АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінен транзит үшін ақы алуды тоқтатуға үндеді. Ол бұл пікірін Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында жариялаған.
Трамптың айтуынша, Иранның аталған бұғаз арқылы өтетін танкерлерден ақы алып жатқаны жөнінде ақпарат тараған. Ақ үй басшысы мұндай тәжірибе рас болса, оны дәл қазір тоқтату керек екенін мәлімдеді.
АҚШ президенті бұдан бөлек The Wall Street Journal басылымын да сынға алды. Оның сөзінше, газет Трамптың Иранға қатысты ұстанымын бұрмалап көрсеткен. Президент Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейтінін тағы да қайталап, Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Вашингтонның ұстанымы өзгермейтінін аңғартты.
Айта кетейік, бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кемелер қозғалысына қатысты балама бағыттар енгізгені хабарланған еді. Сарапшылар бұл аймақтағы кез келген өзгеріс әлемдік мұнай тасымалы мен энергетикалық нарыққа тікелей әсер етуі мүмкін екенін айтып жүр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!