Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырбойылық диқандар егін маусымында суды емін-еркін пайдалана алмауы мүмкін

24.02.2026, 11:45 117

Алдағы вегетациялық кезеңге дайындық аясында Үкімет оңтүстік өңірлер үшін су пайдалану лимиттерін бекітті. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, басты мақсат – егістік алқаптарды сумен тұрақты қамтамасыз етіп, әсіресе су тапшылығы жиі сезілетін өңірлердегі диқандардың маусымдық тәуекелдерін азайту.

Қабылданған шешімге сәйкес, Қызылорда облысына алдағы вегетациялық кезеңге 3,2 текше километр су лимиті белгіленді. Бұл – республика бойынша бекітілген ең ірі көлемдердің бірі. Аймақтағы күріш және өзге де су көп қажет ететін дақылдарды өсіруді ескергенде, мұндай шешім өңір аграрийлері үшін стратегиялық маңызға ие.

Министрлік мәліметінше, бүгінде оңтүстік өңірлердегі негізгі су қоймаларын толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ел аумағындағы су қоймаларында 23,4 млрд текше метр су жиналған.

Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілуде. Биыл республика көлемінде 394 гидротехникалық нысан жөнделіп, 2,2 мың шақырымнан астам канал тазаланады. Инвестиция тарту есебінен Қызылорда облысында да жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы жүйелерді жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса, Көксарай контрреттегіші реконструкцияланып, оңтүстік аймақтардағы 103 канал автоматтандырылмақ.

Министр Нұржан Нұржігітов су жинау көлемі соңғы айларда артқанын атап өтті.

«Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде соңғы екі айда су жинау динамикасы өсіп, қосымша 1,5 млрд текше метр су жиналды. Қазіргі басты міндет – бекітілген лимиттерді қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына кезең-кезеңімен көшу», – деді ведомство басшысы.

Мамандардың айтуынша, Қызылорда облысында су лимитінің алдын ала бекітілуі диқандарға егіс құрылымын нақты жоспарлауға, өнім көлемін тұрақтандыруға және шығын тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қадам өңірдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі ретінде бағаланып отыр.

Коллаж: Жасанды интеллект негізінде жасаған halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: