Бүгін Қызылорда қалалық ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионатының І іріктеу кезеңі өтті. Жүйріктердің басты додасына еліміздің барлық аймағынан 150-ге жуық шабандоз қолтума құнан бәйге, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге, қолтума аламан бәйге бойынша бақ сынасты.
Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, ҚР Бәйге федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаев, ҚР Грек-рим еркін және әйелдер күресі федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Сәрсенов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев арнайы қатысты.

Ардақ Зебешев ұлттық спортты дамытуда ат бәйгесінің ерекше маңыздылығына тоқталып, шабандоздарға сәттілік тіледі.
«Қазақ ұғымында жылқы қашанда тектіліктің белгісі саналады. Сондықтан да ат бәйгесі – көшпелі халықтың мәдени дәстүрінен тамыр тартатын ұлттық спорттың ең негізгісі. Бүгінде Сыр өңірінде 30 мыңға жуық спортшы ұлттық спортпен жүйелі түрде шұғылданып, халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Олардың қатарында қазақ күресінен Ұлан Рысқұл, Мақсат Исағабылов, Нұрым Сәлімгереев, Еңбек Сақтағанов, Руслан Теміржан, тоғызқұмалақтан Бексұлтан Бостандықов, алыш күресінен Назерке Әбілтаева, көкпардан өңір тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсеткен Медетбек Балғынбек бар. Осы ретте, ата-бабамыздан аманат болған ұлттық дәстүрді қастерлеп жүрген барша бапкерге, шабандоздарға және спорт жанашырларына зор алғыс білдіремін»,- деді Ардақ Темірханұлы.
Іс-шарада Руслан Бахыттыұлы, Мұрат Өсербаев және Дархан Сәрсенов сөз сөйледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!