Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда 176 адам босқын мәртебесін күтіп отыр

26.02.2026, 17:15 63

Азаттық хабарлауынша, қазір 176 шетел азаматы Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап отыр. Ал ел аумағында ресми түрде 304 адамның босқын мәртебесі бар. Бұл мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Informburo сайтына берген жауабында келтірген.

Ведомствоның түсіндіруінше, босқын мәртебесі нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына немесе саяси және әлеуметтік көзқарасына байланысты қудалау қаупі бар шетел азаматтарына беріледі. Алайда өтініш иелерінің қай елден екені нақтыланбаған.

Бұған дейін Қазақстан билігі соғыстан қашып келген кейбір ресейліктерге босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Сондай-ақ Өзбекстан тарапынан қысым көріп отырғанын айтқан қарақалпақ белсенділерінің де өтініштері қанағаттандырылмаған.

Өткен жылдың қарашасында 30-дан астам халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін елде тұрып жатқан ауған әйелдерін депортацияламауға үндеген. Олар босқын мәртебесін алу кезінде ауған азаматшаларына орындалуы қиын талаптар қойылатынын мәлімдеген. Қазақстан тарапы бұл үндеуге ресми жауап бермеген. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, елде шамамен 1 500 ауған азаматы бар, олардың жартысына жуығы – әйелдер мен балалар. 2024 жылы берілген 383 өтініштің тек 11-і ғана мақұлданған.

Осы аптада Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешен азаматы Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау туралы шешімді, оның босқын мәртебесіне қатысты шағымы қайта қаралғанға дейін, тоқтата тұрған. Мовлаев пен оның адвокаттары Ресейге қайтарылған жағдайда қудалау қаупі барын мәлімдеген.

Фото: inbusiness.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: