Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері, өңірлердегі нысандар құрылысының сапасы талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, «Қорқыт ата әуежайының» қазіргі жұмысы туралы баядама жасады.
Еске салсақ, 2024 жылы Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген еді. Бір мезетте 250-ден астам жолаушыға сапалы қызмет көрсететін заманауи әуежай арқылы бүгінде аптасына 28 рейс қатынайды.
«Облыста жолаушылар тасымалын дамыту – басты міндеттің бірі. Осы жылдың сәуір айына дейін «Қорқыт ата әуежайынан» 63 мыңнан астам жолаушы жөнелтіліп, былтырмен салыстырғанда 58,9 пайызға артқан. Бұдан бөлек, терминалда цифрлық басқару жүйесі енгізілген, яғни барлық операциялар мен процестерді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік бар. Жақында ғана «Вана холдинг» компаниясымен «Қорқыт Ата әуежайын» сенімгерлік басқаруға беру туралы меморандумға қол қойдық. Осылайша халықаралық стандарттарға сай логистикалық хаб қалыптасады.
Әуежай маңынан арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл маңызды жоба облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек», – деді облыс әкімі.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жолаушылар тасымалы саласына жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, жиында төрт айдың қорытындысымен өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланып, экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек баяндама жасады. Мұрат Нәлқожаұлы өнеркәсіп және өндеу өнеркәсібі көлемі бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан әкімдеріне қатаң тапсырма берді.
Мәжілісте оқу жылын қорытындылау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!