Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада грек-рим күресінен халықаралық турнир өтеді

10.04.2026, 23:55 29

10-12 сәуір күндері Қызылорда қаласының сол жағалауындағы «Теннис» орталығында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы II халықаралық турнир өтеді.

Аталған жарысқа байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Брифингке Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Ғарифоллаұлы, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, Қырғызстаннан келген балуан, жастар арасындағы әлем чемпионы Руслан Царёв және Өзбекстан өкілі, жастар арасындағы әлем чемпионы, жаттықтырушы Бабур Зайлобидинов қатысып, алда өтетін халықаралық бәсекенің маңызына тоқталды.

Батыр рухына тағзым ретінде екінші мәрте ұйымдастырылып отырған халықаралық турнирге 20-дан астам мемлекеттен және еліміздің барлық өңірлерінен 200-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Олимпиада, әлем, Еуропа және Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Жарысқа Әзірбайжан, Бразилия, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістан елдерінен және Қазақстанның барлық аймақтарынан балуандар келеді. Спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша, атап айтқанда 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 келіде сынға түседі.

Аймақ спортшылары үшін бұл турнир халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға, шеберлікті шыңдауға және Қызылорданың спорттық әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: