Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Инновацияларды дамыту мәселесі қаралды

31.03.2026, 15:30 70

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде инновацияларды дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет отырысынан кейін инновацияларды дамыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың барлық саласына енгізу бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

«Ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуге ірі кәсіпорындарды тарту керек. Агроөнеркәсіп пен құрылыс индустриясында кластерлер құру, өндірісті цифрландыру процесін жандандыру үшін жаңа технологияларды енгізу маңызды.

Өткен жылдан бері өңірлік ғылымды дамытып, өндіріспен байланыстыруда жергілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктелді. Арнайы ғылыми кеңес құрылды. Құрамына тиісті салалық басқармалар, өңірлік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары енгізілді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, «Болашақ», Ашық университеттері, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, өндірісте қолдануға, нарыққа шығаруға жарамды ғылыми жобалар әзірлеп, өңірлік ғылыми кеңестің қарауына ұсыныңыздар.

Жергілікті ғалымдарымызды республикалық, халықаралық қорлар арқылы қаржыландырылатын ғылыми жоба байқауларына қатыстыру, ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Инвесторлармен ынтымақтастық орнатып, өңірімізде технологиялық парктер, ғылыми орталықтар құру керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, аймақтың өңдеу өнеркәсібіндегі 12 ірі кәсіпорын өндірісте цифрландыру жүйелерін қолданады. Атап айтқанда, «Қазгермұнай» серіктестігінде «Интеллектуалды кен орны» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, уран өндіретін 3 компанияда өндірістік процесс толық цифрландырылған.

Жаңа жылу электр орталығында АҚШ, Италия, Чехия және Түркияның заманауи автоматтандырылған технологиялары пайдаланылады. Ал «Шалқия» кен орнында пайдалы қазбаларды автоматты түрде ажырататын жасанды интеллект технологиясы енгізілген.

Алдағы кезеңде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауытында роботтандырылған жүйелерді енгізу, сондай-ақ бірқатар кәсіпорынның бизнес-процесіне жасанды интеллект элементтерін пайдалану жоспарланған.

Арал шөгінді бассейнінде 2D модельдеу бойынша зерттеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнындағы қара тақтатас мұнайын өндіруде инновациялық технологияларды қолдануда.

Өңірде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 9 ұйым айналысады. Соңғы үш жылда гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жалпы сомасы 2 млрд 300 млн теңгенің 23 ғылыми жобасы жүзеге асырылып келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: