Өткен жылы Қазақстандық қоғамдық даму институты дайындаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ұлттық баяндамада елдегі қыз алып қашу мен мәжбүрлі неке мәселесінің әлі де өзектілігін көрсетті. Институттың социологиялық зерттеулері бұл құбылыстың жекелеген аймақтарда «мәдени дәстүр» ретінде ақталса да, қоғамда оған деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айғақтайды.
Баяндамада атап өтілгендей, отбасындағы зорлық-зомбылық Қазақстанда жүйелі сипатта сақталып отыр. Көптеген жағдай «үнсіз қалу» тәжірибесіне байланысты ресми статистикаға енбей қалады. Осыған жауап ретінде 2025 жылғы шілдеде қыз алып қашу үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңның күшіне енуі мемлекеттің адам құқықтарын қорғауға бағытталған ұстанымын айқындады.
ҚҚДИ жүргізген сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігі (67,6%) қыз алып қашу тәжірибесін теріс қабылдайтынын көрсеткенін байқадық. Алайда әрбір бесінші респонденттің (20,5%) бейтарап көзқарасы қоғамда жасырын төзімділіктің бар екенін аңғартады. Әйелдер бұл тәжірибені ерлерге қарағанда жиірек айыптайды (73,1% қарсы), ал білім деңгейі жоғарылаған сайын күштеп некеге деген төзбеушілік айқын өседі. Ол туралы сәлден соң кестеде бөлісеміз.
Өңірлік айырмашылықтарға келсек, оңтүстік өңірлерде – Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында – қыз алып қашуды белгілі бір деңгейде «қолдайтын» немесе «дұрысы оң» деп бағалайтындар үлесі салыстырмалы түрде жоғары. Ал Ұлытау, Атырау, Ақтөбе облыстарында бұл тәжірибені оң бағалайтындар 1 пайыздан да аз.
Қызды келісімінсіз алып қашу жағдайында азаматтардың 58 пайызы қыздың оқиға орнынан кетіп, полицияға жүгінуі қажет деп санайды. Тағы 18,4 пайызы некеге қарсы болғанымен, құқық қорғау органдарына хабарлауды жөн көрмейді.
Бұл әсіресе Қызылорда облысында кездеседі, мұнда «кету керек, бірақ полицияға жүгінбеу керек» деген ұстаным басым (45,2%). Мұндай көзқарас бейресми нормалардың, «отбасының ар-намысы» ұғымының және құқық қорғау жүйесіне сенімнің төмендігінің ықпалын көрсетуі мүмкін.
Ең алаңдатарлығы сол, Маңғыстау облысында тіркелген. Бұл өңірде полицияға жүгінуді қолдайтындар ең төмен деңгейде (24%) болса, алып қашқан адаммен некеге тұруды қолдайтындардың үлесі ең жоғары (27,9%). ҚҚДИ талдауы мұны мәжбүрлі неке тәжірибесінің белгілі бір деңгейде қалыпты құбылыс ретінде қабылдануымен байланыстырады.
Солтүстік және шығыс өңірлерде – Ақмола облысында, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Атырау облысында – керісінше, құқық қорғау органдарына жүгінуді қолдау 72 пайыздан асады. Бұл аймақтарда құқықтық сана деңгейінің жоғары және мемлекеттік институттарға сенімнің күштірек екенін білдіруі мүмкін.
Жалпы алғанда, Қазақстандық қоғамдық даму институтының талдауы білім беру, құқықтық ағарту және мемлекеттік қорғау тетіктеріне сенімді арттыру күштеп некелесу мен қыз алып қашу тәжірибесіне төзбеушілікті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Заңнамалық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы бұл трансформация адам құқықтарын қорғаудың маңызды шартына айналып отыр.
Назарыңызға ҚҚДИ-дың зертеуі нәтижесіндегі көрсеткіштерді ұсынамыз.
| Өңірлер | Оған кету керек, бірақ құқық қорғау органдарына хабарлаудың қажеті жоқ | Оған кетіп, құқық қорғау органдарына хабар беруі керек | Ол қалып, алып қашқан адамға тұрмысқа шығуы керек | Жауап беруге қиналамын |
|---|---|---|---|---|
| Абай облысы | 16,8 | 74,7 | 0 | 8,4 |
| Ақмола облысы | 13,3 | 77,3 | 6,3 | 3,1 |
| Ақтөбе облысы | 4,3 | 50 | 8,7 | 37 |
| Алматы облысы | 20,3 | 49,5 | 22,5 | 7,7 |
| Атырау облысы | 15,3 | 72,4 | 10,2 | 2 |
| БҚО | 13 | 66,7 | 13,9 | 6,5 |
| Жамбыл облысы | 21,5 | 48,8 | 14,5 | 15,1 |
| Жетісу облысы | 23,3 | 54,4 | 5,8 | 16,5 |
| Қарағанды облысы | 11,8 | 50 | 12,4 | 25,8 |
| Қостанай облысы | 18,3 | 62 | 9,9 | 9,9 |
| Қызылорда облысы | 45,2 | 31,3 | 8,7 | 14,8 |
| Маңғыстау облысы | 28,8 | 24 | 27,9 | 19,2 |
| Павлодар облысы | 18,4 | 69,6 | 0 | 12 |
| СҚО | 14,1 | 68,5 | 17,4 | 0 |
| Түркістан облысы | 19,2 | 55,4 | 16,3 | 9,1 |
| Ұлытау облысы | 9,1 | 51,5 | 0 | 39,4 |
| ШҚО | 12,1 | 75 | 4 | 8,9 |
| Астана қ. | 20,2 | 65,1 | 12,8 | 1,8 |
| Алматы қ. | 14,6 | 61,2 | 7 | 17,1 |
| Шымкент қ. | 27,9 | 55,8 | 14,5 | 1,8 |
Фото: Ашық дереккөзден алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!