікте қауіп тасқын түрінде келді. Оңтүстікте суармалы егіншілікке қысым күшейді. Қызылордада мәселе Сырдарияға тәуелді тіршілікпен ұласып жатыр. Батыста ауызсу мен Каспийдің тартылуы алдыңғы қатарға шықты. Яғни елдегі су картасы кезең сайын өзгеру үстінде.
Бірақ барлық өңірге қатысты ортақ дүние бар. Қазақстанда судың өзі ғана азайып жатқан жоқ, бар суды басқару мәселесі де өткірленіп барады. Ақылбек Күрішбаевтың каналдағы ысырап туралы дерегі, Жәния Хайбуллинаның Арал-Сырдария алабындағы далалық зерттеу қорытындылары, Үкіметтің оңтүстіктегі лимит қоюға көшуі және Қызылордадағы тамшылатып суару мен лазерлік тегістеуге көбірек күш салуы осыны дәлелдейді. Егер осы бағыт жүйелі түрде жалғасса, Қызылорда су мәдениетіне бейімделіп жатқан өңірдің мысалына айналуы мүмкін. Ал егер өзгеріс тек баяндамалар мен жекелеген пилоттық жобалар деңгейінде тоқтап қалса, бүгінгі Қызылорда ертең өзге суармалы аймақтардың да шындығына айналуы әбден мүмкін. Қорқатынымыз да – осы.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!