Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жылу беру маусымы аяқталды

03.04.2026, 19:50 32

Қызылорда облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымы қорытындыланды. Өңір тұрғындары қыс бойы үздіксіз жылумен қамтамасыз етілді.

Сала мамандарының Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеуінше, 1 сәуірде Қызылорда қаласы, Арал және Жаңақорған аудандарында жылу беру тоқтатылған. Ал 2 сәуірде Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында маусым аяқталса, Қазалы мен Шиелі аудандарында жылыту кезеңі 5 сәуірде толық ажыратылады.

Жылыту маусымы кезінде облыс бойынша 1079 әлеуметтік нысан мен орталық жылу жүйесіне қосылған 909 көпқабатты тұрғын үй тұрақты жылумен қамтылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тахир Нәдірбектің айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Жылу көздері мен оны жеткізуші кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп, жылу беру сыртқы ауа температурасына қарай реттеліп отырған.

Сондай-ақ қазір жылу желілері мен энергия көздерінде гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізіліп жатыр. Келесі жылыту маусымына дайындық аясында негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу кестесі бекітілген.

Тахир Нәдірбектің сөзінше, Қызылорда қаласында инвестиция есебінен салынған жаңа жылу электр орталығы кезең-кезеңімен іске қосылып келеді. Қазір оның 176 МВт электр энергиясын өндіру қуаты пайдалануға берілген. Жобаны толық аяқтау мамыр айына жоспарланған. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, өндіріс саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Тұрарбек Елеубекұлы өткен күзгі-қысқы кезең тұрақты өткенін айтты. Оның мәліметінше, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылған. Соның нәтижесінде электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар 57 пайызға, ал электр желілеріндегі ақаулар 5,5 пайызға төмендеген.

Ал «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК филиалының директоры Хасанғали Иманғалиев Қызылорда қаласындағы жылу жүйесінің жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, облыс орталығында жылыту маусымы 2025 жылғы 8 қазанда басталып, 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталған.

Қаладағы жалпы жылу желілерінің ұзындығы 204 шақырымды құрайды. Оның 36 шақырымы магистралдық, 168 шақырымы кварталішілік құбырлар. Қазіргі таңда желілердің тозу деңгейі шамамен 40 пайыз. Алдағы кезеңде жөндеу және жаңғырту жұмыстары арқылы бұл көрсеткішті төмендету көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, қала тұрғындарын ыстық сумен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Бүгінде 158 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: