Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғарыштағы ресурстар үшін жаһандық бәсеке

09.04.2026, 8:40 45

Адамзат  бүгінде  жаңа  дәуірге қадам  басты. Ақпарат  заманында ғарыштық  интернетке  деген сұраныс  артып  қана  қоймай,  Ай мен  астероидтарды  игеру  жоспары халықаралық  саясаттың  басты тақырыбының  біріне  айналды. Бұл – тек  технологиялық  жетістік емес,  жаңа  геосаяси  бәсекенің көрінісі, ұлттық  ықпал  мен стратегиялық  үстемдіктің   басты  құралы.

Адамның ғарышқа ұшу арманы бір күнде жүзеге асқан жоқ. Бұл – ғасырлар бойы жалғасқан ізденіс пен табандылықтың нәтижесі. Көк аспанға көз тіккен Константин Циолковский, Роберт Годдард, Герман Оберт, Юрий Кондратюк,  Фридрих  Цандер,  Вернер  фон  Браун және тағы басқа ғалымдар адамзаттың  ғарыш­қа  қадам басуына  жол  ашты.

Олар ғарыш кемесінің құпиясын зерттеп, әрбір сәтсіздікті жаңа жетістікке бастайтын тәжірибеге айналдырды. Сансыз сынақтар мен қажырлы еңбектің арқасында адам баласы көкке қадам бас­ты.

Дұрысы, 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин ғарышқа алғаш ұшып, адамзаттың жаңа дәуірге қадам босуына жол ашты. Бұл 65 жыл бұрынғы ғылыми жетістік қана емес, елдердің саяси беделі мен технологиялық қуатының өлшемі саналды. Содан бері ғарышты игеру халық­аралық бәсекенің, идеологиялық үстемдіктің басты құралы болғанын жасыра  алмаймыз.

Кеңестік  және ресейлік ғарышкер 130-дан астам көкке ұшып, «Союз» кеме­лері Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) әлі күнге дейін негізгі көлік қызметін  атқарып  келеді.

Дегенмен, АҚШ стратегиялық артық­шылыққа қол жеткізді. «Меркурий» мен «Аполлон» бағдарламасын қабылдап, Айға қонған жалғыз ел атанды. Кейін «Шаттл» кемелері, бүгінгі SpaceX және Boeing жобасы – Вашингтонның ғарышты геосаяси үстемдіктің аренасына айналдырғанының айқын дәлелі. Бүгінге дейін 360-тан астам америкалық ғарышкер орбитаға  шыққанын ескерсек, АҚШ-тың  басымдығы  еш  дау  тудырмайды.

Еуропа да бұл салада өзіндік орнын қалыптастырды. Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) арқылы  Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания сынды елдер 50-ден астам ғарыш­керін жіберіп, халықаралық ғылыми бағдарламаларға белсенді қатысуда. Канада да 9 ғарышкерін  ұшырды. Алайда  олардың жетістігі  кө­біне  АҚШ  пен  Ресей  жобасына  тәуелді.

Жапония 10-нан астам ғарышкерін ұшырса, Қытай небәрі 20 жыл ішінде 20-дан астам «тайконавын» орбитаға көтеріп, «Шэньчжоу» бағдарламасы мен «Тяньгун» станциясы арқылы ғарышты дербес игеруге қол жеткізді. Бұл – ХХІ ғасырдағы  жаңа  ғарыш жарысының  басталғанының  нақты  белгісі.

Канада, Үндістан, Моңғолия, Вьетнам, Сауд Арабиясы, БАӘ, Мексика және Қазақ­стан сынды елдер де ғарышқа өз өкілін жібе­ріп, халықаралық қауымдастықтағы орнын айқындады.

Ғарыш сапарының негізгі бағыты – Жер орбитасы. Мұнда «ХҒС», «Мир», «Салют» станциясы және қазіргі Қытайдың «Тяньгун» зертханасы адамзаттың ортақ ғылыми алаңы ретінде қызмет етуде. Бірақ ғылыми тәжірибемен қатар, бұл нысан мемлекеттердің технологиялық  қуатын сынайтын, саяси ықпалын арттыратын  орталық  екені  жасырын  емес.

Қазір  әлемде ғарышқа дербес ұшып, Жерден  тыс  нысандарға  қону мүмкіндігіне ие алты  ірі  агенттік  бар. Олар – АҚШ-тың NASA ұйымы, Ресейдің Роскосмосы, Қытайдың CNSA агенттігі, Үндістанның ISRO орталығы, Жапонияның  JAXA  агенттігі және Еуропалық ғарыш  агенттігі (ESA).

1958 жылы құрылған NASA халықаралық серіктестік аясында Күн жүйесін жүйелі зерттеуді  жолға қойды. Алдағы онжылдықта ғарыш державасының Марсқа ұшу жоспары халық­аралық  бәсекені  одан  әрі  шиеленістіре  түсті.

Ғарышты игеру бүгінде тек ғылыми бедел емес, экономикалық және саяси артық­шылық ретінде бағаланады. Бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімге серпін беру­де. Сонымен бірге, ғарыш­тық бағдарлама мемлекеттер арасындағы ынтымақ­тастықты нығайтып, ұлттық мүддені қорғаудың  жаңа  алаңына  айналуда.

Бүгінде ғарыш станциялары мен жерсеріктер тек ғылыми зерттеу алаңы емес, экономи­калық, технологиялық және әскери басымдықтың маңызды құралына айналды. Цифрлық дәуірде интернет – дамудың, бәсекеге қабілеттіліктің және әлеуметтік теңдіктің негізгі тетігі. Ал ғарыштық интернет осы мүмкіндік­ті ең шалғай аймақтарға дейін жеткізудің  тиімді  жолы  болып  отыр.

Халықаралық телекоммуникация одағының (ITU) мәліметінше, 2022 жылдың соңында әлем халқының небәрі 63 пайызы ғана интернетке қосылған. Шамамен 3 миллиард адам әлі де цифрлық кеңістіктен тыс қалып отыр. Бұл – білімге, медицинаға және экономикалық мүмкіндіктерге қолжетімділіктің шек­телуі, яғни  жаһандық  теңсіздіктің  тереңдеуі.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін алпауыт мемлекеттер төменгі Жер орбитасына мыңдаған  жерсерік ұшырып, ғарыштық интер­нет жүйелерін дамытып жатыр. Бұл – тек технологиялық  бастама  емес, ұзақмерзімді  геосаяси  стратегия.

Қазіргі уақытта ең ауқымды әрі жұмыс істеп тұрған жоба – Starlink. SpaceX компания­сы 10 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, 2023 жылдың соңында 2,5 миллион абонентке жетті. Қызмет 70-тен астам елде қолжетімді. АҚШ Конгресінің деректерінде Starlink-тің Украинадағы соғыс кезінде байланыс тұрақтылығын қамтамасыз еткен стратегиялық рөлі атап өтілді. Бұл жүйе АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен геосаяси ықпалының бір  тетігіне  айналды.

Ұлыбританиялық OneWeb 648 жерсеріктен тұратын орбиталық тобын толық қалып­тастырып, 2025 жылдан бастап дамушы елдер­ге интернет ұсынуды жоспарлап отыр. Ал Қытайдың Guowang жобасы 13 мыңға жуық жерсерікті қамтып, 2030 жылға дейін іске қосыл­мақ. Сарапшылар оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасының цифрлық жалғасы ретінде бағалайды.

Morgan Stanley болжамына сәйкес, ғарыштық интернет нарығы 2030 жылға қарай 400 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл салада үстемдікке ие болған ел экономикалық табысп­ен қатар, саяси және ақпараттық ықпалға да қол жеткізеді. Сондықтан ғарыштық  интернет  ХХІ  ғасырдың жаңа геосая­си  ресурсына  айналып  отыр.

Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары барысында «Қазақтелеком» мен Amazon Kuiper арасында спутниктік интернет бойынша дистрибьюторлық келісім жасалды. Бұл қадам шалғай өңірлерді сапалы байланыспен  қамтуға  мүмкіндік  береді.

Сонымен қатар, елде ұлттық ғарыштық әлеует дамып келеді. Қазіргі уақытта KazSat-2 және KazSat-3 байланыс жерсеріктері, сондай-ақ «Ақкөл» мен «Көктерек» жерүсті бас­қару кешендері жұмыс істеп тұр. 2029 жылы KazSat-3 жерсерігін жоспарлы түрде жаңарту көзделген.

Ғарыштық интернет – болашақтың емес, бүгінгі күннің нақты экономикалық әрі гео­саяси құралы. Қазақстан үшін ол цифрлық теңсіздікті жоюдың, өңірлерді дамытудың және ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды  бағыты  болып  қала  береді.

ХХІ ғасырдағы ең тартымды әрі ықпалды бизнестің бірі – ғарыш туризмі. Бұрын бұл сала тек мемлекеттердің ғылыми бағдарламасына және кәсіби ғарышкерлерге тиесілі болса, бүгін­де жеке адамдар үшін де ашық бола бастады.

2001 жылы америкалық Деннис Тито Ресей­дің «Союз» кемесімен ғарышқа аттанып, тарихтағы алғашқы ғарыш турисі атанды. Кейіннен Марк Шаттлворт (Оңтүстік Африка), Грегори Олсен (АҚШ), Анууше Ансари (Иран), Чарльз Симони (АҚШ-Венгрия), Ричард  Гарриотт (АҚШ), Ги Лалиберте (Канада) ғарышқа  саяхат  жасады.

2021 жылдан бастап ғарыш туризмін жеке компаниялар дамытты. Virgin Galactic негізін қалаушы Ричард Брэнсон алғашқы суборбиталық сапарға шықса, Blue Origin иесі Джефф Безос өзінің миссиясына тікелей қатысты. Бұл ұшулар тарихта ерекше кезең ашты: нидерландық Оливер Дэмен ең жас ғарышкер атанса, америкалық Уолли Фанк ең қарт әйел ғарышкер ретінде рекорд орнатты. Кейінгі миссияларға Бразилия, Франция, Египет азаматтары да  қатысты.

SpaceX компаниясы орбиталық туризмнің жаңа дәуірін бастады. Inspiration4 миссиясында алғаш рет тек туристерден құралған экипаж бірнеше күн бойы Жерді айналып шықты. Ал Axiom Space жобасы аясында АҚШ, Канада, Израиль және Сауд Арабиясының өкілдері Халық­аралық ғарыш станциясына барып қайтты.

Бұл тәжірибелер ғарыш туризмі миллиар­дерлердің қызығушылығынан асып, бүкіл адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеп отыр. Ең бастысы, ғарышқа саяхат адамдардың дүниетанымын өзгертеді. Мәселен, Марк Шаттлворт «ғарышқа шыққаннан кейін  бизнеске де, өмірге де көзқарасым түбе­гейлі  өзгерді»  десе, Сиан Проктор Жерді жоғарыдан көргенде «барлық мәселеге мүлде басқа тұрғыдан қарауға мәжбүр болдым» деп баға берген. Бұл пікірлер ғарышқа ұшудың рухани және  философиялық  мәнін  де  айқындайды.

Былтыр қазақстандық алғашқы ғарыш тури­сі Дана Қарағұсова америкалық Blue Origin компаниясы ұйымдастырған New Shepard кемесі­мен тарихи суборбиталық ұшуға шықты. Ұшу барысында кеме 100 шақырымнан асатын биіктікке көтерілді. Бұл сапар Дана Қара­ғұсованың бірнеше минутқа салмақсыздық күйін сезінуіне, сондай-ақ Жерді ғарыштан бақылауына  мүмкіндік  берді.

Аталған миссия тек жеке жетістік қана емес, Қазақстан үшін де символдық мәнге ие оқиға болды. Ол еліміздің ғарыш саласына деген қызығушылығы артып келе жатқанын, қазақстандықтардың әлемдік ғарыш туризмі нарығына  қадам  баса  бастағанын  көрсетті.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. ХХІ ғасырда ғарыш кеңістігі тек ғылым мен технологияның алаңы емес, сонымен қатар геосаяси ықпал мен мемлекеттік мүдделер тоғысқан жаңа аренаға айналды. Әсіресе, астероидтардан сирек кездесетін металдарды өндіру қазіргі заманның ең маңызды бағытының бірі болып отыр. Сондықтан ғарышқа бақылау орнату халықаралық тәртіптің жаңа нормасын белгілеумен тең. Кім ғарышта үстемдікке ие болса, сол мемлекет жаһандық саясаттың бағытын анықтайды. Мұндай бәсеке тек адамзат жетістігі емес, сонымен қатар елдердің стратегиялық салмағын  анықтайтын  күш  саналады.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: