Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақ олимпиада несімен есте қалды?

26.02.2026, 6:40 53

Әне-міне дегенше Италияда өткен қысқы олимпиада да мәресіне жетті. Төрт жылда бір келетін дода биыл өте қызықты өтті, көпшілікке ұнады деп айта аламыз. Әсіресе, Қазақстан үшін жемісті болды. Соған орай, 16 спорт түрінен 116 медаль сарапқа  салынған  турнирдегі  есте қаларлық  сәттерді  саралап,  жалпы ақ олимпиада  жайлы  бірен-саран  пікірімізді  ортаға  салсақ  деген  едік.

Биыл  қысқы ойындарға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысты. Ал жалпы төрт жылдықтың дүбірлі додасы Италияның Милан және Кортина-д Ампеццо қалаларын­да өтті. Жоғарыда атап өткен 3500 спортшының  36-сы – қазақстандық.

Бұл Италия ұйымдастырған ал­ғашқы қысқы ойындар емес. Дәлірек айтқанда, Италия өз тарихында төртінші мәрте ақ олимпиада өткізіп отыр. Ал Кортина-д Ампеццо қаласы араға 70 жыл салып, аталған жарысты екінші  рет  қабылдады.

Енді қандай спорт түрлері бойынша медальдар ойнатылғаны жайлы айтып өтейік. Биылғы олимпиадада биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жары­сы, шаңғы қоссайысы, фристайл, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, ски-альпинизм, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және шорт-трек спорт түрлері бойынша спортшылар сынға түсті.

Шыны керек, биылғы ақ олимпиаданы күллі Қазақстан болып жақсыға баладық. Себебі, көптеген спортшымыз алғашқы ондыққа ілінді. Бұл – бұрын-соңды ақ олимпиадаға басымдық бермеген халық үшін өте жақсы нәтиже.

Атап айтқанда, шаңғымен үлкен тұғырдан секіруден қазақстандық Илья Мезерных 8-орынды еншіледі. Бұл – аталған спорт түрі бойынша рекордты нәтиже. Ал конькимен жүгіру­ші аруымыз Надежда Морозова 6-орын алды. Аталмыш спорт түрінен 1998 жылы Людмила Прокашева қола медаль иеленген. Яғни Надеж­даның жетістігі – сол кезден бергі ең көңілге қонымды нәтиже. Оның командаласы Елизавета Голубева да жоғары нәтиже көрсетіп, үш рет үздік ондықтан көрінді. Сондай-ақ қазақ­стандық Евге­ний Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орынға тұрақтады. Ал шорт-трекші Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орын еншілеп, өзінің ең үздік нәтижесін паш етті. Сонымен қатар фристайл-акробатикадан аралас командалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасы  жетінші  болды.

Және де ең айта кетерлігі – 1996 жылдан кейінгі алғашқы алтын. Қазақс­тандық «алтын бала» Михайл Шайдоров араға 32 жыл салып, мәнерлеп сырғанаудан ғана емес, жалпы қысқы спорт түрлерінен алтын медаль сыйлады. Сондай-ақ 2014 жылы  Сочиде  өткен  олимпиададағы Денис  Теннің қоласынан кейінгі екінші медаль­ды  қанжығаға байлады. Мәнер­леп сырғанаудан Михайлмен қатар Софья Самоделкина да әйелдер арасында үздік ондыққа еніп, Қазақ­стан тарихында болмаған нәтиже көрсет­ті. Бұл  жайлы  әлде  де  айтарымыз  бар.

Қай додада болмасын «жұлдызды», көпшіліктің назары ауатын спорт түрі болады ғой. Жазғы олимпиадада ондай нақты спортты атап, алалауға келмейді. Бір-бірімен терезесі тең, сәйкесінше ауди­ториясы да бірдей ойын көп. Бірақ та қысқы олимпиадада мәнерлеп сыр­ғанаудың бәсі басқа спорт түрлеріне қарағанда жоғары. Ақ олимпиада бастал­ғалы бері көрініс тауып келе жатқан мәнерлеп сырғанаудан жалғыз медальды, жай медаль емес, алтын медальды еншілеген жайымыз бар. Расын айту керек, екінші сортты, бәсекелестігі төмен спорттан медаль еншілесек, спортшыны шамалы уақыт көкке көтеріп, арада біраз уақыт өткен соң ұмытып кетуіміз ықтимал еді. Десе де, Шайдоровтың медалі қысқы спорт үшін әлі ұзақ азық болатыны бесенеден  белгілі.

Биылғы мәнерлеп сырғанау құдды бір драма болды дерсің. Малининге артылған үміт, Шайдоровтың сенсация­лы жеңісі, ресейлік спортшыларсыз өткен жарыс, «Зумерлер дәуірі» – бәрі дерлік әлеуметтік желіде талқыға түсті. Әсіресе, Шайдоровтың алтыны тек қазақ жұртын емес, әлемді дүр сілкіндірді. Тіпті, шаттандырды десек, артық айтқанымыз емес. Жаһан Михайл­дың жеңісіне шын қуанды. Өйткені ол бұрын алтын медальды тек ішкі біріншілікте жеңген, әлемдік додаларда сәл жолы болмай, ары кетсе күміске қанағаттанып жүрген жас, ақкөңіл, аут­сайдер мәнерлеп сырғанау­шы ретінде көптің есінде қалған еді. Барлығы Илья Малининнің жеңісіне сенімді болды. Америкалық спортшының Шайдоровпен қарым-қатынасы жақсы болғанымен, әрқашан одан бір саты жоғары, алда көрінетін. Дегенмен, бұл таптаурынға ең маңызды турнирде нүкте қойылды. Керек тұста Шайдоров Малининді қапы қалдырып, әлемге әлі айтары мен көрсетері бар екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта екі мәнерлеп сырғанаушы арасындағы терең динамика мен мықты бәсекелес­тікке  куә  болатынымыз  айдан  анық.

Михайл Шайдоровтың алтын алғанын айтып, төбемізді көкке көтеріп жатырмыз. Иә. Бірақ та жер-жаһанның мен деген мәнерлеп сырғанау­шы аруларымен терезесі тең өнер көрсетіп, америкалық танымал мәнер­леп сырғанаушы Эмбер Гленнің құрмет-қошеметіне бөленген Софья Самоделкина жайлы  бір  ауыз  айтпауға болмас. Софья қысқа көрсетілім бойынша жоғары ұпай еншіліп, финал­ға жолдама алды. Онда әлемнің ең үздік он мәнерлеп сырғанаушысының қатарына еніп, шетелдік аудиторияның сүйіс­пеншілігіне бөленді. Негізі Софьяның биографиясы қызық. Өзі Ресейде туып өсіп, сонда жаттыққан. Дегенмен, санкцияларға байланысты және ондағы сұмдық бәсекелестікті ескере отырып, анасының ұлты Қазақстанды таңдауға бел буады. Айтуынша, таңдауы үшін ешқашан өкінген емес. Керісінше, әлемдік аренада атой салу­ға мүмкіндік берген ұлттың туын қуана көтеріп, салт-дәстүрімізді зерттеп, қазақ тілін үйренуге тырысып жүр. Мұз айдынында мың бұрыла билеп жүрген сәтте жасы 19-ға толған ол Михайлмен бірге болашағынан мол үміт күттіреді. Алдағы төрт жылда мүмкіндігінше халықаралық жарыстардан қалмай, осы бетінен таймаса, мәнерлеп сырғанаудан үшінші медальды дәл осы Софья Самоделкина әкелетініне сенім мол.

Самоделкинамен бәсекеге түсіп, әйелдер арасында алтын еншілеген Алиса Лью дәл осы олимпиаданың символы атанды деуге негіз бар. Олай дейтін себебіміз, Алиса бұрынғы, бұған дейінгі мәнерлеп сырғанаушылар­дан мүлде ерекше. Алисаны Трусова, Щербакова, Валиева сынды қудай, диетамен күтінген, осы спортқа бар жан-тәнімен беріліп, тәртіптің құлы болған спортшылардың антонимі дерсің. Алиса болашағынан көп үміт күттірген спортшы бола тұра, бір кездері 2022 жылғы сәтсіздіктен соң спортты тастауға бекінген. Бұл оның туып, дәл осы спорт түрінен әлемнің үздігі болуы үшін барын жасаған қытайлық әкесі үшін үлкен соққы еді. Себебі, оның әкесі Алиса кәсіпқой спортта үздік болуына миллиондаған доллар қаражат құйған деседі. Десе де, екі жыл үзіліс­тен соң оралған Алисаның топтық жарыста да, жекелей сында да алтын еншілеуі кішігірім сенсация болды. Ол америкалық қарапайым «жасөспірім» болмысы, анимеге ұқсас шаш үлгісі және әрдайым күліп жүретін биязы міне­зі үшін бәрінің махаббатына бөленді. Тек орыс халқының емес. Санкцияға байланысты ресейлік спортшылары жарысқа қатыспағанының арқасында ғана алтын алғанын айтады ресейліктер. Енді бірі күміс медальды қанағат тұтқан жапондық Као­риді алтынға лайық деді. Алисаның артық салмағын алға тартып, оны тым ауыр қозғалады деп айыптады кейбірі. Алиса сонда да ешкімнің сөзіне қарамай, позитивті болмысын сақтай алды. Бұған басымдық беру себебіміз, көбіне мәнерлеп сырғанаушылар, әсіресе ресейлік спортшылар депрессияға бейім келеді. Ауыр сөзге, аса хейтке сынып қалатын әдеттері бар. Алисаны таптаурындарға нүкте қойды деуімізге де басты  себеп – осы.

Негізі ресейліктер тарапынан нега­тив көп. Алайда оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, уақыт бөлудің негізі  жоқ  сияқты.

Мәнерлеп сырғанау жарысы біткен соң үздік болған спортшылардың мұз айдынына жиылып, соңғы көрсетілім көрсетуі – баяғыдан бар үрдіс. Мәнерлеп сырғанау көбіне сонысымен қызық. Спортсүйер қауым, қысқы спорт жанкүйерлері тіпті соңғы көрсетілімді де қаперден шығармайды, бір минутын  да  қалдырмай,  сүйсіне  көреді.

Көрсетілімге қазақстандық Михайл Шайдоров та қатысты. Жай қатысқан жоқ, көрерменді күлкіге қарқ қылды, нағыз достық пен позитивтің үлгісін көрсетті. Қысқасы, Шайдоров мәнерлеп сырғанау фандомына белгілі Кунг фу Панда мультфильміндегі Поның образында шықты. Малинин сынды мәнерлеп сырғанаушылар жүректі елжірететін, драма мен трагедияға толы көрсетілім жасаса, Шайдоров білгенін істеді. Бір жағынан көрсетілім барысында қытайлық актер Джеки Чанмен кездесіп, актер қазақ­стандық жеңімпазға панда ойыншықтарын сыйға тартты. Өкініштісі сол, сәл төменгі орын алғанына байла­нысты соңғы көрсетілімге Софья бұрымдымыз  шақырту  алмады.

Шамамен 17 күнге созылған қысқы дода салтанатты түрде жабылды. Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, жабылу салтанаты Еуропадағы ең әйгілі тарихи орындардың бірі – екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды. Қысқы Олимпиада тарихында тұңғыш рет жабылу рәсімі осындай көне архитектуралық нысанда өтті. Бір кездері гладиаторлар шайқасына куә болған арена бұл жолы заманауи технология­мен көмкерілген сахнаға айналып, спорт пен мәдениеттің тоғысқан символына  айналды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанатты шеруде Италия төрінде алтыннан алқа таққан мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты. Оның бұл құрметке ие болуы – ел спорты үшін айрықша  сәт.

Салтанатты кешке 800-ден астам әнші, музыкант пен биші қатысып, Олимпиаданың  рухын айшық­тай түсті.  Ұйымдастырушылар өз сөз­де­рін­де еріктілердің ерен еңбегін, сондай-ақ спортшылардың Олимпиадаға дейінгі  ұзақ  әрі  күрделі дайындық жолын ерекше атап өтті. Көрермендерге ұсынылған музыкалық және театр­ландырылған қойылымдар Италия­ның  бай  мәдени мұрасын  паш  етті.

Дәстүр бойынша рәсімнің шарық­тау шегінде Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы ойындарды қабылдайтын ел Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы  қысқы Олимпиада дәл  осы  мемлекетте  өтпек.

Қазақстан құрамасы Милан-Кортина төріндегі бәсекені бір алтын медальмен аяқтады. Жалпы медаль кестесінде отандық спортшылар 19-орынға тұрақтады. Бейресми жалпы есепте Норвегия құрамасы көш бастаса, екінші орынды АҚШ иеленді. Үздік үштікті Нидерланд спортшы­лары  түйіндеді.

Осылайша, Милан-Кортина Олимпиадасы тарихи аренамен, жаңа есімдермен және ұмытылмас жеңістермен есте қалды. Ал қазақстандық жанкү­йерлер үшін бұл ойындар ең алдымен Михаил Шайдоровтың алтын медалы­мен айрықша маңызға ие болды. Ақ Олимпиаданың алауы сөнгенімен, оның жарқын сәттері спорт тарихында ұзақ  сақталары  сөзсіз.

Бетті  дайындаған

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

«Халықтың» коллажы (Интернеттегі ашық дереккөздерден алынған фотолармен дайындалған)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: