Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көшеде кітап оқыған қария

15.04.2026, 8:35 60

HALYQLINE.KZ

Көктемнің жайма-шуақ күні. Дүйсенбі күні (14.04.2026ж.) бір шаруаммен қала көшелерінің бірі Сыздық көшесіне қарай бұрылдым. Құстардың әуезді үні, тап-таза көшелер – бәрі де ерекше бір тыныштық пен үйлесім сыйлап тұрғандай. Айналаға көз сала, жолай Сац көшесін кесіп өтіп бара жатып, орындыққа жайғасқан шашына ақ кірген бір қарияны байқадым да, таңдана кілт тоқтадым.

Қолында – кітап.

Қуана секіріп, жанына жетіп бардым.

– Сәлеметсіз бе! Кітап оқып отырсыз ба? — деппін ғой, көріп тұрып, қуанышымды жасыра алмай.

– Иә, — деп жымиып жауап берді қария.

– Күнде жарты сағат кітап оқисыз ба? Жастарға, мектеп оқушыларына үлгі болсаңыз, керемет болар еді. Сізді суретке түсіріп алуға рұқсат па?

– Рұқсат. Өркенің өссін, — деді ол кісі ақ батасын беріп.

Бетімді сипадым, ішімнен жақсы тілек тіледім.

Аты-жөні – Сапарбек Мұқанов. Ағаның қолындағы кітап детектив екен. Шынында, кітап оқып отырған ағаны көріп, төбем көкке жеткендей болды. Бұл мен үшін күтпеген, бірақ аса қуанышты жағдай болды. Каникул кезінде Сыздық көшесі бойында оқушылармен кітап оқып отырған кезде байқаған едім. Жақындап оқушылармен сөйлескенінде, жарты сағат кітап оқуға шақырған едік. Дегенмен, бұрыннан кітап оқып үйренген азамат-ау дедім.

Мектеп қабырғасында басталған жоба енді қоғамға шыққан сияқты сезіндім.

Ағаның қарапайым әрекеті, орындықта отырып кітап оқу – бүгінгі жастарға үнсіз берілген үлкен тәрбие. Өйткені тәрбие сөзбен ғана емес, іспен беріледі.

Бұл кездесу мен үшін үлкен мотивация болды. Демек, дұрыс бағытта келе жатырмыз. Демек, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – мүмкін іс. Ең бастысы – тоқтамау. Қолына жарты сағат кітап оқуға шақырған буклетті ұстатып, жылы қоштастым. Ағаның кітап оқып отырған суретін бірден 121 жас оқырман отырған «30 минут – жаңа әлем» клубы чатына салдым. Мотивация!

Кейде үлкен өзгерістер дәл осындай қарапайым, бірақ мағыналы сәттерден басталады.

Жайма-шуақ аспан астында, ең көрікті қала Алматымыздың жайлы орындықтарында отырып, жарты сағат кітап оқыңыздар. Ерік-жігері мықты адам ғана жарты сағат уақытын кітап оқуға арнай алады.

Құрметпен,

Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ,

мұғалім

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: