Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет отырысында құрылыс саласын цифрландыру туралы ұсыныс айтылды

10.03.2026, 11:10 30

Бүгін Үкіметтің отырысында құрылыс саласын цифрландыру мәселесі қаралды. Жиында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда құрылыс саласына арналған бірыңғай цифрлық экожүйе енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұрын жоспарлау мен бақылау процестері әртүрлі жүйелерде жүргізіліп, ақпараттың бытыраңқы болуы бірқатар қиындық туғызған. Енді бұл мәселелерді шешу үшін Бірыңғай құрылыс порталы – Qportal.kz іске қосылуда. Жаңа платформа құрылыс саласындағы барлық негізгі процестерді бір жүйеге біріктіреді.

Цифрландыру жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беру сәтіне дейінгі барлық процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар қағаз құжат айналымының орнына Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілген.

Қазіргі таңда аталған электрондық базаға еліміздегі 89 қаланың бас жоспарлары енгізілген. Жүйе автоматты бақылау функциясын атқарады. Егер құрылыс салушы ұсынған жобаның параметрлері қаланың бекітілген даму жоспарына сәйкес келмесе, рұқсат құжаттарын беру автоматты түрде бұғатталады.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформаны енгізу қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

«Қазіргі уақытта құрылыс саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы бір-бірімен толық үйлеспейтіндіктен, қолдануда қиындықтар болды. Осыған байланысты Бірыңғай құрылыс порталы (Qportal.kz) құрылды. Бұл портал қолданыстағы цифрлық жүйелерді біріктіріп, құрылыс нысандарының барлық кезеңін қамтуға мүмкіндік береді», — деді министр Үкімет отырысында.

Мамандардың айтуынша, жаңа цифрлық жүйе құрылыс саласының ашықтығын арттырып, бақылауды күшейтеді, сондай-ақ азаматтар мен бизнес үшін рұқсат алу рәсімдерін жеңілдетеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: