Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алмасбек Есмаханов: Тазалық – ортақ міндет әрі жауапкершілік

02.04.2026, 11:15 66

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасын жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тазалық акциясы аясында Әйтеке би кентіндегі көше комитеттерінің төрағалары және тұрғындармен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.

Әйтеке би кентіндегі Мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан басшысы алдымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірімізде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар және алдағы уақытта жоспарланған ауқымды жобалар жайында айтып өтті.

— 2025 жылы жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде «Қазалы» мәдени демалыс кешені мен Орталық алаң қайта жаңғыртылса, «Руханият» сквері пайдалануға берілді. Бұған қоса, Жанқожа батыр, Р.Бағланова және Қ.Пірімов көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынды. 2026 жылдың қаңтар айында аймақ басшысының қатысуымен құны 1 млрд 300 млн теңге болатын теміржол арқылы өтетін көпірді ел игілігіне пайдалануға берсек, жанындағы теміржол ғимараты қайта жаңғыртудан өтуде. Жоба құны – 1 млрд 600 млн теңге. Сонымен қатар, 92 млн теңгеге теміржол вокзалы алдындағы Әйтеке би ескерткішінің аумағы қайта жаңғыртылуда. Бұдан бөлек, Қазалы ауданында Президентіміздің қолдауымен Қашақбай Пірімов, Үрмәш Түктібаев және Бекарыстан би ауылдарынан бұқаралық спортты дамыту мақсатында заманауи спорт кешендері пайдалануға берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандарды да жақын арада пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 2026 жылы Әйтеке би кентінің 16 көшесіне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы 493,5 млн теңгеге Әйтеке би кентіндегі Ағайынды Талқанбаевтар және Жанқожа батыр көшесінің айналма жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Жиында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Әйтеке би кенті бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев баяндама жасаса, көше комитеттерінің төрағалары мен тұрғындар кенттің шет аймақтарындағы көшелерді жөндеу, аяқсу арықтарын қазу, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық мәселесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімі Әйтеке би кентінің әкімі мен тиісті сала басшыларына тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша және өзге де бірқатар маңызды мәселелерге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық мүлікті қорғау және рейдтік жұмыстарды күшейту, автомобиль жолдарының сапасы, кәріз жүйелерінің жағдайы, нысандардың қасбеттерін біркелкілеу, қоқыс шығару тәртібі мен қоғамдық орындардың санитарлық талаптардың сақталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы «Туған жеріміздің тазалығы –ортақ міндет әрі жауапкершілік» екенін айтып, барша тұрғынды тазалыққа, абаттандыруға, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бірлесе атсалысуға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: