Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев полиция департаментіне қарасты Жедел басқару орталықтарының және цифрлық технологиялар басқармасы жанындағы Жедел әрекет ету орталығының жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысына өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан цифрландыру жобалары жөнінде кең көлемде ақпарат берілді.
Мәліметке сәйкес, Қызылорда қаласындағы Жедел басқару орталығы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталыққа кезең-кезеңімен орнатылған 272 бейнебақылау камерасы қосылып, қала аумағындағы ахуалды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беруде.
Ал аудан орталықтарындағы Жедел басқару орталықтары келіп түсетін ақпараттарды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыру мақсатында 2024 жылы полиция департаментінің 7 аудандық бөлімшесінің кезекші бөлімдерінде құрылған. Бұл бағытта 2 млрд 240 млн теңге қаражат бөлініп, 539 бейнебақылау камерасы мен 49 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, іске қосылды.
Қызылорда қаласының қауіпсіздік инфрақұрылымын одан әрі күшейту үшін қосымша 1400 бейнебақылау камерасын орнату, 20 мекенжайда 80 зияткерлік қиылыс, 58 мекенжайда 96 стационарлық жылдамдық өлшегіш қондырғы және жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе енгізу жоспарланған. Сондай-ақ орталықты қайта жаңғырту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп, тиісті келісімшарт жасалған.
Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларын интеграциялау және толық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар «ЕРАП» жүйесіне қосылып, жұмысын бастап кеткен.
Сонымен қатар облыс бойынша «Көмек-112» және «Көмек-109» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері Бас прокуратураның «Цифрлық қадағалау» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесімен толық интеграцияланған. 2021 жылғы қаңтардан бері 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі тәулік бойы 101, 102, 103 және 112 шұғыл қызметтерінің қоңырауларын қабылдап келеді. 2021–2026 жылдар аралығында «Көмек-112» жүйесіне 1 263 173 қоңырау тіркелген.
Ал коммуналдық мәселелер бойынша өтініштерді қабылдайтын 109 бірыңғай нөмірі 2020 жылдан бері Қызылорда қаласында, 2023 жылдан бастап облыс аумағында жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде автоматтандырылған жүйеге 856 549 қоңырау түскен.
Аймақ басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтіп, жедел басқару және әрекет ету орталықтарының жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!