Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Министр: Биылғы егін науқанына 700 млрд теңге бағытталды

24.02.2026, 10:35 49

Коллаж: halyqline.kz

Бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саладағы дайындық барысы, егіс алқаптарының құрылымы және шаруаларды қолдау тетіктері туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, алдағы жылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру үшін 700 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражат шаруалардың айналым қаражатын толықтыруға, тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш пен қосалқы бөлшектерді уақтылы сатып алуға мүмкіндік береді.

«Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні шамамен 1 900 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 200 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Бұл жалпы көлемнің шамамен 30 пайызы және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық», – деді Айдарбек Сапаров.

Үкімет 2026 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымын да бекітті. Негізгі мақсат – бидай алқаптарын біртіндеп қысқартып, жоғары рентабельді және экспорттық әлеуеті жоғары дақылдардың үлесін арттыру.

Осыған сәйкес, жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Құрылымдағы өзгерістер аясында азықтық дақылдардың алқабы 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, жүгері 90 мың гектарға, майлы дақылдар 55 мың гектарға, картоп 10,3 мың гектарға ұлғаяды. Ал бидай егістігі 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектар деңгейінде қалыптасады.

Министр егіс науқанын үздіксіз жүргізу үшін шаруаларды ресурстармен қамту мәселесі де басты назарда екенін айтты. Биыл аграрлық секторға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 8 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

«Біздің негізгі міндет – егіс жұмыстарын уақытылы бастап, өнімділікті арттыру. Ол үшін қаржыландыру, жанар-жағармай, техника және тұқым мәселелері кешенді түрде шешілуі тиіс», – деді министр.

Үкімет қабылдаған бұл шаралар агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: