Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азуы кетілген «қасқырлар» немесе «Қайсар» маусымды қалай бастады?

16.04.2026, 7:40 103

«Қайсар»  командасы ҚПЛ-дегі 2026 маусымын бастады. Алғашқыда бәріміз қуандық. «Қанша жылдан бері «Қайсарымыз» жекенің қолына өтіп, үздіктер қатарынан  көрінетін,  Еуропаның  белді  турнирлеріне қатысатын  болды ғой»  дестік. Жаңа  басшылық  сенімімізді сейілтпей, командаға  үлкен  өзгерістер енгізді. Одан сайын бөркімізді аспанға атып қуандық. ҚПЛ клубтары Еуропаның мен деген экс-мықтыларын әкелген тұста «Қайсар» да трендтен қалыспады. Кезінде «Челсидің» негізгі құрамында доп теуіп, АПЛ-ды бағындырған Мозес Қызылордадан бір-ақ шықты. Онымен қоймай, Рио олимпиадасының қола жүлдегері, бір кездері Ла Лиганың «Лас-Пальмасының» ойыншысы болған Эзикель де «қасқырлар» сапына қосылды. Осы шамада тағы біршама трансфер жүзеге асты. Кумыков кетіп, ҚПЛ-де шабуылға мығым ойын көрсеткен «Оқжетпес» бапкері Андрей Ферапонтов тізгінді алды. Несін айта бересің, бәрі тамаша. Ашығы, жаңа маусымнан күтеріміз көп болды. Дегенмен, жаңа маусым әзірге көңіл көншітпейді. Жанкүйерлер наразы. Әзірге өткен бес турдағы  «қасқырлардың»  ойынын егжей-тегжейлі  талдап, шолу  жасағанбыз. Толығырақ  тарқатсақ.

Бүтін бір команда бес ойын өткізіп, тек бір гол салды. Иә, шалыс естімедіңіз. Еуропада бір шабуылшы тура осындай статистика жасаса, оны жерден алып, жерге салады. Ал мұнда бүтін клуб. Жанкүйерлердің шырылдайтындайы-ақ бар. Жалғыз голды салған шабуылшы емес, қорғаушы. Жақында ұлттық құрамамен жолдастық трофей жеңіп келген Әділет Кеңесбек. Қысқасы, әзірге шабуылшылардан  аса  қайыр  болмай  тұр.

Бірінші ойынды «қасқырлар» «Жеңіске» қарсы өткізді. Қызылордадағы су жаңа стадионда екі команда 1:1 есебімен теңесті. Аса мән бермедік. Бірінші ойын тең, бастысы ұпай бар деп қайырдық. Одан соң елордалық «Астанамен» де тура осы алаңда ойнады. Ол матчқа шынымен көңіліміз толды. Еуроку­бок көрген, Томасов, Исламхан сынды лидер ойыншылары бар «Астана­ға» қарсы ұпай алу, тең ойнаудың өзі – «Қайсар» үшін әжептәуір нәтиже. Тең ойынмен қатар, «қайсарлықтар» көп­теген шабуыл жасап, жанкүйерлерді қуан­тып қойды. Сол ойында Виктор Мозес ҚПЛ-дегі дебютін өткізген болатын. Оны  да алаңнан көріп, белсенділігіне таңғалып, разы болдық. «Қайсардың»  сұрықсыз  ойыны  осы «Астанадан» кейін басталды десек болады. «Оңтүстік дербидегі»  «Ордабасыдан»  жеңіліс, деңгейлес «Қызылжармен» сүреңсіз ойын әрі тең есеп және жақында ғана «Атырау­дан» сырт алаңда, сырт алаң дейміз-ау, шынына келгенде «Атырау» Түркістандағы аренаны «өз алаңы» деп ойнағанымен, Атырауға қарағанда Қызыл­ордаға жақын стадионда ойнады. «Қайсар» ұзақ жол жүрмегенімен, көп жағдайда жеңіп, кемі теңесіп жүрген коман­дадан шарасыз  ұтылды.

Бес ойынның да статистикасына көз жүгіртсек, «Қайсар» қарқын алған ба дерсің.  Допқа иелік ету бойынша бес матчта тек «Жеңіс» пен «Астанаға» есе жіберіпті.  Бір  қызығы,  сол  екі  ойында ең жақсы ойынын өткізіп, «Атырауға» қарсы доминация жасаса да, жеңіске жете алмаған. Демек, «Қайсарға» Кумыковтың «бей-беги» ойын стилі Ферапонтов­тың ашық, шабуылға басымдық берген ойыны­на қарағанда майдай жаққан секілді. «Қайсар» бес ойынның үшеуінде қарсыластан оқ бойы озық болса да, тек бір гол ғана сала алған. Яғни шабуылдаушы ретпен, тиісінше реализациямен үлкен мәселе орнығып тұрғандай.

Аты жер жарған трансферіміз Мозес ойынымен таңғалдырып жатқан жоқ. Бұл мәселе тек «Қайсарда» емес, сонау португал елінен Наниді аттай қалап алдырған «Ақтөбеде» де бар. Ақтөбе­лік жанкүйерлер Наниді тек ақша табу үшін келген, ойынмен шаруасы жоқ деп айыптауда. Мозеске тура солай айтуға әзірге аузымыз бармайды. Тырысып-ақ жүргендей, бір жағынан жас мәселесі­мен қоса оған доп жеткізушілерде де кінә бар секілді. Доп жеткізуші демекші, «Қайсар» аңыз ойыншысы Думан Нәрзілдаевты «Тұранға» беріп жіберді. Шыны керек, «Қайсар» жанкүйерлері маусым басынан негізгі құрамда көрінбеген Думанның кетуі мүмкін екенін әу бастан топшылаған. Қызылордалық командаға біраз уақытын сарп еткен «дирижермен» қоса «Қайсардың» жас қорғаушысы Мұрзағалиев те «Тұранға» ауысты. Былтыр мүмкіндігі жоғары саналған жас қор­ғаушының кімге ұнамай қалғанын, шыны керек, түсіне алмадық.

Оның үстіне жаңа бапкер өзімен бірге «Оқжетпестің» бірқатар ойыншысын ертіп әкелді. «Оқжетпес» былтыр жетістігімен көзге түспегенімен, ойынымен көпті тамсандырған еді. Сол ойыншылар «Қайсарға» ауысса, жаңа бапкер мен Мозес пен Эзикель, белді ойыншы Айбол Әбікен­мен әдемі үйлесім табады-ау деп ойлағанбыз. Бірақ ол ойыншылар нәтижемен көрініп жатқан жоқ. Тек вингер Бақытжан Тәжібайдың техникасы, жалпы ойыны сәл де болсын қуантады. «Ферапонтов өзімен қанша ойыншы әкелді, екі білдей легионер алды, бірақ тек қазақтар мен түлектермен ойнаған «Қайсар» секілді ойнай алмай жүр». Жанкүйерлердің  басты  жанайқайы – осы.

Әрине,  бастапқыда  біраз нәрсе жоспарлағанбыз. «Қайсардың» биылғы мүмкіндігі төрттікке енуге жете­тін секілді.  Еурокубок, күт!» деп ұрандаттық. Қайдам, үмітіміз су сепкендей басылды. Не де болса, толық пессимизммен қарап, «болды, бәрі бітті» деуден аулақпыз. Әзірге «Қайсар» 16 команда ішінен 12-орынды түйіндеп тұр. Бұл тек алғашқы бес турдан кейінгі көрсеткіш ғана. Әлі қаншама тур  бар. Ферапонтовтан да күдер үзуге болмайды. Бейім­делу деп бағамдалық,  одан  өтіп, жақсы  ойнап  кетсін деген­ге  сенейік.

Жанкүйер ретіндегі реалистік, объективті болжам – 7-8-орын. Одан асса, тіпті жақсы. «Қайратпен» кубок­тегі ойын болмаса, ішкі лигадағы алдағы ойындардың жүгі жеңіл. Команда ойыншылары жігер танытып, жеңіске жетпесе, ҚПЛ-де жеңіс дәмін татпағалы 260 күн болыпты. Жарты  жылдан  астам уақыт, сұмдық, масқара көрсеткіш.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ.

Коллаж: Жасанды  интеллекті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: