Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев: Ғылымды қаржыландыруға қатаң тәртіп қажет

19.03.2026, 17:15 53

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын қаржыландыруға қатаң тәртіп енгізу қажеттігін айтып, бөлінетін қаражатты нақты басымдықтарға бағыттау керек екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы алты жылда ғылымға бөлінетін қаржы бірнеше есе артқан. Жыл сайын бұл салаға 200 млрд теңгеден астам, кейбір жылдары 500 млн доллардан да көп қаражат қарастырылады. Алайда қаржыландырудың нақты нәтижесі әзірге көрінбейді.

– Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы салалық министрлік пен Ғылым қорында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған. Президенттің айтуынша, грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландырудың барлық кезеңінде кемшіліктер бар.

– Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір-біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі жоқ. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми жобалардың тиімділігі мен жаңашылдығына жеткілікті мән берілмейтінін, сараптама үдерісі ұзаққа созылып, жобалардың уақытылы іске аспайтынын атап өтті.

Президент Үкіметке аталған мәселелерді жан-жақты тексеріп, жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: