Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Әр ғұмырға – бір жанр
Парақор шенеуніктің бар ғұмырын бір-жар беттік сықақ әңгімеге сиғызуға болады. Елеусіз жүрген бір пенденің өмірі бір новеллаға арқау боп қалар. Еңбекқор, тынымсыз тірліктің адамының өмірі бір хикаятқа татиды. Айбыны асқақ, ержүрек қаһарманның өмірі бір романға жүк болар. Ал елім-халқым деп арпалысты ғұмыр кешкен даралар мен даналардың тағдыры бірнеше томдық эпопеяға симай қалуы мүмкін.
Қаламгер бақыты
Кейде ойға ештеңе келмей, қолыңа қалам алмасаң да, жазу столыңда әрнені жай ғана ойлап, қиялдап отырғаныңның өзі – бір бақыт.
Не дейді?
«Енді не дейміз?» деп сөзін бастаған адам одан әрі не дей қояды дейсің?..
Парақорлардың «паханы»
Ол туралы көрінген жерде «Тектінің тұяғы» деп, «Алтынның сынығы» деп, «Білікті басшы» деп, «Талапшыл тұлға» деп көпіртеді қаламы жүйрік жазғыштар мен аузы желді айтқыштар.
Ал халық ішінде, ел аузында «Парақорлардан пара алып отырған парақор» деген сөз не заманнан желдей есіп жүр.
Кімнің адамы?
Біреу – барша халықтың, арда Алаштың адамы. Біреу – айнала жұрттың адамы. Біреу – ағайын-әулеттің адамы. Біреу – әйелінің ғана адамы…
Ойшылдықтың басы
Ойшылдық бос сөзді, былшыл бөспені, ұзақ лағуды қысқартудан басталады.
Әдебиет – алтын қазық
Әдебиеттен алыстаған, әдебиетті аластаған қоғам ақырзаманға жақындай түседі.
Ат шығарған әйел
Әйеліне әу баста өзінің фамилиясын бергені қандай жақсы-ақ болған. Өзі қол жеткізе алмаса да, әйелі мұның атасының атын аспандата шығарып жүр.
Мүмкіндік жоқ
Бір басқармадағылардың туыстық, жекжаттық, ілік-шатыстық жақындығы сондай – іске аспаған бастамалар, орындалмай қалған жұмыстар туралы дауыс көтеріп, столды жұдырықтап кейіс білдіру де мүмкін болмай қалды.
Бұл – өмір
Өмірде көп қызық көрсем деп, талпынасың, жұлқынасың, ұрынасың, тырмысасың… Ал сол талпынысың, жұлқынысың, ұрынуың, тырмысуың біршама қиындыққа тап қылады. Ақырында өміріңнің қызығынан гөрі қиыншылығы көп болып шығады.
Өмір мәні
Саясатпен айналысу сән болғанда – өміріңізге мән кіреді.
Сенбестік
Министрдің сөзіне де сенбеймін, өзіне де сенбеймін деп алып, ертеңіне осыны айтқаныма өзім де сенбеймін деп басыңды шайқап отырасың.
Бекем болайық
Алаяқтар, сұрқиялар, жемқорлар, сұмдар, ұрылар қай-қай заманда да болған дейді. Ендеше жүре берсін. Біз қазанның қақпағына ие болайық!
От. Су. Топырақ
Оттай жанып жалындап, жан-жағын ысытып, шыжғырып, қуырып жүретіндер бар. Арнасынан асып төгіліп, судай лақылдап ағып жүретіндер бар. Қай даңғазаға да селт етпей бүк түсіп, топырақтай тобарсып жататындар да бар.
Бары бар, бірақ…
Айтайын десем, сала құлаш тілім бар. Көрейін десем, жер астындағыны көретін көзім бар. Бірақ осы екеуінің тізгінін тартқыштап отыратын момын қасқа – өзім бар.
Үмітіміз көктесе
Ағаш жапырақтарының күзде сарғайып қурап түсіп, көктемде бүршіктері быдынап бүр жарғанда келген ой: әбден сарылтқан, сарсаң қылған, сөлі кеуіп сарғайған біздің үміттеріміз қайта көктер ме екен?!
Ұрылар
Жайлаудың ұрысы айдап алғанын сатып жайланып жүр. Сайлаудың ұрысы үйде жатып-ақ сайланып жүр. Бюджеттің ұрысы тендерлерге байланып жүр. Плагиаттың ұрысы жымын қалай жасырам деп ойланып жүр.
Ол айтуын айтқан
Ол: «Тонаңдар» деді. Оның ләмін түсінгендер алтын тон киді. Түсінбей қалғандар қаудырақ тонын сүйретіп әлі жүр…
Үйленген соң…
Сүр бойдақ үйленген соң, құлағы тыныш табады, құшағы жылу табады.
Ұят-ай…
Өзінде ұят түгілі, ұяттың жұрнағы да жоқ, алайда ел-жұртқа ұят туралы дәріс оқитыны бар. Тыңдап отырып ұяттан өліп кете жаздайсың…
Парақордың жан әлемі
Қаншама жылдан бері күпсітіп пара алып жүрсе де, әр пара алған сайын, сүйіктісіне сөз салған бозбаладай бетінің ұшы қызарып, дем алысы жиілеп, жүрегі лүпілдей соғып, бір ләззатты сәтті басынан өткеретіні бар.
Ақылды қайда?
«Арақ ішкеннен ақыл сұрама!» демеші! Дәл солай болса, жақын арада ақыл сұрайтын адам таба алмай қалатын түріміз бар ғой.
Көпшік
Біреу астыма көпшік қойды екен деп, сирағың сереңдеп, талтаңдап кетпе! Қайта отырар кезіңде жұмсақ көпшік таба алмай, жыртық көрпенің үстіне отыруың мүмкін.
Оймақтай ойлар
Телегей теңіздей білім мен ғылымның айдынында шалқи жүзіп жүріп, оймақтай-оймақтай ойлар түйесің.
Жазушыға жадынама
Сұңқылдап ақыл айтпа, там-тұмдап ойлануды үйрет.
Ояумын
Анау да «жаяу жүресің» дейді, мынау да «жаяу жүресің» дейді. Көлік міне алмай жаяу жүрсем де, қай кезде де ел-халықты ойлап «ояу» жүрсем болмай ма?
Аз өмір
Адамды түбіне дейін танып-білуге бір өмір әжептәуір аздық етеді.
Жалтақтық жарға тіреді
Журналистер жалтақтық ауруына ұшыраған соң, блогерлер батпан-батпан сөйлеп, алдыңғы лекке шықты. Қазір атақтары жер жарып, журналистердің төбесінен қарап жүр.
Біздің ән қайсысы?
Адамның ішіне «жын» кіргізіп, есірте қоздыратын ән болады. Тағы да іштегі «жынды» басып, жан тыныштандыратын ән де болады. Біз қайсысын айтып жүрміз?!
Мырықтар
Депутаттықты мансап деп біліп, қараптан-қарап манаурап, маңызды тұста мыңғырлап жүрген мырықтар-ай…
Кейде
Бос уақыт сана мен көңілге хош уақыт та болуы мүмкін…
Құралақан емес
Сүйеушісі болмаса да, тілеушісі бар.
Депутаттар келгенде
Мақтап, қоштап сөйлесең, мынау – осы ауылдың кемеңгер қарты екен деп кетеді, қоштамай сөйлей бастасаң, мынаның миы жарты екен деп кетеді.
Басы-қасында жүрген
Бір шенеунікті «ана саланы басқарды, мына саланы басқарды» деп, аяғын жерге тигізбей, жер-көкке сиғызбай мақтап жатады. Алайда, ол сол салаларды басқарған дәнеңесі жоқ, тек басы-қасында ғана жүрген сияқты көрінеді.
Бұрынғылар екен
Жаңа сайланған әкімдер таныстырылған. Жиынға барғандар: «Бұларды бұрыннан танимыз ғой» деп, бастарын шайқап қайтты.
Өзгермес беттер
Сұр беттер, көк беттер, тас беттер, қара беттер ешқашан қызармайды…
Өлеңнің иісі
Кей ақынның өлеңінен арақтың иісі шығып тұрады. Кей ақынның өлеңінен арулардың әтірінің иісі шығып тұрады. Кей ақынның өлеңдерінен өмірдің өз иісі шығып тұрады.
Асабаның асқаны-ай
Бір әулекі асабаның төрт-бес сағат бойы ақылдымсынған, әзілкешсінген, білгірсінген, мықтымсыған, тыраштанған «концерттерінен» әбден жалыққаның сондай – жақын-жуығыңның кәделеп шақырған ұлан-асыр тойына барғың келмей бетіңнен басасың.
Әйелдің кереметі
Той-думанда қонақта отырған қандай керемет: әйеліңнің қалың қабағы жазылып, сызыла сөйлеп, жаны нәзік тартып, кешке дейін жымия қарап, үлбіреп отырады…
Сұлулықта сын бар
Біреудің бақыты – көз суарар сұлу әйел алғанында, біреудің бақыты – сондай сұлу әйелге қолы жетпей қалғанында…
Айналаның айғағы
Ақылды аз, ақылшы көп.
Мынаң қара
Әйелдер ақылды болған сайын, еркекке ұқсап кететіні несі екен?!
Заңдылық
Үнсіз қалғандар – дымсыз қалды.
Жаңа түрдегі ақын
Айтпа десең – айтпайтын, тоқта десең – тоқтайтын, мақта десең – мақтайтын, жыла десең – жылайтын, сұра десең – сұрайтын ақындар буыны қалыптасып қалыпты. Азуын айға білеген ақиық ақындарды түсімізде көретін болдық…
Иіс
Бай кекірсе, тоқтың иісі шығады. Жарлы кекірсе, боқтың не жоқтың иісі шығады.
Уайым
Орден-медаль алғыш өрлер мен орден-медальға қолы жетпейтін өлмесектер болып екі бөлініп кетпесек болды…
Өтірік өршігенде
Өтіріктің өтірік екенін біле тұра, өтірік деп айта алмай, өтірік ауыш бола қалатындар бар…
Тарихтағы тығырық
Талдау жоқ, мақтау бар. Соттау жоқ, жоқтау бар. Қорғау жоқ, қорлау бар.
Тең емес
Бастары қосылған жігіттер бірдей тең қылып бөліп ішкен-ақ еді… Бірақ әрқайсысы үйлеріне әрқалай күйде жетті…
Сұрақ сұйылғанда
Естігің келген сұраққа жауап беруден оңай ештеңе жоқ.
Ортақолдардың озбырлығы
Ортақол ордаңбайлар орталарды әбден иемденіп алған соң, даналар мен дараларды ішке ендірмей, далаға қарай ысыра бастады.
Зая болмасын
Бір күнінің із-түзсіз зая кете қалғанына өкініп жүргендер бар. Бүкіл өмір-тірлігінің босқа зая кеткеніне өкініп, опынып жүргендер де жетерлік.
Қызметтің қағидаты
Басшылық қызметтен абырой жинап кетсем дейтіндердің дәурені өтіп, дүние жинап кетсем дейтіндердің уақыты келген сияқты…
Қайран елім…
Жеріміздің ен байлығы қандай қисапсыз көп-ақ еді: барша қауымға да, жоғарыдағы жебірлерге де, шетке тасып жатқан тонаушыларға да молынан жетіп жатыр…
Бір-бірін қашан көреді?
Жоғарыдағылардың көзі жоғары қарап отыр. Төмендегілердің көзі төмен қарап отыр. Бір-бірін қашан көреді екен?
Сапырылыстар уағында
Саясаттағы сапырылыстар кезін ұнатамын: бұқпантайлар мен тықпантайлар шын сықпыттарын көрсете бастайды, бұланқұйрықтар бетпердесін аша бастайды.
«Талапкер»
Кісімсіп, кіділеніп сөйлеп кісі болғысы келіп жүр…
Керемет ойлар легі
Әлеуетті жиындарда емес, әлеуметтік желілерде керемет-керемет ойлар легі айтылып жатады.
Жай-жапсар
Жұмысымыз – жиналыс, қызметіміз – күнбағыс, тірлігіміз – күнкөріс, демалысымыз – жанбағыс, ашуымыз – долданыс, мінезіміз – қорғаныс…
Көке керек
Өмірде жетесіз болсаң да, қызметте көкесіз болма!
Сұрланған шенеунік
Әп-әдемі, сыпайы жымиып, дидары нұрланып жүрген жігіт еді. Қолы кабинеттік мансапқа жетті де, сұрланып отырып, ұрланып жүретін болып қалыпты…
Шақар
Мықырайып, мыртиып жүрсе де, сенің мысыңды басқысы келіп мықтымсып жүреді…
Именіс
Қатыны салақтың үйіне кіруге именесің. Қолы жалақтың кабинетіне кіруге именесің.
Сынақтың сәті
Тоқшылықта өскенді жоқшылықта бір сына,
Жоқшылықта өскенді тоқшылықта бір сына.
Өсу жолы
Бұрын дәрігерге кірсең, «Шешініп кел» дейтін еді. Қазіргі дәрігерге барсаң, «Тіркеліп кел» деп кеудеңнен кері итеріп шығарып жібереді.
Бәрі жақсы
«Бәрі жақсы» деген тоқмейілсіген уақытқа келдік: әкім де жақсы, әңгүдік те жақсы, әулекі де жақсы, әлеумет те жақсы… Жақсы демесең, жақсыларға жақындай алмай далада қаласың…
Күні үшін
Күні үшін күбірлеп сөйлеуге қайлы күлтебастар…
Кеткен қадір
Сақалистер сақалдың қадірін кетірді. Өлеңшілер поэзияның қадірін кетірді. Орден-медаль алғыштар мәртебелі марапаттың қадірін кетірді. Жағымпаз шал-шауқандар ақсақалдықтың қадірін кетірді…
«Жарыс»
Мықтылар дәуірлеген кезде, оның айналасында мақтау жарыс өрлейді. Мықтының табаны тайғанда дабылдатқан даттау жарыс басталады…
Музей кеуде
Кеудесі медальдар музейі сияқты: елдегі түрлі-түрлі қоғамдық ұйымдардың төсбелгілері, салпыншақтары иін тіресіп тағылып тұр.
Атақ берер артықшылық
Қазір қай жерде де ақыл-ойына қарай емес, жасына қарай емес, алған атағына қарай орын беріліп, төр ұсынылып, сөз берілетіндіктен де, өлермендердің атақ иеленуге деген құлшынысы құтырып тұр.
Дей алмайтын депутат
Деуді білмесе де депутатпын деп делдиіп жүр.
Ой жұтаңдығы
Бірнеше адам ғана емес, бір партия ғана емес, бір халық бірдей ойлай бастағанда, қоғамда ой жұтаңдығы бел алады.
Ақшаның тілі
Үлкен қаладағылар доллармен долдана сөйлейді. Ауылдағылар теңгемен тебініп сөйлейді.
Марапаттан тартынба
Орайы келіп өзіңе бұйырып тұрғанда, «маған керегі жоқ» деп сыпайылана берме, ұсынғанның қолын қақпа. Сен бас тартқан соң, ол атақты қай жақтағы қайқыбастар алып, әділетсіздіктің тұғырын аспандата береді.
Қоя алмастар
Маскүнем арағын қоя алмай жүр. Түтін сасыған біреу темекісін қоя алмай жүр. Ал алдына келгеннің қалтасына қарайтын біреу көзі бақырайып пара алуын қоя алмай жүр.
Бізде
Бізде терең білімің мен өрең емес, диплом бағаланады. Сондықтан да өсетіндер өлермендене қос-қостан диплом сатып алып, мансаптағы жолын нықтап жүр.
Реализм
Көрерсің. Көрерсің. Көріп барып өлерсің…
Бастану
Үлкендер: «Басыңның пошымыңнан-ақ кімнің баласы екеніңді таныдым» деп отыратын еді. Шынымен де, қауынбастан қауынбас, қазанбастан қазанбас, шәңгілбастан шәңгілбас, тауықбастан тауықбас, жалпақбастан жалпақбас, жұдырықбастан жұдырықбас, қалтақбастан қалтақбас, шикібастан шикібас туады екен. Бастың ішінде ғана емес, сыртында да сыр бар екен ғой…
Өмір шегі
Дүние, әлем шексіз. Ал адамдардың өмірі неге шектеулі болған екен?
Даралықпен даналыққа
Топ болып тоқайласып жүрген ақындарды көрсем, іштей қуанатыным рас. Алайда дарынды дауылпаз ақындар дара-дара жүріп-ақ даналыққа даңғыл салғанына бас иемін.
Жемсау жау
Біздің еліміздің жауы – көршілердің құрсауы емес, жемқорлардың жемсауы болып тұр.
Аялдамасыз сапар
Тәтті қиялдар алыс-алыс жақтарға тоқтаусыз әп-сәтте алып барады. Алайда бал-шырын қиялдар құр сабылдырып адамды шаршатып, болдыртып тынады. Өйткені оның тынықтырып алатын аялдамалары жоқ.
Арал қаласы
Фото: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!