Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

32  жыл  күткен  алтын

19.02.2026, 5:30 121

HALYQLINE.KZ

Мәнерлеп сырғанау – көркемдік пен ептілік ұштасқан, аса төзімділікті, ментальді тұрақтылықты талап ететін спорт түрі. Жасыратыны жоқ, мәнерлеп сырғанауда қазақтың асығы алшысынан түсіп, жаһандық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген кез некен-саяқ. Мәнерлеп сырғанау бойынша тек Денис Тен 2013 жылы Сочиде өткен ақ олимпиадада қоланы қанжығаға байлаған. Әттең, сол жас, көзінде әлі жалыны бар, потенциалы жоғары өреніміздің отын өзіміз өшіріп алдық…

Денистің өзі кеткенімен, ол қалдырған із ешқашан өшпек емес. 6 ақпанда бастау алған Италия ақ олимпиадасында тарихқа енген, тек Қазақстанды емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ақжолтай жаңалық болды. Дәлірек айтқанда, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жекелей сында жер-жаһаннан келген мен деген спортшыларды қапы қалдырып, сенсациялы түрде чемпион атанды. Шынын айтқанда, қысқы олимпиадаға аттанған спортшыларға жазғы олимпиадаға жол тартқандарға қарағанда аздау үміт артамыз. Себебі, қысқы спорт түрлері бізде ешқашан басымдықта болған емес. Шорт-трек болсын, хоккей болсын, қай спорт түрі де. Тек осыдан 32 жыл бұрын Владимир Смирнов шаңғы тебуден тек қысқы спорт түрлері бойынша емес, жалпы олимпиада тарихындағы алғаш алтын еншілеген қазақстандық атанды. Содан бері үш онжылдық өтті, бағымыз 2026 жылы жанып отыр.

Ең алдымен Шайдоровтың жеке биографиясын сөз етейік. Өйткені, шыны керек, Михаилды мәнерлеп сырғанауды сүйіп көретін қазақ аудиториясынан басқа ешкім тани бермейтін. Оның себебін жоғарыда атап өттік. Елімізде қысқы спорт түрлеріне қызығушылық аса жоқ. Михаил 2004 жылы Алматыда дүние есігін ашқан. Олимпиада оның алғашқы титулы емес. Бұған дейін, былтырғы жылы Бостонда өткен Әлем чемпионатында жеңіске жеткен, сол жылы төртқұрлықтың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында қола еншіленді. Қысқасы, Михаилдың бағы 2025 жылдан бастап жана бастады десек, артық айтқанымыз емес.

Михаилдың дәл осы мәнерлеп сырғанауды таңдауының өзі тегін емес екен. 2010 жылдан, небәрі алты жасынан бастап аталған спорт түріне аңсары ауған Михаилды біршама ел чемпионатының жеңімпазы әрі әкесі Станислав Шайдоров жаттықтырған. 2018 жылдан бері Сочиде жаттығып келеді.

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров турнир басталғалы жақсы өнер көрсетті. Жарыс басталар алдында сарапшылар оның техникалық әлеуетін жоғары бағалағанымен, психологиялық тұрақтылығы мен ірі додалардағы тәжірибесінің аздығына шүбә келтірген-тұғын. Әсіресе, Малинин, Гуменник сынды фаворит спортшылардың жанында алтынға үміткер ретінде көрінбеді. Тіпті жүлдеге ілінуіне де күмән келтіруші көп болды.

Қысқа бағдарламада ол төрттік секіріс комбинациясын таза орындап, үштік аксель элементін сәтті қондырды. Бағдарламаның екінші жартысындағы айналымдар мен қадамдар сериясында жоғары өнер көрсетті. Нәтижесінде төрешілер оған 90 ұпайдан жоғары балл беріп, аралық кестеде үздік алтылыққа енді. Бұл Денистің қоласынан кейін болған тарихи оқиға болды деуге толық негіз бар.

Шайдоров осал спортшылармен бәсекелескен жоқ. Кіл мықтылар. Әсіресе, Илья Малинин турнирдің фавориті саналды. АҚШ спортшысы соңғы сайысқа дейін бірінші орынды бермей тұрған еді. Сонымен қатар Жапония өкілі Юма Кагияма және Франциядан Адам Сяо Хим Фа, тусыз өнер көрсеткен ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Гуменник те қатысқан соң, нақты фаворит белгілі болған жоқ.

Бәрін шешетін финалдық бәсеке еді. Еркін бағдарламада кім үздік болса, соған чемпиондық бұйырады. Спортшылардың ұпай арасы өте жақын еді. Шайдоров ең маңызды кезеңде 198,6 ұпай жинап, жалпы 291-58 ұпаймен чемпион атанды. Рас, Малинин Шайдоровтан кейін шығып, үркіп қалдық. Тек «кемі күміс жүлде бар ғой» деген сөзбен жұбаныш қылдық. Бірақ та Малинин көпшілік күткен нәтиже көрсете алмай, бірінші орыннан сегізінші орынға бір-ақ сырғыды. Басты фаворит тіпті үздік үштікке ене алған жоқ. АҚШ туын көтергенімен, ұлты ресейлік азамат Шайдоровты жеңісімен құттықтап, тіпті марапаттау рәсімінде отандасымызға демеу көрсетіп, көптің сүйіспеншілігіне бөленді.

Михаилдың «перфомансына» сарапшылар жақсы баға берді. Десе де, басқа спортшылардың сәтсіз нәтижесін де жоққа шығармады. Бірақ бұл Шайдоров өзгелердің сәтсіздігінің арқасында жеңімпаз атанды дегенді білдірмейді. Америкалық The New York Times басылымы Шайдоровтың жеңісін ешкім күтпеген плот-твистке балады. Олар оның еркін бағдарламада техникалық күрделі элементтерді, комбинациялар мен төрттік секірулерді сенімді орындағанын атап көрсетті.

Әлемдегі белді басылым отандасымызға арнап мақала жариялаған соң, оны ары қарай талдаудың да негізі жоқ шығар. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Сметовтың алтын алғанынан кем қуанған жоқ. Тек көршілес халық арасында Шайдоровтың жеңісін өздеріне жазып алып жатқандар бар. Оларға Михаилдың өзі көк туымызбен түскен суретін жариялап, сондай-ақ қазақ тілінде пікірлер жазып, көркем жауап берді. Негізі біз қандай да бір спорт түріне басымдық беруіміз үшін нәтиже күтеміз ғой. Енді осы «Алтын баланың» алтынынан кейін мәнерлеп сырғанау жағына назар салып, инфрақұрылымды реттейміз деген сенім бар. Қазақстандық спортшының өз елімізде жаттыққаны өзіміз үшін де абырой емес пе?

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ss.sport-express.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: