Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Трамп Иранмен келіссөз жүріп жатқанын айтты, Тегеран мұны жоққа шығарды

24.03.2026, 1:30 38

BBC-дің жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен өткен аптаның соңынан бері «өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер» жүріп жатқанын мәлімдеп, осыған байланысты Иранның энергетикалық нысандарына жасалуы мүмкін соққыларды уақытша тоқтатқанын айтты. Алайда Иран билігі бұл мәлімдемені «жалған және манипуляциялық ақпарат» деп бағалап, Вашингтонмен ешқандай келіссөз жүргізіп отырмағанын жеткізді.

Трамптың сөзінше, АҚШ тарапы Иранмен әскери іс-қимылды тоқтату мәселесін талқылап жатыр. Ол келіссөздердің сипаты мен мазмұнына сүйене отырып, Қорғаныс министрлігіне Иранның электр стансалары мен энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырған. Бірақ Ақ үй басшысы бұл келіссөздерге нақты кімнің қатысып жатқанын ашып айтпады.

Кейін Мемфисте сөйлеген сөзінде Дональд Трамп Иранға бейбіт жолды таңдауға тағы бір мүмкіндік беріліп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран бұл мүмкіндікті пайдаланса, Америка мен әлем үшін қауіпсіздік деңгейі арта түспек.

Бұған дейін Трамп Иран Ормуз бұғазын ашпаса, елдің электр стансаларына соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы энергетикалық нысандар қалпына келтірілмейінше, бұғаз толық жабылуы ықтимал екенін мәлімдеді.

BBC-дің жазуынша, Трамп АҚШ атынан бұл келіссөздерді кім жүргізіп жатқанын ресми түрде жарияламаған. Дегенмен бірнеше америкалық басылым дереккөздеріне сілтеме жасап, келіссөздерге президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен оның күйеу баласы Джаред Кушнер қатысуы мүмкін екенін хабарлаған.

Ал Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Ғалибаф X әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ-пен ешқандай байланыс болмағанын айтып, Трампты «мұнай бағасына ықпал ету үшін жалған ақпарат таратып отыр» деп айыптады. Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігі де осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Соған қарамастан, Axios басылымы аты-жөні аталмаған дереккөздерге сүйеніп, келіссөздердің шын мәнінде жүріп жатқанын жазды. Басылым мәліметінше, бұл үдерісте Түркия, Мысыр және Пәкістан арағайындық жасап отыр.

Фото: EPA/SHUTTERSTOCK

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: