Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада панкратионнан Қазақстан чемпионаты басталды

10.04.2026, 16:55 69

Қызылордадағы «Евразия» спорт кешенінде панкратионнан жасөспірімдер, юниорлар, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті.

Ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда қатысып, 800-ге жуық спортшы үш жас санаты мен түрлі салмақ дәрежелері бойынша бақ сынайды.Салтанатты рәсімге облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, ММА және панкратион ұлттық федерациясының құрметті президенті Гаджи Гаджиев, федерация президенті Сағындық Мекеев, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, облыстық жекпе-жек айқастары бойынша панкратион және грэпплинг федерациясының құрметті президенті Алмат Жүнісов қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары панкратионның елдік рухпен сабақтас спорт түрі екенін атап өтті.«Баһадүр бабаларымыздан, ержүрек батырларымыздан аманат болған жекпе-жек өнері ертеде елді ішкі-сыртқы жаудан қорғайтын жауынгерлер арасында кеңінен таралса, бүгінде батылдық пен ептілікті талап ететін спорт түріне айналды. Біздің өңірде 600-ден астам спортшы панкратионмен тұрақты түрде айналысады. Екі дүркін әлем чемпионы Абылай Шәкірбеков, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Олжас Есқараев және жастар арасындағы әлем чемпионы Әли Мұсағалиев сынды Сыр спортшыларын ерекше мақтанышпен айтамыз. Бүгін олардың ізін жалғайтын жас спортшылар маңызды жарыста тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдайды. Бұл дода өскелең ұрпақтың қайратты, батыл, намысты әрі жігерлі азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін», деді Данияр Жаналинов.

Рәсім барысында Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, ММА және панкратион ұлттық федерациясының құрметті президенті Гаджи Гаджиев пен федерация президенті Сағындық Мекеев жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары қонақтарға ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетті. Концерттік іс-шара Сыр өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, панкратионнан Қазақстан чемпионаты 13 сәуірге дейін жалғасады. Жарыс қорытындысында үздік шыққан спортшылар арнайы дипломдар және медальдармен марапатталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: