Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркістан облысында Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол құрылысы басталды

06.04.2026, 11:05 70

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықаралық транзит үшін аса маңызды саналатын Сарыағаш қаласын айналып өтетін автожолдың құрылысы басталды. Ұзындығы 102,6 шақырым болатын жаңа жол жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған.

Жоба жүзеге асқанда, жергілікті тұрғындар көптен бері көтеріп келе жатқан жол кептелісі мәселесі шешімін тауып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті едәуір артады деп күтілуде.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, Сарыағаш облыс үшін ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы негізгі транзиттік тораптардың бірі саналады. Қазіргі екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке есептелгенімен, бүгінде ондағы қозғалыс көлемі 18–20 мың автокөлікке дейін жеткен. Соның салдарынан кептеліс көбейіп, жол-көлік оқиғалары жиілеген.

Облыс әкімі жаңа төрт жолақты жол заманауи талаптарға сай салынып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылатынын айтты. Ол бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі транзиттік дәліздерді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асып жатқанын атап өтті.

Салтанатты шарада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның ерекшеліктері туралы баяндады. Жиынға Сарыағаш және Келес аудандарының ақсақалдары да қатысып, ақ батасын берді. Тұрғындар Мемлекет басшысына және жобаны жүзеге асыруға атсалысып жатқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Жалпы ұзындығы 102,6 шақырым болатын жолдың 43 шақырымы Сарыағаш ауданына, 58,6 шақырымы Келес ауданына тиесілі. Жоба аяқталғаннан кейін бұл жол тәулігіне 13,5 мың көліктің қозғалысын қамтамасыз етеді. Құрылысты 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны 204 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен жүргізіледі.

Жаңа айналма жол заманауи стандарттарға сай салынып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Жоба аясында 8 жолайрық, 2 теміржол өткелі, 22 көпір, 21 арнайы учаске, 4 демалыс алаңы, 223 су өткізу құбыры, 26 автобус аялдамасы, 4 жаяу жүргіншілер өткелі, ауыл шаруашылығы техникасы мен үй жануарларына арналған 21 өткел, сондай-ақ бір жол полициясы кешені салынады. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырып, жолаушылар және жүк тасымалы сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба іске асқан соң Мақтаарал, Жетісай және Шардара бағыттарындағы жол қатынасы жақсарып, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар халықаралық транзиттік байланыстар да күшейе түседі.

Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде жол саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 863 шақырым жол жөнделсе, биыл шамамен 1138 шақырым жолды жаңғырту жоспарланған. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: