Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1 наурыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

26.02.2026, 11:50 61

1 наурыздан бастап Қазақстанда салық, банк және құқық салаларына қатысты бірнеше маңызды жаңашылдық күшіне енеді, деп жазады halyqline.kz тілшісі Alash.KZ сайтына сілтеме жасап.

2026 жылдың 1 наурызынан бастап жеңілдетілген декларация немесе бөлшек салық сияқты арнаулы салық режимдерін қолданған кәсіпкерлер жаңа режим туралы хабарлама жібермесе, жалпыға бірдей белгіленген салық тәртібіне ауыстырылады. Ал патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер тиісті хабарламаны уақытында тапсырмаса, ЖК ретінде тіркеуден автоматты түрде шығарылып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қызметін жалғастыра алады.

Банк саласында да өзгерістер бар. Енді барлық коммерциялық банк тұрғын үй құрылыс жинақтарына салынған қаражатты тарта алады. Сарапшылардың пікірінше, бұл салада бәсекелестікті арттыруға тиіс. Сонымен қатар, тұтынушылық несие беру талаптары қатая түседі.

«Тұтынушылық несие беру талаптары қатайтылды: егер клиенттің мерзімі өткен берешегі болса, банк несие беруден бас тарта алады. Бұл, ең алдымен, несие портфелінің сапасын жақсартуға және қаражатты кәсіпкерлік мақсаттарға бағыттауға ықпал етеді», – деп атап өтті қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Отбасы құқығына қатысты заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Енді ажырасқан кезде мүлікті бөлуге қатысты даулар бойынша үш жылдық талап қою мерзімі неке бұзылған күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі. Алимент өндіру ережелері де жаңартылды.

«Бұрын, мысалы, шетелде тұратын адамның табысын анықтау өте қиын болатын. Енді сот мұндай адамдарға қатысты алиментті нақты ақшалай сомада белгілеп, шешім шығарады. Бұл берешекті есептеудегі көптеген сұрақты шешеді», – дейді адвокат Евгений Яворский.

Сонымен қатар 1 наурыздан бастап дәрігерлерге күш көрсеткен немесе қоқан-лоқы жасағандар үшін жаза қатаяды. Қылмыстың ауырлығына байланысты ірі көлемде айыппұлдан бастап, денсаулыққа ауыр зиян келтірсе немесе адам өліміне әкеп соқса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: