2000 жылдары үкімет «болашақ – білімділердің қолында, болашақта дипломы жоқ адам керексіз болып қалады» деп айтты. Мұндай білімге деген үндеу сөз алғашында жұрттың құлағына жағымды естілгенімен, екінші жағынан адамдардың бойын үрей биледі. Баласының болашағына алаңдаған жұрт балаларын жаппай оқуға түсіре бастады. Содан соң үкімет ҰБТ дегенді шығарды. Бұл екі идея немесе тәсіл бір қарағанда оңтайлы шешім болып көрінді, бірақ ол бірқатар проблема алып келді.
1. Суицид.
2. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас проблемасы.
3. Мамандық таңдау.
4. Сапасыз университеттер көбейді.
5. Дарынсыз мамандар көбейді.
1. Суицид мәселесі.
11-сынып бітірген түлектің болашағын енді өткен шақтағы алған білімі емес, ҰБТ-дан алған ұпай саны шешетін болды. Яғни, сен қанша жерден мектепті беске оқып, қызылға бітірсең де, университетке түсуге кепіл бола алмайды. Одан бөлек, мектепте нашар оқысаң да, ҰБТ-дан жоғарғы ұпай алсаң, университетке грантқа түсуіңе мүмкіндігің зор. Өмірлік дүниетанымы толық қалыптаспаған, оң-солын танымаған, болашағынан үміті зор өрімдей жас жеткіншектер ҰБТ-ның шегінен өте алмағанынан сағы сынып, қиындықты көтере алмай, өзіне қол сала бастады. Бұл мәселеде ата-ананың да кінәсі бар еді. Себебі, ата-ана үшін баласының оқуға түсе алмауы, ҰБТ-дан құлауы – өліммен тең еді. Сол үшін ата-ана баласына «бізді елдің алдында ұятқа қалдырып, жерге қаратпа» деген ауыр салмақ салып, өмірді күрделендіріп жіберді.
Мұндай қоғамдық ауыр жайттардан кейін әр ата-ана баласы үшін алаңдай бастады. «Келесі жылы менің де балам ҰБТ-дан өтпей қалса, ол да өзіне қол салуы мүмкін бе?» деген қорқыныш тудырды. Бұл кезде ата-ана баласының өмірі үшін алаңдағанда, «балам, еш алаң болма, оқуға түсе алмасаң, ештеңе етпейді, маған сенің амандығың керек» деп айтудың орнына «ҰБТ-ға дайындалмасаң, сен де ертең құлауың мүмкін, бізді ұятқа қалдырасың, сондықтан қазірден бастап қамдан» деп баланың өмірі емес, ҰБТ-ны маңызды етіп қойды (әлбетте барлығы емес). Мұндай ата-ана тарапынан болған тым жоғары талап баланың психикасына теріс әсер етіп, өзіне деген сенімсіздігін арттырып жіберді.
2. Көп ұзамай ҰБТ-ға дайындайтын түрлі қосымша курстар пайда болды. Ата-аналар келсін-келмесін, сұраған ақшасына балаларын қосымша курстарға жаздыра бастады. Бірақ ата-ана бір нәрсені ескерген жоқ. Әр баланың бейімі әртүрлі. Біреуі оқу-ғылымға бейім, біреуі темір-терсек, жан-жануармен жұмыс істеуге бейім. Ал, бұл баланың ынтасына тікелей әсер етеді. Ынтасы төмен баланың оқу үлгерімі де төмен болады. Тіпті, оқығысы да келмейді. Сол себепті де мұның барлығы нақты не үшін керек екенін білмейтін баланың бойындағы енжарлық пен жалқаулықтың болуы орынды. Ал, мұны ата-ана басқаша түсінді. Яғни, жалқау, азғын деп теріс қабылдады. Сөйтіп, түсініспеушіліктен арада кикілжің басталды. Бала ата-анасын түсіне алмайды, ата-ана баласын түсіне алмайды. Балалардың бойында ата-анаға деген агрессия көбейді. Ата-ана өзінің бала тәрбиесі туралы ештеңе білмейтініне алаңдай бастады. Ал, негізі агрессия дегеніміз – психологияда қарсылық дегенді білдіреді. Әлбетте, ата-ана – бала үшін киелі құндылық. Бірақ ата-ананың ессіз тәрбиесінің нәтижесінде бала ата-анасына қанша жерден киелі болғанына қарамай агрессиясын көрсете береді. Батылы жеткендер агрессия көрсетеді, батылы жетпегендер аутоагрессия етеді. Аутоагрессия – агрессияны өзіне жұмсау, яғни адамның өз тұлғасына саналы және бейсаналы түрде бағыттаған озбыр әрекеті. Ондай кезде бала жабылады, ішкі күйзеліс, мазасыздық, түбінде суицидке апарады. Үкімет үшін жаңа бір тапсырма пайда болды. Яғни, суицидті тоқтату. Ол үшін жыл сайын үкіметтен қаржы бөлініп, тендер де ойнатыла бастады. Ал, ол тендерді пысықайлар ұтып алып, дарынсыз мамандарды жалдап, оқушыларды жинап алып, «өлмеңдер» деген секілді ойына келген сөздерді айтып жатты. Бұл жерде пайданы жастар емес, сол тендерді ұтып алғандар көріп жатты.
Одан бөлек жастар мәселесін шешуге түрлі маман пікір білдіріп жатты. Соның бірі – психологтар. Олар жастардың мұндай суицидке көп баруының себебі «қазір ХХІ ғасыр, технология дамыды, ойлары басқаша қалыптасқан, сондықтан жастар әлсіз» деді де, «поколение Z», «дети индиго» деп диагноз қойып, мәселені одан ары ушықтырып жіберді.
3. Ал, шындығында 16-17 жастағы жас өркен өзінің өмірлік мамандығын таңдауы оңай шаруа емес. Ол үшін психолог мамандардан бөлек профориентолог мамандар бастауыш сыныптан бастап баланың бойындағы қырын танып, сонымен жұмыс істеуі керек. Әр баланың өзіне тән өнері, бейімі болады. Сол қырды тауып, сол бойынша жұмыс істеген кезде ғана бала 11-сыныпты аяқтағанда қайда барарын нақты біліп тұрады. Ондай бала өміріне маңызды жұмыстар істелмеген соң, бала үшін болашағы бұлыңғыр болады. Ал, ата-ана шарасыздан «балам бір оқуды оқып, диплом алса болды, содан соң өйтіп-бүйтіп бірдеңесі болады» деп тәуекелге барды. Соңында, арман-мақсаты нақты емес, өмірде немен айналысарын білмеген баланың өмірі өздері айтқандай «өйтіп-бүйтіп» күн кешетін деңгейге жетті. Осындай салғырттықтың кесірінен жылына университетке оқуға түскен 100 пайыз студенттің шамамен 25 пайызы ғана өз дипломымен жұмыс істейді, ал қалған 75 пайызы алған дипломдарын сандықтың түбіне тастап, құжатсыз жалдамалы жұмыс істеуге мәжбүр болады. Өз басым психология мамандығына түскенімде топта 12 студент болды. Соның ішінде мен ғана психолог болып жұмысқа тұрдым, қалғандары түрлі салаға жоғалып кетті. Одан бөлек Әл Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде психолог қызметін атқарғанымда жылына 90-100 студент қабылдайтынмын. Солардың басым бөлігі оқуын оқығысы келмейтінін айтатын. «Онда оқуға не үшін түстің?» деген сұрағыма «ата-анам қолыма диплом ұстатсаң болды, содан соң не істесең өзің біл деген талап қойды» деп жауап қайтаратын.
Ал, бұл дегенің – үкіметтен бұрын, ата-ана мен бала үшін үлкен шығын. Біріншіден, босқа кеткен 4 жыл уақыт, жылына жаратылатын оқудың ақшасы, киім, пәтер, жатақхана, жолақы, тамаққа кететін миллиондаған ақша. Ең өкініштісі – сонша жыл бойы қаржы мен уақытты жұмсаған соң алған дипломның қажетсіз болып қалуы. Бұл миллиондаған ақшаны бұқара баласы үшін өзін құрбан етіп, көпжылдық несие алу және дүние-мүлкін сатуға мәжбүр. Ал, сол 4 жыл уақытта бала бір бәлеге ұшырап, неше түрлі қылмыстық топтар, нашақор, радикалды діни топтарға ұрынса қайтеміз? Сондағысы, бала қаламаса да оқуға түсуіне итермелеп тұрған ата-ананың бойындағы «баламның дипломы болмаса, елдің алдында ұятқа қаламын» деген жалған намыс пен ішкі үрейі ғана. Әлбетте, менің келтіріп отырған статистикам субъективті әрі күмәнді көрінуі мүмкін, бірақ сіз өзіңіз айналаңызға қарап, «кім өзінің дипломы бойынша жұмыс істеп жүр?» деген сұраққа жауап беріңізші. Бұл мәселені нақты зерттеп жатқан мемлекеттік ұйымның барына күмәнім бар.
4. Адамды үрей билегенде оған кез келген дүниені сатуға болады. «Дипломсыз адам болмай қаламын» деген үрейден соң жыл сайын түлектер саны артты. Оларды оқу орнымен қамтамасыз ету керек. Ал, бұл дегенің – қып-қызыл ақша. Оңай келіп тұрған олжаны жіберіп алмау үшін елімізде сапасыз университеттер саны да артты. Ол университеттер дарынсыз ұстаздарды жалдап, ол ұстаздар оқу орнын білім беру алаңы емес, ақша табу алаңына айналдырды. Осыған дейін қаншама оқиға болып жатты: тоқсандық емтиханды парамен жабу, пәннің бағасын сату, диплом жаздыру, т.б. барлығын ақша табу көзіне айналдырды. Ал, болашағы бұлыңғыр, оқуға еш зауқы жоқ, университетке не үшін түскенін өзі білмейтін енжар студенттер пайда тапқыш ұстаздардың оңай олжасына айналды.
5. Ақысын төлесең, дипломды былай-ақ беретін университеттердің кесірінен елімізде сапасыз мамандар көбейді. Соңында сол сапасыз мамандардың сапасыз қызметіне өздері жүгінуге мәжбүр болды.
Арада 20 жыл өтті. Бастапқыда айтқан «болашақ – білімділердің қолында» деген ұран сол бойы іске асқан жоқ. Болашақ білімділердің емес, билікте танысы барлардың қолында, яғни, білімің болмаса болмай-ақ қойсын, билікте «аға-көкең» болса, кез келген қызметке орналаса аласың. Бұл жерде де ең өкініштісі, ондай адамдар жалақы алып, бастық болғаннан артық ештеңе білмейді. Алдына берілген тапсырманы орындауға зауқы жоқ, өзі біліп те ештеңе істемейді. Соңында, осындай әділетсіздіктен кейін ұжымдағы қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасы бұзылады. Ал, шынайы оқып, білім алып, екі-үш дипломы бар маман атанған азаматтар шетелде картоп, құлпынай теріп жүр.
Меніңше, осы мәселені шешу үшін жан-жақты пайдасы мен зиянын таразыға салып, оңтайлы нұсқасын шығару керек. Біріншіден, «дипломсыз адам болмай қаласың» деген стереотипті алып тастау керек. Бұл стереотип мәселені шиеленістірмесе, жақсартпайды. Шындығында жылына мектеп бітіруші түлектердің 100-ден 25 пайызы ғана нақты қандай мамандыққа баратынын біледі. Солар оқуға түсуіне болады. Ал, қалғандары уақытты тиімді пайдалану үшін жалдамалы жұмыс істеп, ұлдар болса әскери борышын өтеп, түрлі жұмыс істеп, ақша тауып, ата-анасына жәрдемдесіп, өмірдің шынайы дәмін татып көру керек. Көп ұзамай қандай мамандыққа бейімі бар екені айқындалады. Сол кезде ғана нақты мамандық бойынша жоғарғы білім алуға бекінсе болады. Әлбетте, бұл мәселеге әлеуметтік түрлі сала өкілдері зерттеулер мен талдаулар жасаса, мәселе оңтайлы шешілетініне күмәнім жоқ. Бірақ қалай дегенмен бұл мәселе ұзаққа бармай, оңтайлы шешілуі керек.
Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,
психолог,
Алматы қаласы.
Арнайы «Халық» газеті үшін
Коллаж: Ашық дереккөз негізінде дайындаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!