Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірдің спорт саласында оң өзгеріс бар

18.04.2026, 13:00 38

HALYQLINE.KZ

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өңірдегі спорт саласының даму қарқыны, соның ішінде биыл ғана жеке басқаруға берілген қызылоралық «Қайсар» футбол клубының стратегиялық даму жоспары мен негізгі міндеттері талқыланды.

Өңірімізде спорт саласын қарқынды дамыту аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының ерекше қолдауымен облыста 2022 жылдан бері заманауи үлгідегі 24 спорт кешені пайдалануға берілді. Қызылорда қаласының сол жағалауында ірі спорт нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп салынған теннис орталығы, 11 мың орындық халықаралық стандарттарға сай «Қайсар Арена» стадионы және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығы салынды. Сонымен қатар, құны 20,5 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп, осы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жасыратыны жоқ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселесіне қатысты теріс бағыттағы ақпарат шыққан болатын. Осыған байланысты қызылордалық «Қайсар» футбол клубының қазіргі стратегиялық жоспары мен негізгі міндеттері туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет баяндады.

— Өздеріңізге белгілі, 2019 жылы облыстық бюджеттен жергілікті клубқа 4 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген. Бұл сол кезеңдерде облыстар бойынша салыстырмалы түрде ең көп бөлінген қаржы болды. 2020 жылы клубқа облыстық бюджеттен 2,6 млрд бөлініп, 2021 жылы «Қайсардың» құрамына 9 легионер алынды. Алайда бәсекелестіктің жоғары болуы және футболшылардың кәсіби деңгейінің төмендігі салдарынан жергілікті команда чемпионатта 19 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 13-орынға жайғасып, Бірінші лигаға төмендеді. 2022 жылы аймақ басшысы жергілікті командаға Премьер-Лигаға өтуге тиісті талаптар қойды. 2023 жылы аталған клубқа облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, дұрыс жоспардың, қойылған тиісті талаптардың нәтижесінде жергілікті команда Бірінші Лигадан Премьер-Лигаға өтті.

Ал, 2024-2025 жылдар аралығында команда облыстық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд теңгемен жасыл алаңда өнер көрсетті.

Сонымен қатар, «Қайсар» футбол клубының 2020 жылдан бастап қалыптасқан 753 млн теңге көлемінде берешегі бар екенін білесіздер. Қазір клуб қарызы жабылуда.

Мемлекет басшысы футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты тиісті тапсырма берді. Соған байланысты, елімізде алғашқылардың бірі болып қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың соңында жеке басқаруға өтті.

Алдағы 5 жылда «Қайсар» футбол клубына облыстық бюджеттен белгілі бір көлемде қаржы қарастырылады. Осы уақыт аралығында қаржы көлемі кезең-кезеңімен азайып, бес жылдан кейін облыстық бюджеттен қаржыландыру толық тоқтатылады. Биыл жергілікті клубқа бөлінген қаржы 200 млн теңгеге дейін қысқартылды, — деді М.Шермағанбет.

Сондай-ақ, биыл «Қайсар» футбол клубына облыстық бюджеттен бөлінген 995 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс өткізіліп, жеңімпаз атанған «TAU Group LTD» компаниясына қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта инвестор 18 млрд теңгеге «Қайсар» академиясын салуда. Биыл негізгі база мен жаттығатын 3 алаңды салып, күз айларында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал толық кешенді 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Жоба аясында 7 толық өлшемді және 2 балалар алаңының құрылысы, сонымен қатар жабық манеж бен ойыншыларды қалпына келтіруге арналған медициналық орталық қарастырылған.

Брифингте «Қайсар» клубын қаржыландыру тақырыбы да назардан тыс қалмады. Әлеуметтік желілерде кейбір желі қолданушылары клубқа бөлінетін қаржыны қысқартып, оны мұғалімдер мен жұмысшылардың жалақысын арттыруға бағыттау жөнінде пікір білдірген болатын. Осыған байланысты жауапты сала басшылары нақты түсіндірме берді.

— Бүгінгі күні Қызылорда облысында мемлекеттік және жеке кәсіпорындар бойынша жалақы қарызына қатысты ірі мәселе тіркелмеген. Яғни, еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда және бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан спорт саласына бөлінген қаржы әлеуметтік міндеттемелерге кері әсер етпейді, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

Жалпы, Сыр өңірінде спорт саласын дамыту жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Инфрақұрылымның жаңаруы, жекеменшік инвестициялардың тартылуы және басқару тетіктерінің жетілдірілуі спорт саласынының ғана емес, өңірдегі білім саласының да жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.

— Бүгінгі күнге дейін барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарында жалақы бойынша берешек тіркелмеген. Жеке мектептерге қатысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданған. Аталған құжатқа сәйкес, өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында 37 мектеп конкурсқа қатысып, олардың тек екеуі ғана белгіленген талаптарға толық сәйкес келген. Осыған байланысты аталған білім беру ұйымдарына мемлекеттен бөлінетін қаржы толық көлемде аударылды. 2026 жылға арналған кезекті конкурс нәтижесінде 24 өтініш қаралып, оның ішінде 11 мектеп талаптарға сай деп танылды. Қазіргі уақытта бұл мектептерге тиесілі қаржы уақытылы аударылып отыр. Заңға және тиісті талаптарға сәйкес емес жеке мектептердің қарызы құрылтайшылар есебінен төленеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде білім саласына бөлінген қаржының қысқартылып, өзге салаларға бағытталып жатқаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Білім саласынан үнемделген қаражат өзге бағыттарға емес, тек осы саланың өзекті мәселелерін шешуге жұмсалады. Қолды болып, талан-таражға түсіп жатқан қаржыны тоқтатудың нәтижесінде үнемделіп қайтарылған қаражат есебінен білім саласындағы ауқымды жұмыстарға жұмсалды, — деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Қанатов.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке басқаруға берілген клубтың жаңа иесі «TAU Group LTD» компаниясының басшысы, жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақов өз сөзінде бұл жауапкершілікті үлкен сенім ретінде қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жанкүйерлердің сенімінен шығу үшін барынша еңбек етіп, басты міндеттерді орындайтынын жеткізді.

– «Қайсар» – тек клуб емес, бұл халықтың сенімі. Біздің басты мақсатымыз – команданың ойын нәтижесін жақсарту, жанкүйерлер үмітін ақтау және болашаққа мықты негіз қалыптастыру. Сол үшін біз академия құрылысына басымдық беріп отырмыз. Негізгі үш бағытымыз бар: стадионды өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу, жанкүйер сенімін нығайту және мықты футбол мектебін қалыптастыру. Осы бағытта нақты жұмыстар басталып кетті. Қазіргі уақытта 18 млрд теңгеге заманауи футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында бірнеше толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж және медициналық оңалту орталығы салынбақ. Биыл алғашқы үш алаң мен жаттығу базасын пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді Исламғали Қозбақов.

Расында, жаңа «Қайсар Арена» стадионы УЕФА талаптарына сай IV санатты нысан ретінде танылған. Бұл – өңір спорты үшін маңызды жетістік. Сонымен қатар, стадионды 500 млн теңге күтіп-ұстау шығындары да жеке инвестор есебінен төленіп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: