Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көмір өнеркәсібі мен генерациясын дамыту мәселесі қаралды. Оған Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты. Жиыннан кейін өңірдегі жауапты сала басшыларына алдағы жылу беру маусымына дайындық пен бірқатар инфрақұрылымдық міндеттер бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары ең әуелі жылу маусымына әзірлікті жүйелі жүргізу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, 1 мамырға дейін алдағы жылыту кезеңіне дайындық жөніндегі штабтар құрылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілуі қажет. Сондай-ақ мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық және қатты отын келісімшартта көрсетілген бағамен уақытылы жеткізіліп, жылу қазандықтарын сұйық отыннан табиғи газға көшіру жұмыстары жалғасуы керек. Ал жылу орталығы қазандықтары мен желілерін жөндеу мерзімі 1 қазанға дейін белгіленген. Осыған байланысты дайындық барысына күн сайын мониторинг жүргізіп, атқарылатын жұмыстың сапасына баса мән беру тапсырылды.
Өңірде өткен жылу беру маусымы штаттық режимде, айтарлықтай кедергісіз өткен. Мәліметке сәйкес, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы арқылы облысқа 124,8 мың тонна көмір жеткізілген. Ал алдағы жылыту маусымына 111 мың тонна көмір қажет деп жоспарланып отыр. Оның 93 мың тоннасы тұрғындар үшін, 18 мың тоннасы әлеуметтік нысандар үшін қарастырылған.
Аймақта елді мекендерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы 11 ауылдың тұрғындары табиғи газ тұтынуға қосылса, биыл тағы 10 ауылға көгілдір отын жеткізу көзделген. Бұл өз кезегінде көмірге түсетін салмақты азайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы салынды. Жоба түркиялық Aksa Energy компаниясының 215 млрд теңге инвестициясы есебінен жүзеге асқан. Қазіргі таңда орталықтың 176 мегаватт электр энергиясын өндіру қуаты пайдалануға берілген.
Сонымен бірге өңірде ірі энергетикалық жобалардың бірі саналатын қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салу жоспары да бар. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен іске асырылмақ. Оны UCC Holding құрамындағы Urbacon Concessions Investments WLL компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Жобаны 2029 жылы толық пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, Қызылорда өңірінде көмір жеткізу, жылу маусымына дайындық, газдандыру және жаңа энергия көздерін іске қосу бағытындағы жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр. Бұл алдағы кезеңде облыстың энергетикалық тұрақтылығын нығайтып, тұрғындарды үздіксіз жылу және электр қуатымен қамтамасыз етуге негіз болмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!