Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талант таразыға түсіп, атақ ақшаға сатылып жатыр

23.04.2026, 7:40 82

Баланың   өнерге  деген  алғашқы ықыласы өте нәзік болады. Ол  қошеметтен  қуат  алады, сенімнен қанаттанады, әділ бағадан өседі. Ал сол балаға шығармашылық әлемі ең  әуелі  таланттың  емес, ақшаның есігін ашып тұрса, онда мәселе бір студияның немесе бір байқау­дың әрекетінен асып түседі. Бұл тұтас қоғамның құндылық өлшеміне қатыс­ты сұраққа айналады. Соңғы кезде әлеуметтік желіде осындай күмәнді көрініс жиі айтыла  бастады. Бір жерде атақтың бағасы айтылса, бір жерде байқаудың жүлдесі алдын ала белгілі болып шығады, енді бір жерде бала «кастингтен өтті» деген қуанышпен үйіне келіп, артынша сол мүмкіндікке қол жеткізу үшін ата-анасы қомақты қаржы төлеуі керек екені анықталады. Сырт көзге мұның бәрі талантты қолдау сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ үңіліп  қарасақ,  бәрінің  түбінде қабілеттен бұрын қаржыға жол ашу, сападан бұрын саты­лымды алға  шығару,  талантты  тәрбиелеуден бұрын ата-ананың үміті  мен  баланың  сенімін  табыс  көзіне  айналдыру  жатыр. Әлқисса…

Осы мәселені қоғам талқысына қайта шығарған журналист, оқытушы Халима Тәжі­құлдың әлеуметтік желідегі жазбасы. Оның жазуынша, 3-сыныпта оқитын кіші ұлы мектепте өткен кастингтен өтіп, фильм­ге түсеті­ніне қатты қуанып келген. Баланың қуанышы түсінікті. Ол өзін бір сәтке үлкен өнердің табал­дырығын аттағандай сезінген. Алайда анасы сынып жетекшісінен мән-жайды сұрағанда, мектепке «Мейрам» студиясының өкілдері келіп, балалар арасында кастинг өткізгені, ал іріктеуден   өткендердің  ата-анасы  студияға  барып,  шарт жасай алатыны айтылған. Кейін студияға арнайы барып білгенінде, бас­ты рөл үшін 600 мың теңге, қосалқы рөл үшін 300 мың теңге төлеу қажет екені белгілі болған. Яғни мәселе баланың қабілетінде, рөлге лайық­тылығында немесе шығармашылық іріктеудің әділдігінде емес, ата-ананың төлем жасау мүмкінді­гінде  болып шыққан. Осы мәселе бойынша  журналистпен  тілдесіп  көрдік.

– Бала шығармашылығын дамыту қай кезде де ата-ананың міндеті болған, бола да береді. Бала бойынан таланттың ұшқынын байқаған кез келген ата-ана қалтасына қонымды үйірме іздейді. Басқа өңірді білмеймін, Астанада үйірмеге қатысу үшін айына кемінде 20 мың теңге төлейсіз. Әлеуметтің осал тобына арналған тегін үйірмелер бар. Бірақ ол үйірмелерге арнайы топтың өзі кезекке тұрып іліге алмайды. Менің айтып отырғаным – ақылы үйірмелер. Балаңызды спорт үйірмесіне берсеңіз де, өнерге баулитын үйірмеге берсеңіз де, айлық ақысынан бөлек шығын шығады. Бұл шығын түрлі байқау мен жарыстарға қатысты. Мысалы, бала би үйірмесіне барып жүрсе, тобымен бірге би конкурсына баруы керек. Ол үшін конкурсқа қатысу жарнасы төленеді, сахна киімі алынады, ата-анасы конкурсты көру үшін билет сатып алады, хореограф пен балалар үшін гүл аласыз. Егер мұндай шығын шығармаймын десеңіз, балаңыз конкурсқа қатыспауы керек. Ал оны балаға қалай түсіндіресіз? Тауы шағылады. Әрі-беріден соң бала конкурс арқылы өседі. Спорт үйірмесінде де солай. Футбол болсын, каратэнің қай түрі болсын, жарысқа қатысу шарт. Каратэ турнирлерінде бала аттестация тапсырып, белдігінің статусын көтереді. Оның да жарнасы, басқа да шығындары  бар, — деді  Халима  Тәжіқұл.

Расында  да, бүгінгі күні бала тәрбиесіне, соның ішінде оның шығармашылық және спорттық дамуына жұмсалатын шығын жеке отбасының ішкі бюджетіне ауыр салмақ салып отыр. Мәселенің күрделілігі сонда, ешбір ата-ана «балам өнерден, ортадан, жарыстан шет қалсын» демейді. Бірақ бәрінің қаржылық мүмкіндігі бірдей емес. Ал мүмкіндік тең бол­ма­ған  жерде  әділ  бәсеке  туралы  айту  қиын.

Халима Тәжіқұлдың айтуынша, бұл мәселенің ең жанды тұсы – дәл осы қаржыға тәуелді жүйеде шынайы талант тасада қалып қоюы мүмкін.

– Әлеуметтің осал тобы саналатын отбасындағы балалар тегін үйірмеге ілікпей қалса, ақылы үйірмеге барады. Бірақ олардың қалтасы жоғарыда айтқан шығынның бәрін көтере бермейді. Бәлкім, дәл сол бала нағыз талант иесі шығар. Сондықтан мұндай конкурс ұйымдас­тырушылары арнайы демеуші тауып, қатысу жарнасын тегін ету жағын ойластырғаны жөн болар  еді, — деді  ол.

Кейде ең алғыр бала көпбалалы, тұрмысы орташа  немесе  мүмкіндігі шектеулі от­басынан  шығады. Бірақ бүгінгі жүйе сол бала­ның  жолын ашудың  орнына, оның алдынан ақы сұрап тосқауыл қоюы мүмкін. Мұндайда ақша тек құрал емес, іріктеу тетігіне айнала­тыны  тағы  бар.

Оқытушы  қазіргі  балалар  байқаулары  мен марапат  үлестіру  дәстүріне  де алаңдау­шылық білдірді. Оның айтуынша, қазір қатыс­қан бала­ның бәрі дерлік бос қайтпайды. Біріне орын беріледі, біріне медаль тағылады, біріне алғыс  хат ұсынылады. Сырт қарағанда бұл – көтермелеу. Бірақ тереңіне үңілсек, мәселе  басқаша.

– Аталған конкурстарға барған баланың бәрінің  «жеңімпаз» болып қайтатынын да құптай  қоймаймын. Ең болмаса үшінші орын алғанын растайтын марапат қағазын ұстатып жібереді. Бұл бала көңілін көтермелеу үшін жасал­ған амал шығар. Бірақ біз байқауда лайық өнер көрсете алмағанын балаға ерте жастан мойындата білуіміз керек. Балаларды базардағы арзан кубок пен бір жапырақ қағаз беріп «көтермелеудің» салдары болмай қалмайды. Бұл балалар кейін сын мен сөз көтере алмайтын болып өспейтініне  кепіл  жоқ, — деді  ол.

Егер  бала  шынайы  жетістік пен   қолдан   жасалған  марапаттың айырмасын  сезбей  өссе,  ол ертең  өмірде  де  еңбектің  орнына  рәсімге, сапаның   орнына  сыртқы  белгілерге  көбірек  мән беретін  ұрпаққа  айналуы  мүмкін. Жалған  марапат  баланың  көңілін уақытша  өсіргенімен, оның талғамын да, өмірге  көзқарасын  да  алдайды.  Бұл – бүгін  байқалмайтын, бірақ  ертең  үлкен  мәдени  және психологиялық  мәселе  болып  алдыңнан  шығатын  құбылыс.

Бұдан кейін әңгіме әлеуметтік желідегі жазбаға себеп болған оқиғаға ойысты. Халима Тәжіқұлдың сөзінше, мәселенің ең даулы тұсы – мектеп ішінде ата-ананың келісімінсіз кастинг  өткізілуі.

– Жариясыз кастинг үшін мектеп әкімшілігі де жауап беруі керек деп санаймын. Себебі мектепке ата-аналар белгілі себеп болмаса кіре алмай­ды. Бұл оқушылар қауіпсіздігі үшін жасалған. Ата-аналар кіре алмайтын мектепке кастинг өткізушілер қалай кіріп кетеді? Бала кәмелетке толғанға дейін оған қатысты шешімді ата-ана қабылдайды. Ал мектепте ата-анаға ескертпей кастинг өткізу – заңға томпақ. Мұндай  кастингтер «кастингтен өткен»  бала  мен ата-ана арасына сызат түсіреді. Себебі фильмге түсу ақысын төлеуге мүмкіндігі келмейтін отбасылар бар. Отбасы бюджетін түсінетін бала бар, түсінгісі келмейтін бала бар. Түсінгісі келмейтін бала ата-анам арма­нымды орындамады деп өкпеге беріледі. Бұл бала психологиясына кері әсер етеді. Қалталы адамдар баласын фильмге түсіре ме, жоқ па, өзі шешеді. Ал қалтасы көтермейтін отбасы үшін мұндай кастинг кәдімгідей бас ауруын туғызады. Бұл жерде де нағыз дарынды бала көлең­кеде қалып, ақшалы отбасының дарынсыз баласы эфирді «жаулайды». Өз басым түрлі жекеменшік студиялардың кастинг өткізуіне қарсы емеспін, бірақ  мектептен тыс жерде ұйымдастырылсын. Ата-аналарға хабарландыру жасасын. Балам  болашақ  киножұлдыз  болуға лайық дегендер  баласын алып барсын. Фильмге түсірсін, онда тұрған ештеңе жоқ. Ол бала болашақта басқа саланы таңдауы да, танымал киноактер болып қалыптасуы  да  мүмкін, — деді  ол.

Ата-ананың айтуынша, мұнда екі мәселе қатар көтеріліп отыр. Біріншісі – баланың арма­ны мен отбасының мүмкіндігі арасындағы қайшылық. Екіншісі – мектеп кеңістігінің өзі коммерциялық ықпалдың алаңына айналып кетпеуі   керек   деген  талап. Расында да,  мектеп – баланың қауіпсіз, әділ, тең ортада дамуы тиіс орын. Егер сол ортада балаға «сен өттің» деген үміт беріліп, кейін оның арты ақылы ұсынысқа  ұласса, бұл тек коммерциялық тәсіл емес, психологиялық қысымның да бір түріне айналады. Бұл мәселенің құқықтық салмағын  таразылап  көру үшін, «ROM ZANGER» заң қызметі орталығының басшысы, заңгер Райым­бек  Жайлау­ұлын  сөзге  тарттық.

Заңгер  бұл  мәселені тек нарықтық қатынас  ретінде емес, ең  алдымен  баланың мүддесі  тұрғысынан  қарастыру  керектігін  айтты.

– Құқықтық тұрғыдан қарасақ, мұнда бір ғана коммерциялық қатынас жоқ, мұнда ең алды­мен баланың мүддесі мәселесі бар. Қазақстан Конституциясында адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылады. Ал «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңда балалардың әлеуметтік және материалдық жағдайы­на қарамастан тең құқыққа ие екені нақты жазылған. «Білім туралы» заң да сапалы білім алуға бәрінің тең құқығы барын негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітеді. Сондықтан балаға берілетін мүмкіндік тек ата-ананың қалтасына қарап өлшенсе, бұл – құқықтық жағына да, тең мүмкіндік қағидасына да қайшы келетін өте дау­лы  құбылыс, — деді  Райымбек  Жайлауұлы.

Заңгердің  айтуынша,  ақылы қызметтің өзіне заң тыйым салмайды. Бірақ мәселенің түйіні басқа жерде жатыр. Ұйымдастырушы тарап ата-ананы нақты ақпаратпен қаруландыруы тиіс. «Кастинг» деген атаумен берілген  мүмкіндіктің  артында  шын мәнінде ақылы пакет тұрса, бұл ата-ананың да, баланың  да күтуін  бұрмалайды.

– Әрине, кез келген студия, үйірме немесе жоба ақылы қызмет көрсете алады. Заң ақылы қызметтің өзіне тыйым салмайды. Бірақ мәселе мынада, егер балаға «сен іріктелдің», «саған мүмкіндік берілді», «сен сахнаға шығасың» деген үміт беріліп, кейін ол мүмкіндік төлеммен шартталса, онда бұл жерде қызметтің сипаты, мазмұны, шарты, бағасы ата-анаға толық әрі түсінікті жеткізілуі керек. Мен мұны заңгер ретінде ғана емес, бала тәрбиелеп отырған әке ретінде де айтар едім, баланың арманы – сауда құралы болмауы тиіс. Бала үшін шығармашылық ең алдымен даму алаңы, өзін көрсету мүмкіндігі, тәрбие мен талғам мектебі болуы керек. Егер сол мүмкіндікке жетудің басты шарты талант емес, ата-ананың төлем қабілеті болып кетсе, онда біз баланың қабілетін емес, отбасының қаржылық жағдайын іріктеп жатқан болып шығамыз, — деді  ол.

Заңгер ата-аналардың мұндай жағдайда құқықтық сауатын күшейту қажет екенін де баса айтты. Оның сөзінше, кәмелетке толмаған балаға қатысты қаржылық және шарттық шешімдерді заңды өкілдері қабылдайды. Сондықтан ата-ана қандай ұсыныс түссе де, ең әуелі  эмоцияға  емес, құқыққа  сүйенуі  керек.

– Біріншіден, ата-ана мына нәрсені анық түсінуі керек: кәмелетке толмаған баланың атынан маңызды мәмілелерді, әсіресе қаржылық және  шарттық қатынастарды, оның заңды өкілдері жасайды. Азаматтық кодексте 14 жас­қа толмаған балалар үшін мәмілелерді олардың заңды өкілдері жасайтыны көрсетілген. Демек, балаға бағытталған кез келген ұсыныста соңғы шешімді эмоциямен емес, ата-ана құқықтық тұрғыдан қабылдауы тиіс. Екіншіден, ата-ана мына төрт нәрсені міндетті түрде сұрауы керек. Қандай қызмет көрсетіледі, сол қызметтің нақты құны қанша, төлем не үшін алынады және ақша төле­ген жағдайда балаға нақты қандай мүмкіндік беріледі? Бұл жерде «қатысу», «іріктеу», «роль», «жүлде», «оқыту», «түсірілім», «жарнама» деген ұғымдардың арасы шатастырылмауы керек. Өйт­кені тұтынушының толық әрі шынайы ақпарат  алуға құқығы  бар, — деді  заңгер.

Оның  айтуынша,  бұл жерде ата-ананың бір ғана өлшемі болуы керек. Ол – баланың мүддесі.

– Үшіншіден, баланың мүддесі бірінші орында тұруы керек. Бала құқықтары туралы халық­аралық конвенцияда барлық әрекетте баланың ең үздік мүддесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс деп көрсетілген. Сондықтан ата-ана «балам қалып қоймасын» деген қысыммен емес, «бұл ұсыныс расымен баламның дамуына пайдалы ма, қауіпсіз бе, ашық па, әділ ме?» деген өлшеммен қарауы қажет. Ал төртіншіден, ата-анада әрқашан таңдау құқығы бар. Ешқандай жоба баланың арманын желеу етіп, отбасын дереу шешім қабылдауға итермеуге тиіс. Құжатты асықпай оқу, шартты үйге алып кету, заңгерге көрсету, ақысын, қайтару тәртібін, жауапкершілік шегін, түсірілім не қатысу форматын нақтылау – саналы ата-ананың  әрекеті, — деді «ROM ZANGER»  заң  қызметі  орталығының  басшысы.

Заңгердің пікірінше, мұндай жағдайлардың жиілеп кетпеуі үшін салада ашықтық стандарты қалыптасуы қажет. Яғни атауы әдемі болғанымен, мазмұны көмескі жобалар азаюы тиіс.

– Меніңше, ең алдымен ашықтық стандарты қалыптасуы керек. Яғни балаларға арналған кез келген шығармашылық жоба не байқау ата-­анаға алдын ала мынаны анық айтуы тиіс: бұл шынымен іріктеу ме, ақылы курс па, продюсерлік пакет пе, сахналық тәжірибе ме, әлде жай қаты­су форматы ма? Қоғамдағы ең үлкен мәселе – атау мен мазмұнның бірдей болмауы. «Кас­тинг» деп айтып, артынша ақылы пакет ұсыну ата-ананың қабылдауына тікелей әсер етеді. Сондықтан атаудың өзі де, шарттың өзі де анық болуы керек. Одан кейін, балаға берілетін мүмкіндік ата-ананың материалдық жағдайы­на ғана байланбауы үшін тең қолжетімділік қағидасы күшеюі керек деп ойлаймын. Қазақ­стан заңнамасында балалардың материалдық жағдайына қарамастан тең құқыққа ие екені көрсетілген. Ал білім саласындағы саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі – сапалы білімге тең қолжетімділік. Сондықтан балалар шығармашылығы саласында да осы ұстанымнан алшақ­тамау қажет. Талантты іріктеу бөлек, ал оны іске  асыруда төлем талап ету – мүлде басқа дүние, — деді  Райымбек  Жайлауұлы.

Сондай-ақ  ол  ата-ана  өзін жаңылыс­тырды, толық  ақпарат  бермеді немесе қызмет сипа­ты күмән  туғызды  деп  есептесе, үнсіз қалмауы  керек  екенін  айтты.

– Үшіншіден, ата-аналарға құқықтық қор­ғану жолдары түсініктірек болуы керек. Егер олар өзін жаңылыстырды, толық ақпарат бермеді немесе қызмет сипаты күмән туғызды деп санаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесіне  жүгіне алады. Қазақстанда бұл бағытпен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері айналысады. Баланың құқығына қатысты мәселелер бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де жұмыс істейді. Азаматтар электронды өтінішті e-Otinish арқылы да бере алады. Яғни ата-ана мұндай жағдайда үнсіз қалуға міндетті емес. Тағы бір маңызды нәрсе бар. Мен әке ретінде де айтамын, біз балаға «мүмкіндік ақшаң болса ғана келеді» деген түсінік беріп алмасақ екен. Өнер мен шығармашылық баланың ішкі әлемін байытуға қызмет етсе, міне, сонда ұтқанымыз. Егер сол орта балаға емес, нарықтық қысым­ға көбірек жұмыс істесе, онда қоғам талант жоғалтпайды, бірақ әділдік сезімін жоғалта бастайды, — деді  заңгер.

Әрине, қоғам таланттан бірден айырылып қалмауы мүмкін. Бірақ әділдік сезімінен айырыл­са, оның зардабы әлдеқайда терең бола­ды. Өйткені әділдікке сенбейтін ортада дарын емес, дәурен жүреді. Қабілет емес, қаржы озады. Сонда шын талант иесі шетте қалып, жарнамасы көп, ақшасы мол, бірақ өнері жұтаң  орта  алға  шығады.

Бүгін біз балаларға ақылы рөл ұсынып, жарна төлегеннің бәріне марапат таратып, атақтың қадірін арзандатып, таланттың табиғи сұрыпталуын бұзып отырсақ, ертең соның салқыны тұтас қоғамның мәдени сапасынан сезіледі. Сондықтан мұндайда сұрақ біреу ғана. Біз шынымен талантты қолдап жүрміз бе, әлде талантқа ұқсап көрінетін ақылы иллюзияны көбейтіп жүрміз бе? Егер өнердің есігі ақша төлегенге ғана кең ашылып, атақтың өзі саудаға түсіп, баланың арманы маркетингтік құралға айнала бастаса, онда бұл құбылысты уақытында айтпасақ, ертең кеш қаламыз ба деген қорыныш  бар.

Айтпақшы,  алаштанушы  Елдос Тоқтарбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы да осы әңгі­менің  арғы  астарын ашып тұрғандай. Онда «Ойлашы, «Алаш ұстазы» медалі – 30 мың, ал «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген атақ 1 500 000 теңге тұрады екен» деген сарын­дағы күйініш бар. Атақ абыройдың айна­сы болуы керек еді, ол да кей тұста сауданың сөресіне шығып кеткендей әсер қалдырады. Медаль мен марапат еңбектің, жылдар бойғы ізденіс­тің, елге сіңген шынайы қызметтің белгісі болудың орнына, қалтасы көтерген адам қол жеткізетін   жасанды   беделдің  белгісіне  айнала  бастаса, ондай  атақтың  салмағы  да, қасие­ті  де қалмайды. Өйткені сатып алынған құрмет – құрмет емес, қолдан жасалған көрініс қана. Бүгін  баласына  ақша  төлеп рөл әперген ата-­ана  ертең  оған   жарыста  орын алып беруге тырысады,  арғы күні марапат әперуге ұмтыла­ды, ал мұның соңы еңбексіз келген даңқты қалыпты құбылысқа айналдыруы мүмкін. Бұл – қоғам үшін аса қауіпті үрдіс. Себебі мұндай ортада шын талант тасада қалады, шын еңбек еленбейді, шын мықты мен ақшамен алға шыққан әлсіздің арасы бұлыңғырланады. Ең жаманы, мұндай көріністерді көріп өскен жас ұрпақ «қабілетің болмаса да болады, ақшаң болса жетеді» деген жалған түсінікті санаға сіңіріп алуы ықтимал. Сонда біз бір ғана өнер саласын емес, тұтас қоғамдық әділет сезімін әлсіретеміз. Ақиқатында, атақ сатылатын, рөл үлестірілетін, жеңіс қолдан жасалатын қоғамда сенім жоғалады. Ал сенім жоғалған жерде талант та қорғала бермейді, өнер де асқақ­тамайды, абырой да бағаланбайды. Ал ондай қоғамда шын әрекет еткен адамдар көріне ме? Қорқатынымыз – осы…

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: