Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отандық тұқым селекциясын көбейтуге көңіл бөлінуде

24.02.2026, 10:55 60

Коллаж: halyqline.kz

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғырту және өнімділікті арттыру бағытында отандық селекцияны қолдау жұмыстары күшейтілуде. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров соңғы жылдары тұқым шаруашылығында айтарлықтай ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2026 жылы қазақстандық селекцияға жататын 45 жаңа жоғары өнімді тұқым сортын егіске пайдалану ұсынылып отыр. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық артқан.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, отандық селекцияны дамытуға басымдық беріп отырмыз. 2026 жылы қазақстандық селекцияның 45 жаңа жоғары өнімді сортын пайдалану жоспарлануда. Бұл 2021 жылғы деңгейден үш есе көп», – деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты аясында дақылдардың құрылымы қайта қаралып жатыр. Егер бұрын отандық селекциядағы дәнді дақылдардың үлесі 40 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш майлы және жемшөп дақылдарының пайдасына 26 пайызға дейін төмендетілген. Бұл шешім нарықтағы сұранысты ескере отырып қабылданған.

Тұқым сапасын арттыру мақсатында сортты сынау жүйесін жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, шетелдік сорттарды сынақтан өткізу кезінде ақы алу тетігін енгізу ұсынылуда. Ал қазақстандық сорттар бұрынғыдай тегін сынақтан өтеді. Бұл тәсіл бюджетке салмақ салмай, мемлекеттік сынақ учаскелерінің материалдық базасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Министр сондай-ақ тыңайтқыштарды қолдану көлемі де жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты.

«2026 жылға тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тонна болып белгіленді. Қазіргі уақытта өндірушілер мен жеткізушілер келісімшарттар жасап, қоймаларда қор қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Минералдық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі химия өнеркәсібінің дамуына және отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға оң әсер етті», – деді Айдарбек Сапаров.

Үкімет қолға алған бұл шаралар еліміздің тұқыммен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Үкімет отырысында биылғы жылға 700 млрд теңге бөлінгенін жазғанбыз.

Коллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: