Қазақстанда 13–18 сәуір аралығында мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Апта ішінде дипломатиялық корпус, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау, еңбек инспекциясы, қорғаныс және прокуратура салаларында жаңа тағайындаулар жасалды.
Апта басында Асет Исенали Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі, ал Марғұлан Баймұхан Мьянма Одағы Республикасындағы елші болып тағайындалды. Сонымен қатар Нұрғали Арыстанов Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен босатылды.
Жамбыл облысында Нұрсұлтан Исабеков облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметіне келді. Бұған дейін ол Тараз қаласы әкімінің орынбасары болған. Ал Шымкентте Берік Дүйсенов қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оның еңбек жолы прокуратура, әкімдік жүйесі және құрылыс-бақылау салаларындағы түрлі лауазымдармен сабақтас.
Аптаның ортасында әскери салада да өзгеріс болды. Нұрлан Кәрібаев «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы атанды. Ол бұған дейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарған.
Ұлытау облысында бірден екі маңызды тағайындау жасалды. Денсаулық сақтау жүйесінің басшысы болып тәжірибелі хирург Рүстем Нысамбаев келсе, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментін Мерхат Сапарғалиев басқарды. Екеуі де өз саласында ұзақ жыл еңбек етіп, басқарушылық тәжірибе жинақтаған мамандар ретінде танылған.
Бейсенбі күні прокуратура саласында кадрлық ауысым болды. Бас прокурордың бұйрығымен Болат Жұмағалиев Орал қаласының прокуроры болып тағайындалды. Ол прокуратура органдарында 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді, ал осыған дейін Түркістан облысы прокуратурасында басқарма бастығы қызметін атқарған.
Жалпы, апта ішіндегі кадрлық өзгерістер дипломатиядан бастап өңірлік басқару, медицина, еңбек қауіпсіздігі, қорғаныс пен құқық қорғау жүйесіне дейінгі бірнеше маңызды саланы қамтыды. Бұл ауыс-түйістер мемлекеттік аппараттағы кадрлық жаңару жұмыстарының жалғасып жатқанын аңғартады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!